05 Сәуір, 2019

«Астана Операда» «Париждік богема» операсының тұсауы кесіледі

648 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Джакомо Пуччинидің атақты «Богема» операсы 19 және 20 сәуірде «Астана Операның» Үлкен залында сахналанады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Астана Операда» «Париждік богема» операсының тұсауы кесіледі

Премьера Жастар жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қойылады. Операның сюжетін композитор танымал француз жазушысы Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» шығармасынан алған. Ал оның музыкасын Дж.Пуччини сегіз айдың ішінде жазыпты.

 Опера алғашқы премьерасы 1896 жылдың 1 ақпанында Туринде 28 жасар Артуро Тосканинидің дирижерлік етуімен өтті. Кейін «Богема» барша әлем сахналарын жаулап алады. 

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша көрермен назарына операның жаңа сахналық редакциясы ұсынылады. Соңғы озық әрі заманауи театрлық технологиялардың арқасында операны сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімдеп, қойылым тобының ең батыл шешімдері жүзеге асырылмақ. 

«Мен «Богема» спектаклін алғаш рет қоймақпақпын. Бұл – Дж.Пуччинидің туындыларын сахналаудағы тырнақалды жұмысым. Оны өзімнің жеке түсінігім арқылы іске асыруға тырысатын боламын. Музыканы тыңдап, либреттоны оқыған кезде ойыма әр түрлі идеялар келеді. Мен әрдайым кейіпкерлердің мінез-құлқын сахнада жақсырақ көрсету үшін олардың психологиясын түсінуге тырысамын. Көрермендерді қызықтыра алатын поэтикалық бейнелер мен оқиғалар жасауға тырысып бағамын. Мен үшін көрермен қауымға жаңа нәрсені баяндап, олардың театр қабырғасынан шабытпен, өмірге деген сүйіспеншілікпен шығуына мүмкіндік беру маңызды»,  – деп бөлісті қоюшы режиссер Андреа Бернард. 

Премьера «Астана Опера» жетекші солистерінің, елордалық театрдың Симфониялық оркестрі және хорының қатысуымен өтеді.  

Басталуы сағат 18:00-де.