«Біздің командамыз Париж маңындағы олимпиадалық базада дайындалу үстінде. Тоғыз күндік жиынға Франция құрамасының бас бапкері Ян Байлон жетекшілік етеді. Француздар бұл жиынға ең мықты спортшыларын қосып отыр. Әлем чемпионы Стевен Да Коста, Кенджи Гриллон, Александра Речиялар да осында. Франция тарапы барлық шығынды көтеріп, ұшып келу мен жатын орын, тамақ мәселесін өздері шешуде. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», - дейді бас бапкер.
Каратеден Франция құрамасы Еуропадағы ең үлкен командалардың бірі саналады. Мұнда 200 мыңға жуық адам спорттың осы түріне ден қойған және француз спортшылары әлемдік рейтингте жоғары орындарда тұр.
«Бұл жиынның Мароккодағы Премьер-лига турнирі қарсаңында өтуі біз үшін маңызды. Өйткені, Рабатта өтетін турнирден бастап спортшылардың жиған ұпайы 100 пайыз олимпиадалық рейтингке енеді. Ал осындай ірі бәсекеге әлемнің мықты командасымен бірге жаттығу спортшылардың күшіне күш қосары сөзсіз. Біз татамиде жиі кездесеміз. Бірде француздар жеңсе, енді бірде біздің спортшылар басымдық танытады. Олардың спаррингтік кездесуге қазақстандық каратешілерді таңдауы тегін емес. Біздің спортшылардың болашағы алда екенін байқап отыр, бұл қуантады», - дейді Жасталап Санауов.
Франциядағы жиынға Дархан Асаділов пен Гузалия Гафурова бастаған спортшылар қатысуда.