Бұл шешім - бүгінгі таңда маңызды әрі қажетті. Біз өзгерісі қым-қуыт әрі жылдам әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ретте кез келген мемлекеттің саяси жүйенің эволюциясы - заңды процесс. Транзиттік кезең тұрақтылық пен қоғамдық келісім кезеңіне жалғасады деп үміттенемін.
«Алдағы уақытта қалай дамимыз» деген сауалдар толғандыра бастады. Сондықтан халықтың белсенділігін көріп отырмыз. Президенттің қазақтың арасынан сайдың тасындай болып іріктеліп шыққан азаматтарын Ақордаға шақыруы көптің көңілінен шықты. Көңілге сенім ұялатты. Оның үстіне, билікті тапсыруда транзиттік рөлді атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа етене жақын екенін көрсетті. Енді жаңа президентімізді таңдап алсақ, Қазақстан қалыпты даму процесінен айнымайды деп ойлаймын.
Сенат төрағасы бола жүріп Твиттердегі парақшасында, шетелдік және отандық медиаға берген сұxбаттарында үнемі батыл пікір айтты. Әділетке жақ болып, әлеуметтің пікіріне ден қоятынын байқадық. Алдағы уақытта да ақиқат жағында болып, Қазақ елін алға сүйрейді деген сенімім кәміл.