Аймақтар • 04 Сәуір, 2019

Қарағанды облысында тауары тегін дүкен ашылды

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік дүкен ашылды. Мұқтаж жандарды тегін тауарлармен қамтамасыз ететін бұл игі жобаның іске асуы аудан әкімінің бастамасы және «Ақтілеу» қайырымдылық қорының қолдауы арқасында мүмкін болды.

Қарағанды облысында тауары тегін дүкен ашылды

Қазіргі таңда аудан орталығында аталған санатқа жататын 30 отбасы бар. Әрбір мұқтаж отбасы бұл дүкеннен 40 килоға дейін азық-түлік түрлерін ала алады. Олар айына бір рет дүкенге келіп, өздеріне қажетті заттарды алуға құқылы. Сондай-ақ, аталған отбасылар әлеуметтік дүкенге барып, бірінші кезектегі қажетті тауарларды алуға өтінім де қалдыра алады.

Негізі, әлеуметтік дүкен аудандық жұмыспен қамту бөлімі бекіткен тізімге сәйкес тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Тізім әр сайын жаңартылып, толықтырылып отырады.

Әлеуметтік дүкенге тауарлар демеушілер арқылы түседі. Мысалы, «Шерубай-Су» ЖШС картоппен қамтамасыз етсе, «Ақтілеу» қайырымдылық қоры мен басқа да жанашыр азаматтар өз қаражаттарына сатып алған азық-түлік өнімдері мен киім-кешек ұсынады. Бүгінгі күнде дүкенде 5 айға жететіндей қор бар. Айта кету керек, әлеуметтік дүкенге арналған орынды  кәсіпкер Рахметқали Мусаханов «БАҚ» сауда орталығы ішінен тегін ұсынған.

– Дүкенде балалардың аяқ киімі мен киімі, сондай-ақ азық-түлік бар. Мысалы өзім 4 жасар қызым үшін күртеше мен аяқ киімді тегін алдым. Біз кентімізде осындай дүкеннің ашылғанына өте қуаныштымыз, – дейді көп балалы ананың бірі Индира Берікбосынова. 

Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің айтуынша, алдағы уақытта мұндай тегін дүкендер Ақадыр, Ақжал, Мойынты ауылдарында және С. Сейфуллин атындағы кентте пайда болмақшы. 


Қарағанды облысы