ЕО саммиті алдында Британия парламенті Брексит мерзімін кейінге қалдыру туралы заң жобасын қабылдады. Бұл заң бойынша ел үкіметі Ұлыбританияның Еуроодақтан келісімсіз шықпауы үшін Одақтан бөліну мерзімін кейінге шегеру мақсатында өтініш жасауға міндеттелген. Міне, осы өтініш ЕО тарапынан толық қанағаттандырылды. Яғни, аталған елге Еуроодақтан шығуына алты ай уақыт берілді.
ЕО-ның 10 сәуірдегі кезектен тыс саммитін қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған брифингте Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск: «Еуропалық кеңес 50-ші баптың мерзімін 31 қазанға дейін ұзартуға қатысты шешім шығарды. Бұл шешім Ұлыбритания үшін қосымша алты ай мерзім беруді көздейді. Осы уақыт аралығында Брексит стратегиясын тұтастай қайта қарап шығуға болады», деді. Сондай-ақ ол Ұлыбритания үкіметін көрсетілген уақытты босқа өткізіп алмауға шақырды.
Бір айта кетер жайт, егер Ұлыбритания үкіметі мен Парламенттің Қауымдар палатасы Брексит үдерісі бойынша келісімді көрсетілген мерзімнен бұрын бекітер болса, 2019 жылдың 31 қазан күнін күтпестен аталған істі аяқтауға мүмкіндік бар.
Жалпы, Британияның Еуроодақтан бөлініп шығатын күн ретінде бұған дейін 2019 жылдың 29 наурызы белгіленген еді. Алайда, 29 наурыз Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлініп шыққан күні ретінде тарихта қала алмады. Өйткені Британия үкіметінің Еуроодақпен жасаған Брексит келісімін елдің Қауымдар палатасы екі рет қабылдамай тастады. Нақтылай айтқанда, аталған палата қарауына 2018 жылдың қарашасында түзілген келісім 2019 жылдың 15 қаңтарында ұсынылып, дауыс беру нәтижесінде оған 432 депутат қарсылық танытты. Оны 202 депутат қана қолдады. Сондай-ақ осы жылдың 15 наурызында да Қауымдар палатасы Брексит келісімінің жаңа нұсқасын талқылап, оны тағы да жаратпады (242 депутат келісімді қолдаса, палатаның қалған 391 өкілі қарсылық білдірді). Міне, осылайша Тереза Мэй Еуроодаққа қайта жүгінуіне тура келді.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың маусымында өткен жалпыхалықтық референдумда Британ халқының 51,9 пайызы Еуроодақтан бөлінуді қолдаса, 48,1 пайызы қарсы дауыс берді. Бөлінуді қалайтындар 3 пайыз артық дауыс жинап, нәтижесінде Еуроодақ пен Ұлыбритания қатынасына жік түсті. Референдум қорытындысы бойынша аз ғана басымдыққа ие болғандардың мүддесі үшін Ұлыбритания үкіметі ештеңеден тайынар емес.
Брексит мәселесін аяқтаудың үш жолы бар: «қатаң Брексит» (келісімсіз шығу), «жұмсақ Брексит» (келісіммен шығу) және Брекситтен бас тарту. Соңғы екеуіне қарағанда «қатаң Брекситті» қаламайтындар қатары қалың секілді. Өйткені «қатаң Брексит» жүзеге асырылар болса, бұл барлық тараптарға, әсіресе Британияға ауыр тиеді. Мұны былай қойғанда, Британияның ЕО-дан келісіммен шыққанда туындайтын түрлі қиындықтардың өзі оңай болайын деп тұрған жоқ...
Қалай десек те, Брексит келісімін бекіту ісі 31 қазанға дейін шегерілді. Оның дәл осы күнге дейін ұзартылуының да өзіндік себебі бар көрінеді. Осы жылғы 1 қарашада Еуропалық комиссия өз жұмысын жаңа құраммен бастайды. Яғни, еуропалық дипломаттар жаңа Еурокомиссияда Британия өкілдерінің болғанын қаламай тұр.