Руханият • 12 Сәуір, 2019

«Бұл өмірде бәріміз де көшпендіміз»

1366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Өскемендегі Өнер музейінде аягөздік суретші Қалибек Айнажаровтың «Қыр баласының әсем әлемі» атты көрмесі ашылды. Бірнеше жылдан бері қоларбаға таңылса да, табиғи талантымен әлемнің үздік суретшілерін таңғалдырып жүрген қылқалам шебері көрмеге ағашқа бедерлеп ойып салынған 30-ға жуық туындысын әкеліпті. Біз осы отыздың ішіндегі көрмеге келуші жұртты ерекше әсерге бөлеген, ойландырған, толғандырған бір дүниеге аз-кем тоқталсақ дейміз.

«Бұл өмірде бәріміз де көшпендіміз»

Расында, бұл өнер туындысы бір қарағанда өте қарапайым көрінеді. Иә, күнде болмаса да, ара-тұра көк сеңгірінен көзге түсетін кәдімгі Жетіқарақшы. Ал бұ­ған суретшінің көзімен, әсі­ресе жан дүниесі дауыл күн­гі теңіздей сапырылысқан та­лант иесі Қалибек Айна­жа­ровтың көзімен қарасаңыз, лез­де бас­қа әлемге еніп ке­те­сіз. Бір ерек­ше­лігі, мұн­дағы Жетіқа­рақ­шы­ның же­теуінде де жылқы мін­ген адам бейнеленген. Жеті сурет жеті түрлі мағынаға ие. Бі­рінде құрық, екіншісінде шал­ма, үшіншісінде сойыл, төр­тіншісінде шоқпар, бе­сін­ші­сінде қамшы ұстаған, алтыншысында астындағы арғымағын көкке қарғытқан, бас киіміне үкі таққан аруды, же­тіншісінде аты сүрініп, өзі шал­қалай құлаған жігітті кө­­ресіз. Соңғы екі суреттің ма­ғы­­насын дұрыс түсіне алмай, суретшінің өзінен сұра­ға­нымызда: «Мен еште­ңені ойлап таппаймын. Бәрін өмірден ала­мын. Әйелді атқа мінгізген себебім, әйелсіз өмірдің мәні жоқ. Жетінші су­реттегі ат үс­тін­де кенеттен қай­тыс бол­ған, ғұмыры жастай қи­ылған адам. Бұл өмірде не болмайды?» деп жауап берді.

Бұл инсталляцияның тағы бір өзгешелігі, қоларбада те­­­ме­кісін будақтатып су­рет­ші­нің – Қалибек Айна­жа­­ров­тың өзінің отыруы. Су­ретті суретшіден ар­­тық кім біледі?! Тағы да қыл­қа­лам шеберінің өзін сөйлетіп кө­рейікші. «Біз мәңгіліктен келеміз, мәңгілікке кетеміз. Өмірімізді «Мен кім­мін? Біз кімбіз?» деген са­уал­дарға жауап іздеумен өткі­земіз. Арпалысамыз, алысамыз, күйінеміз, сүйінеміз. Бі­рақ біз ешкім емеспіз. Біз мы­на жұлдыздардың астында жәй ғана түтін секілдіміз. Адам­заттың бүкіл ғұмыры осы жұлдыздардың астында өтіп келеді. Көктегі самсаған жұл­дыздар адам баласының, жер бетіндегі тіршілік иесінің бүкіл тіршілігіне куәгер. Ай­тары көп. Бірақ олар біз емес. Сон­дықтан да бұл туын­дымның атын «Мәңгілікке біз ғана куә емеспіз» деп қойдым. Бұл өмір­ден бай да өткен, кедей де өткен. Жалғанды жалпағынан басқан патша да өткен. Бұл өмірде бәріміз де көш­пендіміз. Ойланайық, толғанайық. Өмірді баға­лайық», – дейді суретші.

Қ.Айнажаров қазақтың ұлттық ертегісін негізге ала отырып ағашқа ойған бұл туындысын 2015 жылы екі ай көлемінде жасап шығыпты. Орайы келгенде айта кетейік, аягөздік суретшінің көрмесі 30 сәуірге дейін жалғасады.

ӨСКЕМЕН