Сәкең қылмыстық заңнама саласындағы көрнекті маман-ғалым ретінде өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де кеңінен танымал болды. Халықаралық деңгейдегі әртүрлі ғылыми форумдарда, Қара теңіз-Каспий өңірі халықаралық заңгерлер қауымдастығының құрамында Қазақ елінің атынан өкілдік ету міндетін абыроймен атқарып келеді. Мұндай құрметті миссияға өзінің берік ұстанымының, тиянақты ғылыми еңбектері мен терең зерттеулерінің арқасында қол жеткізіп отыр.
Құқық қорғау органдарындағы қажырлы жұмысы барысында өмірлік тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін ұштастыра білген оның аналитикалық ұшқыр ақыл-ойы, құқық саласын жетілдіруге деген толассыз ұмтылысы қазіргі және болашақтағы жетістіктерінің мызғымас тұғырына айналып, қоғамға қажеттігін дәлелдеп берді. Сәкең осы қасиеттерінің арқасында қазіргі заңгерлер буыны еліктеп, үлгі тұтатын танымал тұлғаға айналды.
Саттар Мұқанұлы өзінің құқық саласындағы өмір жолын сонау 1973 жылдың қоңыр күзінде сол кездегі республикада заңгерлер дайындайтын жалғыз оқу орны – С.М.Киров атындағы Қазақ мамлекеттік университетінің (қазір – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетіне түсу үшін құжат тапсырудан бастаған еді.
Киелі Арқа төсіндегі «Алғабас» кентінде (Қарағанды облысы) шахтер Мұқан Рахметов пен үй шаруасындағы Мәстураның қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген Сәкең сонау бала кезінде, орта мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде адам жанына араша түсуді мақсат етіп, хирург болуды армандаған екен. Ол кезде шалғайдағы ауылда білікті дәрігердің жетіспейтінін байқап жүрген елгезек баласының арманына ата-анасы да қарсы болмаған. Алайда, Саттар жалғыз ағасы Мұхтар қыршын жасында жол апатынан көз жұмып, орны толмас қайғыны бастан кешкенде, соған кінәлі адам лайықты түрде жазаланбаған әділетсіз ахуалды жүрегімен сезінеді. Дәл осы қайғылы оқиға оның бастапқы арманынан бас тартып, әділдік жолына түсуіне, яғни жоғары білікті заңгер мамандыған таңдауына себепкер болыпты.
Университетке құжат тапсырғанда да қиындықтар кездесіп, жұмыс өтілі болмағандықтан, құжаты күндізгі бөлімге қабылданбады. Алған бетінен қайтпаған қайсар жас енді кешкі бөлімде білім алумен қатар, Алматы қаласы ішкі істер басқармасының кавалериялық дивизионында милиционер болып орналасады. Алайда, жұмыс кестесі қолайсыздық тудырған бұл қызметті оқумен қатар алып жүру мүмкін болмағандықтан, басқа жұмыс орнын қарастыруға бел буады. Сөйтіп жүргенде, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтынан лаборанттық қызмет табылып, жаңа жұмысына білек сыбана кірісіп кетеді.
Ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігі осы қарашаңырақтан бастау алды. Сол кезде Академияда отандық заң ғылымының негізін қалаған, заманауи ғалымдар мен практиктердің құқықтық ой-санасын қалыптастыруға зор ықпал еткен қазақстандық құқық сардарлары (корифейлері) – С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, М.Баймаханов, В.Ким, Ө.Жекебаев, Е.Қайыржанов және басқа да ғалымдар жұмыс істейтін. С.Рахметов оларды ғылым жолында адастырмайтын бағдаршамым деп есептейді, олардың көп қырлы ғылыми жұмысын, кез келген аудиторияда іркілмей сөйлей білетін қабілетін ерекше шабытпен, жылы лебізбен еске алып отырады. Осында жүріп бойына сіңірген білім мен өнегелі дағдылар Сәкеңнің кейінгі өмір-тағдырының қалыптасуына тікелей әсер еткені анық.
Университетті аяқтағаннан кейін кәсіби қызметін прокуратурадан бастады. Қадағалау органындағы тергеу жұмысы көңілінен шығып, тергеуші мамандығының серпінділігі, күрделілігі мен алуан қырлары жас маманды қызықтыра түсті. Оның туабіткен мақсаткерлігі мен еңбекқорлығы, түпкі нәтижені объективті түрде саралауға деген ұмтылысы басшылықтың назарына бірден ілігіп, Қарағанды облысы прокуратурасының қылмыстық-сот бөлімінің прокуроры лауазымына жоғарылатылды, ал осы саладағы үздік қызметінің арқасында оған жоғары офицерлік «полковник» шені берілді.
Прокуратура органдарындағы жұмысынан кейін ол Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы Мәжит Имашевтың шақыруымен оқытушылық жұмысқа бірден кірісіп кетеді. Ғалым-педагог бұл қызметін әлі де жалғастыруда. Қай салада жүрсе де өзінің негізгі ұстанымынан айнымайтын Сәкеңнің педагогтік қырлары да жарқырап ашылып, оң нәтижесін бере бастады. Мәселен, 2008 жылы Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантына ие болды.
Саттар Мұқанұлы көп жылдан бері Жоғарғы Соттың ғылыми-консультативтік кеңесінің, Әділет министрлігі жанындағы Қолданыстағы заңнаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігін жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшесі болды, Алматы Ішкі істер министрлігі академиясының Ph.D диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де абыроймен атқаруда. Оның жетекшілігімен 14 аспирант заң ғылымдарының кандидаты, 3 шәкірті Ph.D докторы ғылыми атағын алды. Бүгінгі таңда екі Ph.D докторантына ғылыми жетекші болып жүр.
С.Рахметов 1997, 2014 жылдардағы Қылмыстық кодекстерді әзірлеу бойынша Парламент, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған жұмыс топтары мен ведомствоаралық сараптама топтарының құрамында болғанда, оның құнды пікірлерін академик-заңгерлердің бірауыздан қолдағаны есімізде. Оның жетекшілігімен дайындалған Қылмыстық кодекске комментарийлер төрт рет қайта басылып, заң жобалау, практикалық және ғылыми қызметте өміршең өзектілігін дәлелдеді. Заңнама институтының қолдауымен қылмыстық құқық бойынша екі оқулық жазып, бірқатар оқу құралдарын әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әртүрлі салиқалы басқосуларда келелі ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, халық арасында құқықтық насихатты қажымай-талмай өрістетіп келеді.
Сәкең тек ғылыммен ғана шектеліп қалмай, қоғам өміріне, жұртқа пайдалы шараларға белсене қатысып, заң жобаларын талқылау барысында өзінің бай тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ Nur Otan партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің тұрақты мүшесі болғанына жеті жылдан асыпты.
Сәкең «Мемлекеттік тергеу комитетінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін омырауына тақты, КСРО ІІМ-нің мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасының қаржы полициясына 15 жыл» медалімен марапатталған.
Заңнама институтының қызметкерлері озық ғылыми және практикалық тәжірибесі, заң жобалау жұмысындағы жемісті еңбегі арқылы мемлекетіміздің құқық және заңнама жүйесін жетілдіруге өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Осы саптағы ірі ғалым С.Рахметов әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысып, соны ұсыныстарымен кейінгі заңгер жастарға үлгі-өнеге көрсетуде.
Саттар Мұқанұлы негізгі жұмысынан қолы қалт еткенде болашақ заңгерлерге қомақты ғылыми мұра қалдыру мақсатында тынбай еңбек етуден жалыққан емес. Сәкең 232 ғылыми басылымның авторы. Оның ұшқыр қаламынан туындаған 11 монография, 73 оқулық, коментарий, ғылыми-практикалық оқу құралдары, 114 ғылыми мақала аса өзекті мәселелерді арқау еткендіктен, заң шығару, құқық қолдану практикасында және ғылыми-педагогикалық тәжірибеде үнемі сұранысқа ие болып келеді.
Жан-жақты қадір-қасиетімен, іскерлігімен ерекшеленетін адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатамыз ғой. Осы сипатқа Сәкең де лайық адам. Еңбекқорлық пен зерттеушілік талант, мақсаткерлік пен алғырлық, ашықтық пен сыпайылық оның ажырамас серіктері іспетті. Сонымен қатар ол күнделікті өмірде өзін өте қарапайым ұстайды, қамқор жар, үлгілі әке, мейірімді ата атанып, адами қалпына дақ түсірген емес. Сәкеңнің зайыбы, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Оксана Борисовна отбасын ұйытып отырған ана ғана емес, сонымен бірге ғылыми ортаны қалыптастырып, жұбайының жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасап жүрген сүйікті жар. Саттар Мұқанұлы өзінің бойындағы қасиеттерін балаларына да дарытып, олардың ғылымға деген қызығушылығын ұштай түсті.
«Саттар» деген сөздің арабша мағынасы «кешірімді», «қайырымды», «жанашыр» дегенді білдіреді екен. Яғни, бұл есім өз ортасында сенімге ие болған еңбекқор, байсалды мінез-құлқымен дараланатын, қажет кезінде жолдастарына көмек қолын созуға даяр тұратын адамдарға тән деп бағаланады. Ал Саттар Мұқанұлының бойында осы қасиеттердің бәрі бар десек қателеспейміз. Оны ата-анасының сенімі мен еңбегін ақтаған, үлкен-кішіге, ағайын-туысына қамқор болып жүрген, өз есіміне лайықты өрелі азамат деп нық сеніммен айта аламыз.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Заңнама институтының директоры