Саясат • 10 Сәуір, 2019

Жырғалып жүретін жағдай жоқ

1047 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз кеше ғана Қатар мемлекетінің астанасы Дохадан оралдық. Парламентаралық Одақтың 140-сессиясына қатысып қайттық.

Жырғалып жүретін  жағдай жоқ

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірнеше елдер парламенттерінің спикерлерімен өткізген кездесулерде кейінгі кезде Қазақстанда болған өзгерістер туралы әңгімелегенде олардың бәрі де біздегі конституциялық талаптың сақталуы, биліктің құқықты мемлекетке тән, өр­ке­ниетті сипатта ауысуы жайын­да разылықпен айтқанына, Елбасының ішкі және сыртқы саясатының сабақтастығы сақталатынына көңілдері толатынына қуандық. Мұның өзі елдегі саяси мәдениеттің биік деңгейін танытатынына, дүйім дүниеге мемлекетіміздің жақсы атын шығаратынына тағы да көз жеткізе түстік. Елге оралысымен елдіктің кезекті келісті көрінісіне куә болдық. Тәубе дедік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі шешімі – ел күткен шешім. Демін ішіне алып күтіп отырған халықтың көңілін күпті ете бермеу, жан-жақтан жанар қадаған сырт көзді сабасына түсіру керек еді. Оның жалғыз жолы, сенімді жолы – Президент сайлауын кезектен тыс өткізу екенін жұрттың бәрі де біліп отырған еді. Бар мәселе сайлаудың қай кезге белгіленетініне ғана байланысты болатын. Ол жағдай да айқындалды. Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтетіні ресми жария етілді. Оны Мемлекет басшысы өз бетінше, жеке-дара шешкен жоқ. Елбасымен ақыл­дасты. Парламент палата­ларының басшылығымен, Консти­туциялық Кеңеспен, сая­си партиялар жетекшілерімен кеңес­ті. Сөйтіп барып ел тағды­рына қатысты шешім жөнін­де бір тоқтамға келді. Қазақ­стан азаматтарына арнаған Үндеуінде ел Президентін сай­лауды неліктен кезектен тыс өткізу керектігін негіздеді. Айт­қанының бәрі де көкейге қонымды. Қоғамдық-саяси келі­сімді қамтамасыз ету, алға қарай сенімді жылжу, әлеу­меттік-экономикалық даму мін­дет­терін шешу үшін бізге анық­тық, айқындық, ашықтық керек. Оның үстіне әлемдегі ахуал да бұлтаң-бұлтаң етіп, халықаралық саясаттың ауа райы бұлыңғыр болып тұрғаны тағы бар. Ал бұл ел қауіпсіздігіне тікелей қатысты жайт. Осындайда билік транзитінің уақытын созып алмау – өте маңызды. Мәселенің басын тез ашып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін бірден бастап кету керек. Халықтың таң­дауымен, елдің тікелей еркі­мен сайланған басшының өзі де, сөзі де салмақтырақ болатынын айтып жату артық. Жырғалып жүретін жағдай жоқ. Ұлы Дала елінің ұлы межеге ұмтылған ұлан-ғайыр көші кідірмеуі керек.


Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты