Үшінші орын үшін болған бәсекеде Жанарбек Әшімжан бастаған Алматының жігіттері «Хабар» агенттігінің осал тұсын тапты.
Финалда «Сығанақ» пен «Taraz-Press» кездесті. Бұл матчта негізгі уақыт тең аяқталды. Ойын соңындағы пенальтиде бағы басым түскен «Сығанақ» командасы «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирінің чемпионы атанды.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерді Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев марапаттады. Оза шапқан «Сығанақ» (Қызылорда облысы) командасы кубокпен, медальдармен және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орынды жеңіп алған «Taraz-Press» – 300 мың, ал, қола жүлдегер атанған Алматы құрамасы 150 мың теңгеге ие болды.
Турнирдің «Үздік ойыншысы» сыйлығымен белгілі спорт журналисі, Алматы қаласының өкілі Жандос Айтбайұлы марапатталса, «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман үздік шабуылшысы деп танылды. Жастармен тең дәрежеде ойнап, шеберлігін паш еткен Шоқан Маханов (Алматы) үздік қақпашы атанса, турнирдің «Үздік қорғаушысы» сыйлығымен Алматы облысынан келген Рүстем Қанапиянов марапатталды.
«Жаңарған Түркістан» додасында ең ардагер ойыншы атанған «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинге (БҚО) Октябрь Жарылғапов атындағы сыйлық тапсырылды. Ал әділ әрі таза ойнағаны үшін Әбдісалан Нұрмаханов атындағы сыйлыққа «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай (СҚО) лайық деп танылды. Көрермен көзайымына айнала білген «Қазақ спорты» газетінің журналисі Бек Төлеуге Бекзат Саттарханов атындағы жүлде тапсырылды.
Жалпы 130-дай адам қатысқан «Жаңарған Түркістан» республикалық турниріне қатысушылар қонақжай Түркістан жұртшылығына ризашылықтарын білдіріп, қасиетті шаһардан көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.