Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың хабарлауынша өрт 9 қабатты №73 үйдің балконынан шыққан. Өрт сөндіру жұмысына ТЖД-нің 29 қызметкері мен 8 техника тартылды. Өрттен үйдің тұрғындары зардап шеккен жоқ. Жалпы аумағы 6 шаршы метрді құраған өрт орнынан 50 адам эвакуацияланды.
Өрт болған жерге арнайы келіп тұрғындармен кездескен О.Оразалин түстен кейін барлық жауапты мемлекеттік органдарды жинап, арнайы тапсырмалар берді.
«Бұл екінші рет қайталанып отырған төтенше жағдай. Осы жайт тұрғындар тарапынан наразылық тудырып отыр. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында жан жақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Қуанышымызға орай, өрт сөндіру қызметінің шұғыл келуінің арқасында адам шығыны болған жоқ. Ендігі міндет - қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі осындай өрт тудыратын қаптаулары бар барлық тұрғын үйлерді анықтап, есепке алуы тиіс» - деді облыс әкімі жауапты мамандарға тапсырма беріп.
Айта кетейік, өрт шыққан үйге өрт сөндірушілер 4 минутта жеткен. ТЖД қызметінің алғашқы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша өрттің шығу себебі өшпей қалған темекі немесе сіріңкенің 2013 жылы қапталған үйдің сыртқы декоративті қаптауларына тиюінен туындауы мүмкін.