АЗАНҒЫ АЭРОБИКА
Қайырлы таң, қымбатты қыз-келіншектер! Сіздерге арналған таңертеңгілік қимылды жаттығуымызды бастаймыз.
Секіріп тұрып сергек қалпыңызда ас үйден табылып, бүйір таяна бір орында секеңдеп, біраз секіріп алыңыз. Іле-шала тізе бүкпей еңкейіп, ілгері-кейінді серпіліп, іле тоңазытқышты ашып, одан екі-үш тал жұмыртқаны ала шығыңыз. Кеудеңізді тіктеп, газды қосып, табаққа жұмыртқаны жарып, қабығын қоқыс ыдысқа сылқ еткізе сала, о бастағы жаттығуыңызды бірден жалғастырып кетіңіз. Ескертеріміз – қай кезде де аэробика әуенінен жаңылмауға тырысыңыз.
Қуырылып жатқан жұмыртқаға тұз сеуіп болсаңыз, жаттығуға кірісіп, шәйнекке су толтырып, газға қойыңыз. Екпін ырғағыңызды бұзып алмаңыз.
Келесі жаттығу – “ояту” деп аталады. Ас үйдегі әуен ырғақпен ырғала бүк түсіп ұйықтап жатқан күйеуіңіздің жанына жақындап, іргелі-кейінді қайшылаған қолыңыздың алақандарын біріктіріп, құлақ тұсынан шапалақ соғыңыз. Шапалақпен бірге саусақ сықырлата, қолыңыздың буынын бұлғақтата жаттығуды жалғастырып, ара-арасында “Тұра ғой, айналайынды” көңілді күймен айтып, ол көзін ашып, аунап түскенше жасай беріңіз.
Кідірмей ас үйге кері оралып, сәл-пәл тыныс тауып, осы аралықта ырғақ ыңғайына үйлестіре нан турап, шәй әзірлей, шыбын-шіркейді қуалап, күйеуіңіз жуынып-шайынып оралғанша ас үйдегі тірлігіңізді дөңгелетіп тастаңыз.
Шайын құйып бергеніңіз болмаса, шалжиып жанына жайғасып, шалыңыздың кешегісін, келешегін айтып кеңірдегінен алмаңыз. Қайта шекесінен сүйіп, ас болсын айтып, кідірмей жорға жүгіріспен ұйықтайтын бөлмеге барып, дереу көрпе-жастық жинастыруға кірісіңіз. Айтарымыз, қай қалыпта да әуен-ырғақ бұзылмай, үнемі жалғасын тауып отырсын.
Бұл біте сала ыдыс-аяқ жуу, еден сүрту, гүлге су құю қажеттігін ұмытпаңыз.
...Азанғы шағын аэробиканың бас-аяғы осы. Бұдан соң өзіңізді сергек сезініп, құлындай құлпырып шыға келетініне сеніміміз мол. Енді, күндегі күйбең тірлік, үй шаруасына емен-жарқын кірісе беруіңізге әбден болады.
Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
БІР ҮЙГЕ БІР ЕРКЕК КЕРЕК
Ауылда бір кеште
Даңғырлаған тірі жесірлер
(то есть тілі улы кесірлер)
Жиналып өткенді алды еске,
сөз бастады Мәске:
– Еркегімді қумауым керек еді әсте.
Ойымдағыны айтпай ұғатын,
Отыммен кіріп, күліммен шығатын.
Дүрілдетіп дүние табатын,
Балаларды да бағатын.
Бір күні өзім ішіп, нормадан өткізіп
“Сүй!” – дедім, тіліңді көмейіме жеткізіп.
– Сүймеймін, – деді, –
Ондай сүйісті білмеймін, деді.
– Сүйесің!
Айтқанымды қылмай
Менің қасымда қайтіп еркек болып жүресің?
Өмірдің қызығы – сүйіс!
Оны істемесең жоғал,
Өзіңдей Шәлдіркүлмен түйіс.
Содан ол үнсіз... Кетті!...
Сол кеткеннен мол кетті.
Қазір көп нәрседен қиналып жүрмін,
Маубасымды сағынып,
Кешірім сұрауға жиналып жүрмін.
Жалпы бір үйге бір еркек ...
– Әй, тентек, – деп сөзін бөлді Гүлелпек.
– Мені айтсайшы,
Ауылға мінер жорғаң жоқ.
Ауданға мінер “Волгаң” жоқ, –
деп қуғанмын байғұсты.
Содан бері өз төбеме жай түсті.
Қазір үйде жорға түгіл есек жоқ,
Байлы-базарлы төсек жоқ.
Қалдым ғой оңбай!...
– Сорлы-ай, – деп жалғады әңгімесін
Оңлыай, –
Қусаң жорға,
“Волганы”
Іс еді ғой қолдағы.
“Тарта-тарта жеп, тай қалдырсаң болғаны”.
Болар едің жорғалы да, “Волгалы”,
Ал менің малтабарым пұлды сүйетін,
Шүпірлетіп ұлды сүйетін.
Мен бақтебер оның ойын түсінбей,
Бір күні ашумен
Көрсеттім күшімді-ей!...
– Пұлдан басқа наказ жоқ,
Ұлдан басқа заказ жоқ.
Көрошақсың кет! – дедім.
Қалғанын сот арқылы ептедім.
Жылап-сықтап жалынғанына нетпедім!
– Ой, жалмауыз қар, жетпегір, –
деп сөзді жалғады Ептегүл.
Пұлдан, ұлдан өзге керек?
О, жетесіз көбелек,
Байды қуып төбелеп!...
“Асты қорлама, құстырар,
Ерді қорлама тыштырар”
Деген ғой.
Ал менің күйеуімді қуырған “кәуәбім” –
“Ағаш көркі – жапырақ,
Адам көркі – шүберек болды”.
Яғни, мен киемін дедім.
Оның берген жауабы:
“Сөз діңгегі – бата,
Үй діңгегі – ата болды”.
Яғни, тәртіпті
Есеп-қисапты сүйемін, – деді
Екеуміз келіспедік,
Бір-бірімізді сөзбен үтіктеп,
Жеті атадан бері тегістедік.
Ажырастық.
Онымен менде жөнді киім жоқ,
Үйде жұрт қызығар бұйым жоқ.
Қайтейін...
Ақылы бата еді,
Балаларға ата еді .
– Ой, қағанақ,
Өліп пе едің жылтырақты жағалап.
Байдан ажырап айдай бір! –
Деп сөзді өрбітті Ойбайгүл.
– Есік алдында тышқақ лағың жоқ
Мына қара лашығыңның
Сыртын әрлеген жөнді сылағың жоқ.
Қатын алған не теңің,
Кетемін! –
Деп мен де кеткенмін.
Сөйтіп өз түбіме өзім жеткенмін.
Көзімді жақсы үйлерге кезеп қана,
Қазіргі отырғаным тезекхана.
Ойбай, ой, бай!
Бай-бай-ай,
Құлағыңа жете ме,
Мен зарлаған айғай-ай?!”...
Бір уақытта Ойбайгүл маңына құлақ түрсе,
Барлық “тірі жесірлер” жылап тұр.
Мұның сөзінің шындығына ықыластары құлап тұр.
Мейірбек АҚЫНБЕКҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы.
МОЙЫНДАУ
Мен қырық жасқа келгенімді мойындамаймын! Мен 22 жылдық тәжірибесі бар 18 жастағы бикешпін!
* * *
– Ал мен өмірімде үш рет үйленгенмін. Сондықтан да әйелге не керек екенін жақсы білемін.
– Не керек сонда?
– Жақсы күйеу!..
* * *
– Сен кімсің?!
– Ұйқыдағы арумын!
– Түрің неге сонша қорқынышты?
– Оянғаным жаңа ғана!
* * *
Екі кемпір әңгімелесіп отыр екен.
– Айтпақшы, келін түсіріпсің, құтты болсын! Келінің қалай екен?
– Ой, айтпа! Келінім сондай пысық болып шықты. Ертеңгі сағат 5-те тұрады, содан тынбай түнгі 12-де бірақ ұйықтайды.
– Айтқандай, қызың да тұрмысқа шығыпты, құтты болсын! Жағдайы қалай екен?
– Ойбу!!! Айта көрме! Ол қызым сорлап қалды ғой. Ертеңгі сағат 5-те тұрып, түнгі 12-де бірақ жатады екен.
* * *
Әйел еріне “тоңдым!” десе, күйеуі онысын “құшақтау керек” деп түсінеді. Ал әйелдің айтпағы “тон кисемді” жеткізген түрі.
* * *
– Кемпіріңе 8-ші наурызда не сыйладың?
– Гүл де баяғы.
– Мен қоршауларды сырлап шықтым...
* * *
Еркектер 8-ші наурызда әйелдер үшін барын салып-ақ бағады. Мәселен, шалбарын үтіктейді, бәтеңкесін тазалайды, моншаға барып келіп сықия киінеді, бет-аузында қылтанақ қалдырмай қырынып та алады. Сөйтіп, жөнге келіп қосағының денсаулығы үшін алып та қояды.
* * *
Жылдағы екі күнді – 1 қыркүйек пен 8 наурызды гүл сатушылардың мерекесі әрі берекесі деуге болады.
ЕГЕР ӘКИ...
Егер ер-азамат әйелдің сұрағанын тауып беріп тұрса, онда әйелдің сұрауының аз болғаны.
***
Егер кешке қарай тіліңіз ауырса – онда сіз әйелсіз. Ал құлағыңыз ауырса – онда сіз еркексіз.
***
Егер сіз үйде ненің қайда жатқанын білетін болсаңыз – онда сіз әйелсіз. Ал оны кімнен сұрау керектігін білсеңіз – онда сіз еркексіз.
***
Егер әки көшеде әдемі қыз-келіншектер көбейіп кетсе, яғни көктемнің келгені, не әйелі кетіп бойдақ болып жүр деген сөз.
ӘЙЕЛДЕР ӘЛДИІ
Бір семіз қыз тұла бойы жарқылдап,
Автобусқа кіріп келді алқымдап.
Орын жетпей тікесінен тік тұрды,
Алтын сырға кіндігінде салпылдап.
Бір шал кісі “түсемін” деп күпініп,
Есік жаққа жетпек болды жұлқынып.
Далаңдаған киіміне сол шалдың,
Жерге түсті алтын сырға ілініп.
Бойжеткен боздады кеп шыңғырып,
“Ойбайымен” қос құлақты тұндырып.
Жырық кіндік қызды көріп өксіген
Былайғы жұрт бетін баса тұр күліп.
Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ.
Маңғыстау облысы.
ОТБАСЫНДАҒЫ ОШАҒАН
Үйленіп отбасын құрған соң, бір күні келіншегі киініп жатқан күйеуіне:
– Суық түсті, далада ызғар бар сияқты, мынаны ішіп алсаң, – деп үремке ұсынғанда, күйеуі риза кейіппен:
– Айналдым, осы көшіп Якутияға барып тұрсақ қайтеді!? – деген екен.
* * *
Күйеуі:
– Қандай ғажап иіс! Қымбаттым, сен жаңа иіссу сеуіп алғансың ба? – дегенде, әйелі:
– Қайдағы! Үстіме байқамай спирт төгіп алдым! – депті күмілжи.
* * *
Күйеуінің туған күнінде түпкі бөлмеден әйелі:
– Мен саған ғажап сыйлық тарту етейін деп тұрмын! – дейді.
– Ал, көрсете ғой!
– Кәзір, киіп жатырмын, барып көрсетемін...
* * *
Айна алдында сипаланып жатқан әйеліне күйеуі:
– Қайда жиналдың? – деп қалады.
– Ипподромға, ат бәйгесіне.
– Е, тезірек барсаңшы, ана “атың” шыдамсыз екен, екі рет хабарласты ғой...
ҚАЛЖЫҢ ҚАЛТА
Аты белгілі әншілер тобындағы төрттік келесі концерттерінен түскен қаражатқа риза кейіпте, артық-ауысын не істесек екен деп еліріп отыр.
– Қаладағы ең мықты мейрамханаға барып ішіп-жесек қайтеді? – деп қалды ересектеуі.
– Одан да көрші қалаға ұшақпен топ ете қалып, ондағы қыз-қырқынға арқамызды сипалатып қайтсақ! – деп жатыр жасамысы.
– Әйелдерімізге сый-сияпат жасайық? – деді келесісі.
– Мүмкін, табысымызды мұртын бұзбай, үйдегі кісіге табыстаймыз ба? – деп қалды төртіншісі.
Соңғы сөзді жасамыс Жарғақ айтты:
– Онда мына тиынды аспанға лақтырамын, егер тиын бет жағымен түссе, онда ресторанға тартамыз. Ал теріс жағымен жата қалса, көрші қалаға топ етеміз. Егер тиын жерге қырынан тұра қалса, онда үйдегілерге сый-сияпат аламыз. Ал алда-жалда ауада ілігіп қалса, онда тапқанымыз түп-түгел үйдегілердің қолына тисін...
* * *
Мектептегі ағылшын пәніне қалалық оқу бөлімінен тексеруші келіп, соңғы партаға жайғасады.
Мұғалима тақтаға ағылшын тілінде бір ұзақ сөйлем жазады да, оқушыларға аударып айта қойыңдар дейді. Сол кез тексерушінің алдында отырған бала қолын көтеріп:
– Паһ-паһ, өзі әдемі, өзі жас, неткен бөксе! – дейді...
... Мұғалима қызарақтап, балаға дереу сыныптан шығуын бұйырады.
Оқушы сөмкесін қолына алып, тексерушіге: – Әй, көке-ай, ағылшын тілін білмейтініңіз бар, несіне сыбырлай қойып едіңіз! – деген екен.