Руханият • 11 Сәуір, 2019

Құлын ғұмыр (Әңгіме)

2617 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Құлын ғұмыр (Әңгіме)

Жаздың соңғы айы, тамыздың тамылжыған күндерінің бірі. Сәр­сен күндегі әдетінше ерте тұрып, қой кезегіне бармаққа ауылдан жо­ға­ры беткейде арқандаулы тұр­ған атына қарай беттеді. Бозбала аздап аялдап, айналасына күн сала қарап, өзінің алаңсыз балалығы өтіп жатқан ауылының көрі­нісіне сүйсіне көз тастады. Жас арудай күлімдеп, көзге шағы­лы­са шығып келе жатқан алтын күн, биіктігіне тәкаппарланған асқар-асқар таулар, гүрілдеп аққан Ұзындара суының дауысы, құстың жұмырт­қа­сындай тізілген аппақ киіз үй­лер бәрі-бәрі көз алдына тіз­бек­­­те­ле қалды. Кейбір пысық келі­ні бар үйлердің ақ түтіні сиыр сіле­­кей­ін­д­ей сыздықтап, тұнық аспан­­ды бетке ала шұбатылады. Ерте тұрған Сәрсен сергек көңілмен етектегі өз үйіне көз тастады. Атадан балаға жалғасып келе жатқан торқалы той, топырақты өлім атқарған қарашаңырақ тағы Әлия жеңгесі де түңлікті ашқан екен. «Сырқатым меңдеп жүр, мен де үлкен немеремнің қызығын көр­гім келеді», – деп атасы өзі бас болып, осы жазда отау көтеріп берген Қосбүркіт есімді ағасының үйінен әлі тұра қойған ешкім жоқ.

Биыл оныншы сыныпты бітір­ген Сәрсеннің көз алдына басын­дағы ақжаулығы мен өткен өмірі­нің айғағы іспеттес әжесінің әжім торлаған, мейірімге толы бейнесі келді. Кішкентайынан әжесінің тәрбиесінде өскен бозбала әке-шешесіндей емес, әжесіне бүйрегі бұр­ып, әр кез сол кісіні іздеп тұра­тын еді. Май тұздарда бір қасық сары майды немересінің алақанына салып беріп, оның тинәмдай майды екі алақанына кезек-кезек салып, қызықтап жалағанына сүйсіне қарайтын немесе өреге құрт жаяр­да қылдай нәзік жіппен бөлген құрттан қалған ұнтақтардан неше түрлі пішінде тез кебетіндей ұсақ құрттар жасап беретін әжесінің өмірден өткеніне де биыл үш жыл болыпты. Бір сәт әжесі есіне түсіп, көзінің жасын бір мөлт еткізіп сығып алды да, атына таман жүрді.

Әлгіндегі таңғы тыныштық сәл де болса бұзылғандай. Өрген мал, өкірген сиыр, сиыр саууға үй­ден шыққан әйелдер шелегінің дыбы­сынан бүкіл ауыл тіршілігі оянған­дай. Сәрсен арқандаулы тұр­ған жерінен атының қазығын суырып, жайдақ мініп келіп, үй сыртындағы мама ағашқа байлай салды. Күн де көкжиектен құрық бойы көтеріліп қалған екен. Бүгінгі қой кезегіне өзі баратын болған соң, өріс­ке бет­теген отардың соңы­­нан бір қара­ды да, киіз үйдің ірге­­сінде сыл­дырап ағып жатқан бұлақ­­тың сал­қын суы­на беті-қо­­лын жуып, бір рахаттанып алды да үйге бас сұқты.

Ауылдың үлкен ақсақалы бол­ған соң, елдің бәрі «Атайың» атап кеткен атасы – Тағай ақсақал таңғы асын ішуге енді отырған екен. Дастарқан басында немересіне ақыл-кеңес, қызықты да ғибратты әңгі­мелер көп айтатын көне көз қарт­тың немересіне бүгінгі айтары басқа еді. Сәрсен оң тізесін баса келіп отырған соң атасы:

– Ее, балам, шөпшілер кетіп, құ­лын жібергелі біраз күн бо­лып­­ты, әлгі құла биеңнің де құ­лын­дайтын уақыты болған шы­ғар, бүгін сол жылқыға барып қайт­саң қалай? – деді атасы, жылда кен­желеп құлындап, құлынын өлті­ріп қоятын құла биені есіне алып. Сәрсен дүниеге келгенде қазақы салт бойынша Жалғасбек ағасының жас сәбиге атаған «құла құлыны» бүгін де тұқымы құрымай әлі жалғасып келе жатыр. Құла бие солардың бірі.

– Ата, мен жылқыға кетсем, қойға кім барады? – деді Сәрсен.

– Бүгінге амалдап Әлия жеңгең жуас ат­тардың біріне мініп, қайы­рып келер, шырағым.

Бала Сәрсен­нің қуанышында шек жоқ, атасына «әрине» деген сөзді неше қайталап айтып жіберді.

Ауылдағы барлық жасы үлкен тартпа ұстайтын ер-азамат, шөп жинап, шөмеле салуға жарайтын жас жігіт түгелімен шөпке кеткен. Ауылда тек қуаты қайтқан қазы­на­лы қарттар мен қойға ие болып қалған осы Сәрсен сияқты бір-екі бозбала ғана бар.

Атасынан қалай бару, қалай жүру керек екенін сұрап алған зерек немересі атағашта байлаулы тұрған Бозтөбел атты ерттеп мінді де, жылқыны айдап келуге жолға шықты. Қойдан басқа жанқинар мініс көрмей, әбден ерігіп алған арғымағын Сәрсен бір жіберіп, бір тартып келе жатқан бойда қорым тастардың алаң­қы­сын­да тұрған бір құла, бір баран жылқыны көзі шалып қалды. Жақын­дап келсе, өзінің құла биесі және бір торы жылқы үйірден бөлі­ніп қалыпты. Ойға алып келе жат­қан құла биені бірден таныды. Жайшылықта адам көрсе, қашатын құла бие қорым тас­тарға өрлей жөнелді. Сонда ғана жанында шалғынға көміле ұйық­тап жатқан құла құлын атып тұрып, енесінің артынан құл­ды­раң­дай жөнелді. Сәрсен мына қойтастардың арасымен атының жүре алмасын біліп, төменге бай­лады да, өзі жылқының алдын орап шықты. Енесінің бауы­рына тығыла шапқылаған, кішкен­тай­лығы болмаса, енесінен айны­май­тын, әжесі айтпақшы: «Дәл аузынан түсіп қалғандай» құла құлын бейнесі Сәрсенге жас сәбидей кінәсіз, сондай бір сүй­кім­ді көрінді. Бұл үш саяқтың мына тұрыстарына бағдарлай қара­ған Сәрсен екі жағдайды анық байқады. Әрі жылқы малы­ның мұнша ақылдылығына таңғал­ды. Жылда дәл осы кезде желін­деп жүріп, неге екені белгісіз құлынсыз қалатын құла биенің сыры бүгін ашылғандай. Ішінен шық­­­қан құлы­нын жанбіткеннен қыз­­­ға­нып, қиянат­шылдықпен қо­рым тас­тарға са­лып өлтіретін ме­й­і­­­­­рім­сіз құла биесіне ренжи қа­­ра­­ды. Алайда мына бір оқиға оның жүзіне қуаныш ұялатты. Ол – мінер жақ мойнында алақандай қалы болған соң, «Қалдыторы» аталып кеткен Жалғасбек ағасының есік пен төрдей торы аты еді. Ата­­сынан естуіне қарағанда, осы Қал­ды­торы мал да болса, құла бие­мен енесі жағынан туысады екен. Сол Қалдыторы жас туған құлындарды өзге жылқылардан қыз­ғанып, шайнап тастайтын қаты­гез қоңыр айғырдан құла бие­ні құлынымен бөлек қайырып, қор­ғап жүрген түрі екен.

Сәрсен Қалдыторы атқа риза болды. Қазіргі уақытта туысқанын танымай кеткен қатыгез адамдармен салыстырып қарағанда, бұл тұлпардікі көзсіз ерлік еді. Үш жылқыны Сәрсен сонда қалдырып, айғыр үйірі тұрған Ақбұлаққа тартты.

Бұл жердің табиғатын сөзбен сипаттай алмайсыз, екі таудың ортасында еркелей ағып жатқан Ақбұлақ суы, жатқан құлын көрін­бес балауса, соны шөптердің жұпар иісі, үйір-үйірімен топтасып күн шуақтап тұрған ауыл жылқылары бірінің ажарын, бірі аша түскендей. Жаздай желіде тұрған жылқылар сіргежиярдан кейін-ақ сақа, кәрі биелер бастап осында келетін. Сәрсен жылқысын қайта-қайта санап еді, жуан торы биенің бірі жоқ болып шықты. Айналасын болжап қараса, анадай жерде бірі қонақтап, бірі неше түрлі дыбыстар шығара ұшып жүрген қарақұс, тазқара, кез­құй­рық сияқты құстарды көріп, жүрегі бір жамандықты сезді. Астындағы Боз­­төбел де әлденені білгендей ты­пыр­­ши үркуде.

Торы бие мына өлекшіндерге жем болған екен. Шамасы қасқыр жарып кеткенге ұқсайды. Ішек-қарыны ақтарылған, тек бір ғана танылар белгі «Атайың» ауылы жылқыларына басатын балға «Т» таңбасы бар мінер жақ артқы саны ғана қалыпты.

Жас жігіт үйірлі жылқысын айдап, жолдағы үш тұяққа қос­қа­ны сол-ақ еді, қыршаңқы қоңыр айғыр құла биені жылқыға қосып алды да, Қалдыторыны үйір­ден қуып шықты. Мал да болса, Қал­ды­торы еш қарсылық білдір­мей, тек «енді саған аманат» деген сыңай танытқандай, бойдақ жылқыларға қосылды. Көптен бері ащыға түспей, әбден ащылаған жылқылар ауыл желкесіндегі қыраттан ойнақ­та­ған ­күйі науаға келіп тоқ­та­ды. Атасы бір-екі немересін ертіп, өзі ағаштан ойып жасаған екі науаға ащы салып жүр екен. Қырағы қарт жылқыға көз жүгіртті де, бір жылқы жоғын аң­ғара қойды. Сұраулы жүзбен неме­ре­сіне қарағанда, Сәрсен бүгінгі көрген-білгенін түгел баяндады.

Сонда атасы:

– Ее, балам, есіңде болсын! Бір құлын туып, бір бие өлгені сияқты адам баласының да, бірі күліп келіп, бірі күңіреніп өмірден өтіп жатады, – деп, сөзінің соңын сәл баяулатып, дірілдете жеткізді. Немересі атасын тамағынан ұстаған аурудың жанына батып, жүдетіп жүргенін сонда ғана аңғарды. Арғы шетте көңілді, кінәсіз сәбилер құла құлынды тамашалай қызықтап, «менікі-менікі» десіп күлісіп, шуыл­дасып жүр.

Желімдей жабысқан созыл­ма­лы ауруы айықпай, осы жыл­дың қысында атасы өмірден өтті. Сағымдай құбыла, сабындай бұ­зы­ла Сәрсеннің өмірі де, ене­сінің артынан ере шапқан құл­ын­дай зымырап өтіп жатты. Құлын үлкейіп тай болатыны сияқты бала Сәрсен де ержетіп, қалаға оқуға түсті. Жылуы жоқ, сұлуы көп тас қаладан жалыққан студент жазғы демалысында туып-өскен, кіндік кескен туған жеріне қысыр құштарлық емес, шына­йы сағыныш сезіммен келді. Ауыл бәз-баяғы қалпында. Өредегі құрт­тай тізілген сол киіз үйлер, мейір­лене кісінеген биелер мен шұр­қы­раған құлындар барлығы да жас жігіттің көз алдына атасының қа­сында жүрген «құлын ғұмыр» бейне­сінде елестеді.

Екінті сауын уақыты, биелерді сауғызуға Сәрсен өзі желі басына келді. Сарықарын биелерді кезе­гі­мен сауғызып, соңғысына келген­де, кеше көз алдында туған құла құлынның бүгін де өзі мама бие болға­нына куә болды. Сонда ғана Сәрсен, өзінің алаңсыз балғын бала­лық шағының қалай тез, қалай тәтті өтіп кеткенін бір сәт есі­не алып, «ее, қайта айнала шап­қы­лап келермісің қайран, құлын ғұмыр, құлын ғұмыр?», деп еріксіз бірнеше рет қайталаған бойда, желі басында терең ойдан арыла алмай, ұзақ тұрды...


Ауғанбай САНАҚҰЛЫ