Президент • 10 Сәуір, 2019

«Ауыл» партиясының мәлімдемесі

803 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясы Саяси кеңе­сінің төралқасы төмендегідей мәлім­деме жариялады.

«Ауыл» партиясының мәлімдемесі

Онда былай делінген: 

– 2019 жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы өте­тінін жария­лады. Бұған дейін елімізде Конституциялық заңға сәйкес билік тран­зиті жүзеге асты. Елбасы – Тұңғыш Прези­дентіміз Н. Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, шекарасын бекітіп, әлемдік аренадағы беделін биіктетті. Қазақстанның болашағын айқындайтын іргелі стратегиялық бағдарламалардың бас­тамашысы болды. Кезі келгенде салиқалы саясаткерге тән шешіммен ел тізгінін белгілі қоғам қайраткері Қ.Тоқаевқа ұстатты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты шын мәнінде ел ішінде ғана емес, халықаралық сая­сат сахнасында да беделі бекем, білікті азамат, ел мүддесіне адал, парасатты да әділетті саяси қайраткер деп бағалаймыз. Бүгін Президенттің кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдауын да мемлекетшілдік мұраттан туындаған қадам деп қабылдаймыз. Билік транзитіне байланыс­ты ел арасында екіұдай пікір қалыптаспауы үшін тек Конституция талаптарына жүгініп, халықтық сайлау жариялау – бүгінгі Қазақстан қоға­мы үшін оң шешім әрі ел билігінің әлем­дік қоғамдастық алдындағы міндеттері тұрғы­сынан да мүлт кетпегенін көрсететін маңыз­ды қадам.

Бұл тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін аса маңызды саяси шешім. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша ел президенті демократиялық принциптер негізінде сайланады. Еліміздің әрбір азаматының дауыс беруі арқылы өзінің үміткерін таңдауына толықтай құқы бар. Сайлау туралы конституциялық заң күшінде. Яғни кезектен тыс президенттік сайлау өткізу үшін заң шеңберіндегі тетіктер толықтай қарастырылған және ел Президентінің мұндай маңызды шешім қабылдауына заң тұрғысынан қандай да бір қайшылық жоқ.

Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап демократиялық бағытты таңдап, бірлік пен ынтымағы жарасқан, саяси дәстүрі орныққан қоғам орнаттық. Әлемдік қоғамдастықта Қазақстанды дамудың даңғыл жолына түскен, ынтымақшыл, мәмілегер мемлекет ретінде таниды. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан осы тұрақты қоғамды бүгінгідей өтпелі кезеңде қандай да бір саяси қайшылықтар мен қателіктерге ұрындырмай, халықтың сайлау құқы арқылы таңдау жаса­уына мүмкіндік беру ең әділ әрі дұрыс шешім деп қабылдаймыз.

Қазақстан Республикасының әрбір азаматын еліміз үшін осынау сындарлы сәтте азаматтық белсенділіктерін танытуға, барша өкіметтік және қоғамдық институттарды кезектен тыс президенттік сайлаудың мейлінше әділ әрі ашық өтуіне атсалысуға шақырамыз.