Биылғы сәуір айының егін және мал шаруашылығына жайлы туғаны шаруалардың да тірлігін тіктеуге ыңғайлы болғаны рас. Әрбір шаруа өзінің жылдағы дәстүрі бойынша биыл да даладағы егіс жұмыстарын бастап кетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде аталған мақсаттағы жер көлемі – 4,6 миллион гектар. Оның ішінде 781,8 мың гектар жер егістік, 182,4 гектар суармалы алқап, 3,9 мың гектар көпжылдық егіс алқабы, 123,5 мың гектар шабындық және 3,5 миллион гектар жер жайылым жерлері болып есептеледі. Биыл өңір алдында табиғаттың осынау ен байлығын тиімді пайдалану мәселесі тұр.
Бүгінгі таңда асыраушы саланы жылдағыдан да қарқынды дамыту мәселесі өзекті. Сол себепті, облыс тарапынан аудандарға берілген тапсырма да ауқымды. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, биыл дәнді және бұршақты дақылдар жоспары 310,4 мың гектарға дейін жеткізіліп, өткен жылғыдан 3,5 пайызға көбейген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев ағымдағы жылы майлы дақылдарды 3, қант қызылшасын 6, картопты 7,6, көкөніс-бақша дақылдарын 1,5, ал мал азығы дақылдарын 1 пайызға арттыру көзделіп отырғанын айтады.
Жалпы, көктемгі егіс жұмыстарының қарқын алуы әкімдікке ғана емес, шаруаларға да тікелей байланысты. Әрбір диқан өзіне белгіленген межені бағындыра алса, жемісінің де жақсы болатыны ақиқат. Бұл орайда өңір аграршылары биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 673,8 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық орындалады деген сөз.
Өңір диқандары биылғы көктемнің жылдағыдан өзгеше болып тұрғанын айтуда. Себебі биыл 103 734 гектар жер жыртылуы тиіс болса, осы уақытқа дейін 93 301 гектар жер егістікке дайын тұр екен. Ал өткен жылы дәл осы уақытта 64 917 гектар жерді ғана жырту мүмкін болыпты. Негізінен Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 397 284 гектар жер дайындалу керек болса, бүгінге 297 766 гектар жер дайын екен.
Жамбыл облысында бірқатар аудандар негізінен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы. Ал жері бай, табиғаты бөлек Жуалы ауданы биыл 22 335 гектар жерді жыртуды жоспарласа, әзірге мұның 21 910 гектарын әзірлепті. Бұл мақсатқа жуалылық шаруалар да ерекше құлшыныс танытып отыр. Сол сияқты өңірдегі Меркі, Шу, Қордай аудандары да жер жыртып, алқапты егіске дайындауда тиісті жұмыстар атқаруда. Ал өңірдегі аудандар бойынша жаздық масақты дақылдар 181 801 гектар жерге жоспарланған болса, бүгінде 159 180 гектар алқапқа дақыл себіліп қойыпты. Жалпы, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы. Қыс қаһары ерте кетіп, көктем ерте шығатын өңірде енді бірер аптада дала жұмыстары да өз межесіне жетіп қалады.
Жамбыл облысы