Осы уақытқа дейін көптеген сарапшылар бізде сайлау күзде өткізіледі деп жүрген еді. Ал Президент оның мерзімін алысқа ұзатпай, жақын арада өткізуді дұрыс деп санап отыр. Мен бұл шешім саяси жағынан ұтымды қадам деп санаймын. Өйткені қазіргі Президентіміз әлемде Елбасы Н.Назарбаевтың сайланған мерзімін аяғына дейін жеткізуші, уақытша тұлға ғана болып қабылданып, оған терең сенім болмайды. Ал біз дүние жүзінің көптеген елдерімен екіжақты шарттарға отырамыз. Елімізге инвестиция тарту мәселесінде де Президент келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ ішкі мәселелерде де тікелей Президенттің шешімін күтетін маңызды мәселелер көп. Осының бәрін шешуде уақытша тұлғаға деген сенім берік болмайды. Сондықтан ол халық мандатын толық алуы керек. Ол үшін әрине, жалпыхалықтық сайлауда көпшілік дауыспен жеңіп шыққаны дұрыс. Сайлауда жеңген Президенттің өкілдігі толыққанды болады және оған деген сенім еселеп артады.
Президент өзінің сөзінде «сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деп қадап айтты. Бұл қазақстандық барша сайлаушылардың өздері дауыс берген үміткердің сайлануына деген сенімін оятады. Ал үміткерлер бізде барлық тіркелген саяси партиялардан ұсынылатыны белгілі. Сондықтан халқымыз сайлауға белсене қатысып, өздерінің қалаған адамына дауыс беруге асығулары керек.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты