Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ең ірі американдық компаниялар «Tyson Foods, Inc.» - тамақ өнеркәсібінде жұмыс істейтін трансұлтық корпорациясымен, «Valmont Industries, Inc.» - механикалық суару машиналарын жасаушы және дистрибьюторы, «AGCO» - ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшы және агрономия және ветеринария саласындағы аграрлық ғылымды, білім беруді және зерттеуді дамытуға маманданған «AgroParisTech», «Agreenium» француздық компания басшыларымен кездесті.
Елбасының алдағы 10 жылда суармалы жер учаскелерін 2 млн. гектарға дейін кеңейту туралы тапсырмасын орындау бойынша Министрліктің жоспары «Valmont» компаниясын қызықтырды. Инвесторлар Қазақстанда жылына мыңға жуық бүріккіш машина шығаратын зауыт салуға дайын. Жоба екі жыл аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Valmont» Ақмола облысында демонстрациялық ферма салуға ниетті, онда ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы американдық технология жетістіктері енгізілетін болады. Ол ауыл шаруашылығы бойынша серіктестер мен қазақстандық студенттер үшін маңызды оқу орталығына айналады.
Француздық «AgroParisTech», «Agreenium» серіктестерімен топырақтану, өсімдіктерді қорғау және мал шаруашылығы үш бағыты бойынша магистратураның жаңа білім беру бағдарламалары, сондай-ақ алдағы бес жылда екі дипломдық магистрлік бағдарламаларын жүзеге асыру туралы ұзақ мерзімді келісім жасасуды талқылады. Бұл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандар даярлау деңгейін арттыруға, халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.