Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Өнерлі студенттер Өскеменде бас қосты

1291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Жастар жылы аясында «Ұлы өнер – ұлт жаңғыруы» тақырыбымен студенттік театрлар фестивалі өтті. Екі күнге созылған өнер мерекесіне еліміздің 8 қаласындағы 10 жоғары оқу орнынан 12 студенттік театр қатысты.

Өнерлі студенттер Өскеменде бас қосты

Фестиваль қорытындысында «Сәкен» пьесасын сахналаған Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен» театры бас жүлдеге (200 мың теңге) лайық деп танылды. Бірінші орынды Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек» (жетекшісі – Ғалия Темірбаева, «Жан дауа» спектаклі) театры иеленді. Екі 2 орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» (жетекшісі – Жансерік Садықов, «Бір түп алма ағашы» спектаклі), Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Жансарай» (жетекшісі – Майра Әлімбекова, И.Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» спектаклі), үш 3 орынды Алматыдағы Тұран университетінің «TeArt Turan» (жетекшісі – Жәмилә Қайыпберді, «Қай заман» қойылымы), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «ТИГУ Жастар театры» (жетекшісі – Әбиірбек Тінәлі, «Темір қатын»), Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Қарагөз» (жетекшісі – Айман Ақтанова, «Кеудеңде  соққан жүрегім») театрлары өзара бөлісті. Сонымен қатар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Шабыт» театрының актері Жүрсін Жұмабаев «Үздік ер адам рөлі», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Zhas Star» театрының актері Баян Сайлаубек «Үздік әйел рөлі», осы театрдың тағы бір өнерпазы Нұрәлі Оңалбек «Эпизодтағы үздік ер адам рөлі» және «Шабыт» театрының актері Гүлбибі Сейдалиева «Эпизодтағы үздік әйел адам рөлі» аталымдарымен марапатталды.

Жүлде алып, жүздері бал-бұл жанған өнерлі студенттерді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құттықтады. «Жастар жылы аясында талантты жастарды қолдау, қанаттандыру әрі әр өңірдің студенттерінің достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында осы шараны ұйымдастырдық. Сіздердің тек білім-ғылыммен шектелмей, мәдениетті көтеруге үлес қосып жатқандарыңыз қуантады. Сабақпен бірге өнерді қоса алып жүргендеріңізге алғыс білдіреміз. ШҚМУ – Шығыстағы 65 жылдық тарихы бар іргелі университет. Біз өнерлі, талантты, талапты жастарды әркез қолдауға дайынбыз», - деді Мұхтар Әділбекұлы. 

Студенттердің өнеріне баға берген қазылар алқасының төрағасы, Өскемендегі облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев фестивальдің өту деңгейіне қатысты өз пікірін білдірді. «Театрдың студенттерінің таңдаған тақырыбы, актерлік шеберліктері, режиссерлік шешімдері жоғары деңгейде болғандықтан бас жүлдені бірауыздан «Сәкен» қойылымына бердік. «Қай заман» қойылымы креативті көрінгенімен, уақыты тым қысқа әрі аяқ жағы түсініксіз болғандықтан жүлдеге іліге алмады. Әйтпесе сүбелі орындардың біріне лайық қойылым еді. Талдықорғандық студенттер қойған «Жан дауа» қойылымында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - нашақорлық тақырыбы қаузалыпты. «Шатыр астындағы мен» қойылымы да қазіргі кезеңнің түйткілді мәселелерін көтерумен ерекшеленді. Өскемендік «Шабыт» театры да фестивальге айрықша дайындықпен келіпті. «Махаббат мұңы» қойылымының режиссерлік шешімі өзгеше болды. Сахнадағы қолшатырдың ойнап кетуі, орындықтардың бірнеше реңкке енуі, бөлмеге, кеңсеге, есіктің босағасына айналуы, адамның жан дүниесін шатырларды айналдыру арқылы беруі өте әсерлі шықты. Актерлік ансамбль бар. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби театрлармен терезесі тең болмаса да олармен таласқа түсетіндей қарым-қабілетке ие, өзіндік бет-бейнесі бар өнер шаңырақтарының қалыптасып келе жатқанын көрдік. Соған қуандық. Әрине, қиын тақырыпты алып, оны игере алмаған театрлар да болды. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, ешқандай айтар ойы жоқ, жауапкершілік жүгін толық сезінбеген театрларды да көрдік. Кемшіліктерін жетекшілеріне ескерттік», - дейді С.Әкелеев.