Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Түрікменстанның төрағалығымен Мәскеуде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Іс-шара барысында сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Достастық аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Негізгі назар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге аударылды.
Делегация басшылары 2018 жылы ТМД шеңберінде көп деңгейлі СІМ-аралық консультациялар жоспарын іске асыру қорытындылары туралы есепті тыңдап, 2019 жылға арналған жаңа Жоспарды бекітті. Бұл құжатқа сәйкес, сыртқы саяси жоспарлауға, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылға, қарусыздану тақырыбына, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, ақпараттық саладағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ БҰҰ, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және Еуропа Одағы сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа қатысты консультациялар өткізу жоспарланған.
Отырыс барысында Б. Атамқұлов «Қазақстан ТМД-ның сенімді және белсенді қатысушысы бола отырып, Достастыққа қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты барлық салаларда дамытуды жалғастыруға бағытталғанын» атап өтті.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы жүргізілген бірлескен жұмыстың арқасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД-ның қазіргі заманғы жағдайларға бейімделуі туралы бастамасы табысты іске асырылғанын атап өтті. Нәтижесінде соңғы уақытта қатысушы мемлекеттердің ұйым қызметіне мүдделілігінің айтарлықтай өсуі байқалады.
Сонымен қатар, Достастыққа қатысушы мемлекеттер басшыларының нұсқауларына сәйкес ТМД елдерінің экономикалық саладағы өзара іс-қимылын жандандыру қажеттілігі атап өтілді.
Қазақстан СІМ басшысы сондай-ақ Тәжікстан Республикасының 2018 жылы Достастықтағы төрағалығының қорытындысына жоғары баға беріп, оның өте мазмұнды және жемісті болғанын атап өтті. Оған қоса, Қазақстан тарапы Түрікменстанды ұйымға төрағалықтың қабылдануымен құттықтап, түркмен тарапы ұсынған төрағалық тұжырымдамасын табысты іске асыруға жан-жақты жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді.
Отырыс барысында делегация басшылары қабылдау бастамасы түркімен тарапына тиесілі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының жобасын қарап, іргелі зерттеулер саласындағы мемлекетаралық қатынастарды үйлестіру туралы, мұражай ісі саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ ТМД жоғары органдарының - Мемлекет басшылары кеңесінің және Үкімет басшылары кеңесінің алдағы отырыстарына енгізілетін бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың орындалуын беру туралы халықаралық шарттардың жобаларын мақұлдады.
Сыртқы істер министрлері 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының әскери жерлеу орындары мен әскери ескерткіштеріне тиісті күтім жасау және сақтау қажеттілігі туралы Үндеу қабылдады, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс басталуының 80 жылдығына байланысты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының мәлімдемесінің жобасын мақұлдады.
ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы Ашхабадта 2019 жылы 10 қазанда өтеді.