
Міне, осы қаһармандық танытқан батырларымыздың есімдері: қатардағы жауынгерлер Ержан Әбдиев, Ержан Байбағысов, Еркін Байбағылов, старшина Қалмақан Бақбаев, қатардағы жауынгерлер Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышев, Ербол Исабаев, сержант Радик Қаймолдиев, қатардағы жауынгерлер Михаил Мартыненко, Еркебұлан Мақажанов, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, кіші сержант Әлихан Өгізбаев және қатардағы жауынгер Тахир Рақымжанов.
Сарбаздардың ерліктерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде жоғары бағалап, осы тәжік-ауған шекарасындағы қаралы оқиғаға байланысты Алматыда өткен шарада: «Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғады» деген болатын. Сол уақыттан бері 17 жауынгердің ерлігі 7 сәуір күні аталып келді. Ол ерлеріміз ел сенімін ақтады.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, халқымыз тегін айтпайды ғой. Сарбаздар ерлігін сонда Президент биік бағалап, өзінің Жарлығымен олардың 5-еуін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12-сін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Орденмен марапатталғандардың ішінде старшина Қалмақан Бақбаев, сержант Радик Қаймолдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Қанат Едырышев пен Ербол Исабаев болды.
...Қанды шайқас 7 сәуірдің таңында Памир тауының етегіндегі Пшихавр шатқалында болды. Қазақстан батальон сарбаздары жауынгерлік тапсырманы орындауға жолға шығады. Келе жатқан автоколонна аяқ астынан жаудың шабуылына тап болды. Көзді ашып-жұмғанша қиян-кескі ұрыс басталды. Биік таудың үстінен моджахеттердің жаудырған оқтары тізбекті бастаған бронетранспортерді істен шығарды. Жаудың үздіксіз жаудырған оқтары командалық-штабтық машинаға да тиді. Соңынан еріп келе жатқан машиналар да отқа оранды. Аяқ астынан болған ұрыс рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров үшін қиындыққа соқты. Дегенмен, Ерлан Алданазаров осы қиын сәтте тапқырлық танытты: «Жігіттер, жаудан қорықпаңдар, батыл болыңдар, сонда моджахеттер өздеріңнен қорқады», деді ол. Командирдің осы сөзін естіген сарбаздар жігерленіп, жауға автоматтан, пулеметтен оқ жаудырды. Қиын сәтте, прапорщик Болат Ахметов пулеметтен жаудырта оқ атып жатып, айғай салды: «Інішектер, оттың ортасынан жылдам шығыңдар, мен қандыауыздағыларды жібермеймін!». Оның пулеметі оғы таусылғанша сақылдап тұрды. Осылайша Болат көптеген жауынгерлерді өлімнен сақтап қалды.
Аға лейтенант Нұрлан Байбосынов, лейтенант Қайрат Сәтпаев ерекше ерлік көрсетті. Олар жаралы болған сарбаздардың жарақатын таңып, жанып жатқан машиналардан алып шықты. Жау оқ жаудыруын күшейте түсті. Сарбаздар «иненің көзіндей» екі таудың ортасындағы ашық жолда қалып, көздеп атуға қиын болса да, артқа шегінбеді. Жауынгерлеріміз жер бауырлап жатып қарсыласқа тойтарыс берді. Капитан Ерлан Алданазаров бораған оқтың астында жарақат алып, босаңси бастаған сарбаздарға қол ұшын берді. Сондай-ақ Алданазаровтың жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары аға лейтенант Нұржан Байбосынов та адамшылығы мол, кең пейілді әрі қаһарман жігіт еді. Нұржан да осы ұрыста ержүректілігімен жауынгерлерге өнеге болды.
«Бір оқты бұлан көтереді, екі оқты ұлан көтереді» демекші, Қайрат Сәтпаев жаудың тиген оғынан өзі қансыраса да, жауынгерлердің ортасында жүріп, батырлық танытты. Атқыштардың ішінен Шымкенттен әскерге шақырылған старшина Қалмақан Бақбаев, ақмолалық қатардағы жауынгерлер Ербол Бекебаев, аягөздік Анатолий Мешков, павлодарлық Қанат Едырышев, шығысқазақстандық Михаил Мартыненко көзге түсті. Мәселен, Анатолий Мешков отқа оранған машинаның кәрзеңкесінен жауға пулеметтен оқ жаудырды. Ербол Бекебаев жаралы болып, маңдайынан қан тамшылап жатқанның өзінде автоматты қолынан тастамады. Бес сағатқа созылған ұрыста қару-жарақтың дауысы толастаған жоқ, ауаға тараған оқ-дәрі мен күйіктің иісі таудың ортасын алып тұрды. Шаршап, шалдыққандарына, жаралы болғандарына қарамастан, сарбаздар жаумен жан аямай шайқасты. Сол жерде 17-сі қаһармандықпен қаза тапты. «Ер салмағын ел көтереді, ел салмағын жер көтереді» демекші, бүгінде елімізде жауынгерлерді еске алу шаралары өткізіледі. 2009 жылы Астанада Отан қорғаушылар алаңында 17 сарбазға арнап Естелік аллеясы ашылды. Сондай-ақ тәжік елі біздің сарбаздарымыздың ерлігін ризашылықпен құрметтейді. Мәселен, 2007 жылы Душанбе қаласында қаза болған қазақстандықтардың есімдері мәрмәр тасқа қашап жазылған монумент ашылды. Шымкенттегі әскери бөлімінде де ескерткіш бар. Өкініштісі, осы күнге дейін тәжік-ауған қақтығысына қатысқан қазақстандықтарға ауған соғысының ардагерлеріндей мәртебе берілген жоқ. Олар осы мәселе оң шешіледі деген үмітте. Сөздің түйіні, ұрыста қаза тапқан жаужүрек жігіттеріміздің қай-қайсы болса да батыр атағына лайық.
Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,
әскери журналист