Кино • 08 Сәуір, 2019

Билік – ең ұлы иллюзия

1225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тырмысатындар көп, ықпалы жоқ. Фархад Шариптің «Тренинг личностного роста» фильмі идеясының басты мотиві осында. Заманауи тақырып. «Жетістікке жетудің кілті неде?» деген сұрақ өзекті. Осы мақсатта тренингілер өткізу бүгінгі қоғамда басты трендте.

Билік – ең ұлы иллюзия

Жетістікке кез келген тұл­ға жетпейді. Мәселе сонда. Жі­геріңді шыңдаудың тәсілі көп болғанымен, оның барлығы шынайы өмірдегі жүйеде іске аса бермейді. Өтімсіз. Ықпалы жоқ. Бос иллюзия.

Бәрі ықпалдылықтың ең жо­ғары нүктесін алғысы келеді. Әркім өз мүмкіндігін сынап көреді. Тіршілікке бейімділік үлкен тәжірибені талап етеді. Өзің жеке өміріңде тоқырап жүріп, өзгелерге үлгі болу мүм­кін емес. Оған құрғақ теориялар да көмектеспейді. Билікке кез­дейсоқ адамдар да келмейді.

Басқаларға ықпалыңды жүр­гізу оңай емес. Басқарудың ең бас­ты нүктесі – өз сезімің мен ақыл парасатыңды бас­ты мақ­са­тыңа қазықтай білу. Қабі­лет-қарымыңның масштабы осы жолда айқындалады.

Жасық болсаң, оны жүз тре­нинг те шыңдай алмай­ды. Қадамың батыл болса, жо­лыңдағы жүз кедергі де сені тоқ­тата алмайды. Бас­ты құпия да осында. Осыны фильм өз тілін­де жатық түсіндіреді. 

Қоғамдағы сайқымазақ ойын­дар. Фильмде оның таби­ғаты мен тілі анайы. Басқаша ашып, жеткізу мүмкін емес. Себебі оның болмысы тұнған   аз­ғын­дау. Бұл осы дәуірдің бас­ынан өткеріп жатқан үдерісі. Ақиқ­аты. Таңдауы.

Ата-анасы білім жолында оқуда деп үміт күткен қызда­рының бейнесі. Әлеуметтің бел­гілі бір ортасы мен дәре­жесіндегі жауапкершілігін көтеріп жүр деп сенген ер-азаматтардың іс-әре­кетінің көрінісі. Бұл тақы­рып уақытында зерттелуі – тиісті қажеттілік. 

Бұл фильм – бүгінгі қо­ғам­ өресінің айнасы. Режис­сер­дің осы тақырып төңіре­гін­дегі ізденісі. Өзіндік тілі. Дүние­та­ны­мының ащы үні.

Тренингінің басты мақсаты – адам санасын жаулау. Ықпал­дылыққа үйрету. Жігерін шың­дау. Белгілі бір мақсат жо­лын­дағы ағартушылық өнер. Қаржы көзі. Барлық жолы ай­қындалған өмірдің заңдарын қай­та бір сарап­тау. Заманға бейім­деу. На­си­хаттау.

Фильмдегі басты кейіпкер Қанатқа курстасы Данияр нағыз өз ортасының ақиқатына жанасатын сабақ береді. Дарвиннің ілімімен айтқанда, өз ортаңның тіршілік тәртібіне қарай іс-әре­кетіңді де бейімдеу. Әркім өз ісіне жауапты. Әркім өз кү­нә­сін өзі көтереді. Әлсіздер өз таң­­­дауымен, өзіне тым сенім­ді­лер өз жолымен жүреді. Бұл – фильм­­нің басты пәлсапасы. 

Шешім жасайтын ой мынада. Барлығы билікке жетсем дейді. Ықпалдылық. Дәреже. Мансап. Ақша. Еркіндік. Барлығының көздегені осында. Сол деңгейді алсам, барлығы өзгереді деп күтеді. Қиялындағы ақиқатына сенеді. Бірақ биліктің барлық күші сонда ма?!

Биліктегі көп шенділердің жинақталған бейнесі фильмде режиссердің қабылдауында бүгінгі ақиқатпен жанасатындай деңгейде ашылған. Бірақ басты кілт бұл емес. Жоғарғы билік – көпшіліктің пайымында мінсіз үлгілерге негізделеді. Барлығы өзіне үлгі іздейді. Үлгіні мінсіз дейді. Бірақ бұл фильм өмірде барлық қалыптасқан пайымдар мен қағидалардың бүгінгі қателігін ашып көрсетеді. Бәрі біз ойлағандай емес. 

Гүлзат КӨБЕК,


кинотанушы,


өнертану PhD докторы