Үкімет • 05 Сәуір, 2019

Жұмыс орындарын құру – басты назарда

739 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әб­ді­қалықова бастаған, құрамына Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Денсаулық сақ­тау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым ми­нистрі К.Шәмшидинова, Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төра­ғасы М.Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф.Қуан­ғанов енген Үкіметтің жұмыс тобы Қостанай өңіріне келді.

Жұмыс орындарын құру – басты назарда

Жұмыс тобы әуелі аз жылда қала ішіндегі шағын қалашыққа айналған «Әуежай» тұрғын ауданындағы жаңа үйден баспаналы болған көпбалалы ана Жанат Шәкірованың пәтеріне ат басын бұрды. Үлкені 22-де, кішісі 2 жастан енді асқан 8 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Жанатқа жақында «БК-Строй» құрылыс компаниясы 3 бөлмелі пәтер сыйлаған болатын.

– Бүгінге дейін айына 90 мың теңгеге пәтер жалдап тұрдық. Енді өз баспанамыз бар. Мұндай қамқорлық үшін Елбасымыздың саясатына, Nur Otan партиясына көп рахмет. Жаңа пәтерді сыйлаған Игорь Романович Кимге айтар алғысым шексіз. Тағы да қуанышымыз бар. Бұрын алты балаға 106 мың теңге жәрдемақы алатын едім, енді 1 сәуірден бастап 165 мың теңге алмақпын. Осылайша нағыз бақытты отбасына айналдым, – деді Жанат.

Гүлшара Наушақызы сапар бары­сында облыс орталығына іргелес Қос­танай ауданындағы Мичурин ауылын­да тұратын көп балалы Ким және За­тобол кентіндегі көп балалы Медве­дев­тер отбасыларына да барып, олар­дың тұрмысымен танысты. Облыс бас­шы­лығына аталған отбасылардың үйінің шатырын, терезесін ауыстыру, жұмыс табуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Көп балалы отбасылардың тұр­мысы Үкіметтік жұмыс тобының сапар мақсатын анықтағандай еді. Олар тұр­ғындарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды, түсіндірді. Қостанай ауданындағы Халыққа қызмет көрсету және Халықты жұмыспен қамту орталықтарында болғаннан кейін тұрғындармен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мәселелеріне кеңінен тоқталды, сапар мақсаты да әлеуметтік қолдау іс-шараларын халыққа түсіндіру екенін айтты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекші партияның ХVІІІ съезінде алға қойған «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы елімізде бастау алды. Осыған байланысты республикалық бюджеттегі өзгерістер мен толық­тыруларды Сенатта қарадық, барлығы қолдау тапты. Алдағы үш жылда әлеуметтік қосымша бағдарламаларға 2,3 триллион теңге қаржы жұмсалады. Биыл басталған «Әлеуметтік қам­қорлық» бағдарламасына бюджеттен 444 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен Елбасы тапсырмаларын қамтитын бағдарлама сәуір айынан бастап жүзеге аса бастайды, – деді Гүлшара Науша­қызы. Премьер-Министрдің орын­басары бұл бағдарламалар аясын­дағы жұмыс Елбасы тапсырмасына сәй­кес тұрғындардың өмір сапасын жақ­сарту, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобының тұрмысын көтеру және мем­лекеттік қызметшілер мен бюджет қыз­мет­керлерінің ең төменгі жалақысын кө­бейту секілді бірнеше бағытта жүретінін де жеткізді.

Бұл бағытта Қостанай облысында игі жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде төрт және одан да көп бала асырап отырған, әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін 5086 отбасы бар екенін айтты. Олардың арасында 4002 көп балалы, тұрмысы төмен 1073 отбасы бар. Бизнес-әріптестердің, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен оларды баспанамен қамтамасыз ету, апатты үйлерді жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында өңірде тұрмысы төмен 2 мыңнан аса отбасына материалдық жағынан түрлі көмек көрсетілді. Кәсіпкерлер 22 көп балалы отбасына баспана алып берді, 14 отбасының үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл 400-ден астам отбасы қыста отынмен қамтамасыз етілді. 1061 отбасына азық-түліктей, 31 отбасының малының жем-шөбіне, 21 отбасының қарызы қордаланып қалған коммуналдық төлемдеріне көмек берілді. Сонымен қатар облыс бюджетінен 755 миллион теңге бөлініп, өңірдегі Рудный, Жітіқара, Арқалық, Лисаков және Қостанай қалаларындағы көп балалы аналарға уақытша жұмыс істеуге жағдай жасалады. Олар күніне 4-5 сағат жұмыс істейді де, айына 60 мың теңгеден аса айлық алады. Бұл бір жағынан көп балалы аналарды әлеуметтік көмекпен және жұмыспен қамту болса, екіншіден қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау жұмыстары қатар жүреді.

– Біз таяу күндері облыстағы ірі өндіріс орындары, шаруашылық басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың әрқайсысына екі отбасынан тапсыратын боламыз. Олар ұсақ-түйек болса да жұмыс тауып беру арқылы аталған санаттағы адамдарды әлеуметтік қамқорлығына алады, – деді Архимед Бегежанұлы.

Халқымызда «Балық берме, қолына қармақ бер» деген сөз бар. Үкімет делегациясының аудан, қала әкімдерін, басқармалар, ұйымдар басшыларының басын қосып өткізген кеңесінде Нә­ти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі де қаралды.

Облыста бұл орайда біраз іс ат­қарылды. 2017 жылдан бастап 13 миллиард теңге қаржы игеріліп, 60 мың адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 1039 адам 3,8 миллиард теңге шағын несие алып, 1 мыңнан аса жұмыс орнын ашқан. Шағын несиенің басым көпшілігі ауыл тұрғындарына берілді. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерліктің әліппесін оқуға 2311 адам партаға отырды. Олардың 676-сы шағын несиелер мен гранттар ұтып алып, жеке ісін ашты. «Бастау Бизнестен» оқып, кәсібін бастаған бірнеше жас­ ауылдар мен қалалардан келіп, кеңеске қатысты. Олар өздерінің жеткен жетістіктерін ортаға салып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік қамқорлығына ризашылығын білдірді.

Жалпы, ауданда жұмыспен қамту шараларымен 100 мыңнан астам адам қамтылды, 1135 адамға және 185 оралман отбасына еңбек күші көп өңірлерден ерікті түрде көшіп келуге көмек көрсетілді.

Кеңесте Гүлшара Әбдіқалықова еліміз Тәуелсіздігінің, әсіресе соңғы он жылда халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға зор көңіл бөлініп, қыруар жұмыс атқарылғанын, оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жетекші партияның ХVІІІ съезінде дамыта және нақтылай түскенін айтты. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын, өмір сапасын көтерудің, осы ретте «Еңбек» бағдарламасының маңызы зор екеніне тоқталды.

Үкімет делегациясының Қостанай облысындағы сапары бүгін жалғасады. Онда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен кәсіподақ ұйымдарының жұмысына назар аударылатын болады.

 

ҚОСТАНАЙ