Аймақтар • 15 Сәуір, 2019

Ертіс жағасынан табылған ескі шаһар

3735 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Бұдан 3-3,5 мың жылдан астам уақыт бұрын, Троя соғысы кезінде, сонау қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде, Ертістің жағасында қала болған» десе сенер ме едіңіз. Әрине бірден сенбейтініңіз анық. Бірақ бұл сөзді археологтың аузынан естісеңіз сенеріңізге ғана емес, таңғаларыңызға титтей де күмәніміз жоқ.

Ертіс жағасынан табылған ескі шаһар

Талай заман, талай кезеңнің куәсі қарт Ертістің жағасындағы Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылының маңынан табылған, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын көне шаһардың орны жайында былтыр керекулік археолог, С.Торайғыров атын­дағы Пав­лодар мемлекеттік универ­ситетінің археологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктор Мерцтен естігенде «бұ­ған дейін қалайша білмей кел­генбіз?!» деп таңданған едік. Сөйт­сек, археолог өзі «Кри­вин-Семияр ескерткіштері» деп атау берген археологиялық аудан­ды 2000 жылдың басынан бері жүйелі түрде зерттеп келеді екен. Бесқарағай өңірінде зерт­теу жұмыстарын бастауына 1998 жылы Жетіжар ауылының тұр­ғыны Тимур Шідербаевтың қола дәуіріне тиесілі еңбек құра­лын (жә­дігер Павлодар облыстық та­ри­хи-өлкетану музейінде сақтау­лы) әкеп беруі себеп болыпты. В.Мерц осы уақытқа дейін тек Же­тіжар қонысының өзінен 500-ден астам қыш, тас, сүйек жә­не қола бұйымдарды тауыпты. Ал Же­тіжар ауылына жақын Қара­оба жерлеу кешенінен 50 мың­ға жуық қыш сынықтарын кез­дестіріпті. Бесқарағай жерінен та­был­ған құнды жәдігерлердің бар­­лығы қазір Павлодардағы жо­ға­рыда аталған оқу орнының ар­хео­­логиялық зерттеулер ор­та­лы­ғында сақтаулы тұрған көрінеді.


Ірі орталық болған деген болжам бар

Жиырма жылға жуық уа­қыт­тан бері осы іспен жанын сала шұғылданып жүрген ғалым­ның сөзіне сенсек, шамамен біз­дің эрамызға дейінгі XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған, ке­йінгі қола дәуіріне тиесілі ежел­гі протоқалашық Қазақстан ғана емес, Оңтүстік-Батыс Сібір ай­ма­ғындағы осындай үлгідегі ес­керт­кіштер арасындағы ең ірі қоныс саналады. «Жетіжар қо­­ны­сының тек ескерткіштері бү­лінген аймақтарынан, сондай-ақ жердің жоғарғы қабатынан ға­на материалдар зерттеуге алын­­ды. Неге десеңіз, бұл нысан бі­­ре­гейлігімен ерекше. Осы аумақ­ты мұқият зерттеу үшін шет­ел­­ден серіктес іздеп, бірнеше мәр­­те келіссөз жүргіздім. 2018 жы­лы Бесқарағайға Англияның Кем­бридж университетінен Дэниел Лоуренс есімді әріпте­сіміз келіп, Жетіжар қонысына геофизикалық зерттеу жүргіз­ді. Со­ның нәти­жесінде, археоло­гия­лық аумақтың нақты өлшемін анықтадық. Сөй­тіп, ескерткіштің 100 гектардан астам жерді алып жат­қанына көз жеткіздік. Әрине бұл жұмыс оңай­ға түскен жоқ. Өйткені қоныстың шығыс бөлі­гіне тиесілі жер кезінде ауыл ша­руа­шылығы мақсатында жыр­тылып кеткен. Кейіннен, өткен ғасырдың 70-жыл­дарында Кри­винка ауы­лына дейін жол салынған. Жол салынған кезде ондаған ескерт­кіштер бұзы­лып, қираған. Қоныс­тың көп бөлі­гінің бұзылып кетуі бұл жерде нақты қанша тұрғын жай бол­ғ­анын және қанша халық тұр­ғандығын анықтауға қиындық тудырып отыр. Бізді қуантқаны, ескерткіштің батыс жағының бүтін күйінде сақталғандығы. Ес­те жоқ ескі замандағы шағын қала­шықтың осынша аумақты алып жатқанына, ғимараттардың санына, өзгеше сәулетіне қарап, бұл жерде ірі саяси-әкімшілік, экономикалық, өндірістік, діни және қолөнер орталығы болған деген болжам жасап отырмын. Бұл аумақта сол кезеңнің астанасы орналасуы да ғажап емес»,  дейді археолог.

Ғалымның «Жоғарғы Ертіс өңіріндегі протоқала мәдениетін қалып­тастыру мәселесі контекс­індегі қола дәуірінің Семияр қо­­нысы» деген мақаласын оқып шық­қанымызда Жетіжар қоны­сының ғарыштан түсірілген су­реті назарымызды ерекше аудар­ды. Бұл суреттен бір үлкен ғи­ма­раттың оқшауланып бөлек тұр­ғанын, көлемі бұдан кішірек өзге нысандардың сәл иіле қаз-қатар тізіле орналасқанын анық көруге болады. 

«Жеке-дара орын тепкен ғимарат көне ғибадат орны болуы мүмкін. Бұл – менің және британиялық әріптестерімнің пікірі. Өзге ғимараттардан бө­лек тұрғанына қарағанда, өз уа­қы­тында аса маңызды рөл атқар­ғанын аңғару қиын емес. Нысан­ның ұзындығы 60 ені 50 метр шамасында. Кіретін есігі батыс жағында болған секілді. Тағы бір байқаған дүнием, бөлек ғи­марат пен оның арт жағын­дағы нысандардың ортасында үлкен алаң орналасқан. Жалпы, бұл жерде 100-ден астам тұрғынжайлар, шеберханалар мен шаруашылық орындары болған сияқты. Ес­керткіштің бұзылмай сақталған батыс жа­ғынан 50 ғимараттың сұлба­сын анық көруге болады, ал жыртыл­ған жерде шамамен 100-ге тақау ғимарат болғанын байқаймыз», дейді В.Мерц.


Қола дәуірінде қазақ жерінде жазба мәдениеті болған ба?

Жоғарыда Жетіжар қоны­сы­нан 500-ден астам жәдігер та­был­ғанын айттық. Ол қандай жә­ді­герлер? Әрине бәрінің атын атап, түсін түстеп жіпке тізіп шығу мүмкін емес. Археологтың айтуынша, бұл аумақтан қыш, қола, сүйек және тастан жасалған (бетінде стрелкаға ұқсас таңбасы бар орақ тәрізді пышақ, тас жұмыртқалар, жебе ұштары, қола ара мен қола пышақтың сабының сынығы, металл балқытқан кезде қолданатын ыдыстың қалдығы, тоқыма барысында пайдаланылатын сүйек біздер, қола жүзік, қорғасын және қола құймалары) әртүрлі бұйымдар табылған. Бір қызығы, зерттеуші сүйектен жа­салған дүниелер бұған дейін еліміздегі бірде-бір ескерткіште кез­деспегенін, мұндай заттар Ба­тыс Еуропаның жерлеу орында­рынан көп табылғанын айтады. Ерек­ше атап өтерлігі, ғалым та­был­ған бұйымдардан әртүрлі таң­балар мен белгілерді, түсініксіз жазуларды аңғарған. «Бұл сонау қола дәуірінде қазақ жерінде жаз­ба мәдениетінің қалыптаса бас­тағандығын көрсетпей ме? Де­мек, сол кезеңдегі тайпалар жа­зу мәдениетін толық болмаса да, біршама меңгергенін байқаймыз. Біз көбіне өркениет сақ дәуірінде бас­­талғанын айтамыз. Сақтар аспаннан түскен жоқ шығар. Олар қола дәуірінде өзіндік өркениет, өзіндік мәдениет қалыптастырған тайпалардың жалғасы емес пе?» деген археолог Жетіжар қо­ны­сы толық зерттеліп, зерделен­геннен кейін қола дәуіріндегі ескерт­кіш­терге, жалпы сол заманға деген көз­қарасты мүлде басқа арнаға бұратынына сенімді.

Керекулік зерттеуші Жетіжар мен осы ауылға көршілес Кривин­ка елді мекендерінің маңынан күй­дірілген кірпіштен қаланған бірнеше элиталық жерлеу орындарын тауыпты. Қараоба және Чемар деген атау алған ежелгі қорымдар екі ауылдың ортасында орын тепкен. Археолог екі елді мекенде нео­лит тұрақтарынан бас­тап кейінгі қола дәуірінің ірі қоныстарына дейін түрлі дәуір­лердің ондаған нысандары шо­ғырланғанын және Жетіжар қо­нысы мен Қараоба, Чемар қо­рымдарын өз алдына жеке-жеке қарастырған жөн деп санай­ды. Виктор Мерцтің па­йымын­ша, Қара­оба және Чемар қорым­да­рында жерленген адамдар Жеті­жар қонысын мекендеген тай­палардың өкілдері болуы да әб­ден мүмкін. Өйткені Жетіжар қо­нысы мен жоғарыда аталған екі үлкен қорым да күйдірілген кір­піштен салыныпты. Демек, бір тех­нология. Екіншіден, қоныс пен қо­рымның арақашықтықтары да тым алшақ емес. Ғалымның сөзінше, әзірге Чемар қорымына қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алайда археолог бұл қорымда 100-ге жуық жерлеу орны бар екен­дігіне сенімді. Ал Қараоба қо­­ры­мына қазба жұмыстары жүр­гізіліп, 50 мыңға жуық қыш сы­нықтары табылғанын жоғарыда айттық.


Ескерткіштің көп бөлігі топырақ астында жатыр

Бір қызығы, қызығы емес-ау, өкініштісі десек те болатын шығар, Жетіжар ауылының тұр­ғындары елді мекеннің дәл ірге­сінде құпия-сыры әлі толық ашыл­маған, 3-3,5 мың жыл бұрынғы өте ежелгі қала барын бұған дейін білмей келгендігі. Одан гөрі 300 жыл бұрын салын­ған, отарлық таңбасындай Жеті­жар форпосты (бекінісі) жайында жергілікті жұрттың көбірек есті­генін тұрғындардың өздері де жоққа шығармайды. «Рас, ауыл тұрғындары мұндай керемет ескерткіштің елді мекеннің дәл іргесінде тұрғандығын біл­ген жоқ. Керекулік ғалымның зерт­теуінен кейін ғана естіп, біліп, таңданып жатырмыз. Өзім осы ауылдың тумасымын. Ауылдағы өзім құралпы замандастарымның аузынан ара-тұра: «бала кезімізде әртүрлі садақ оқтарын тауып алып, ойнайтынбыз» деген сөз­дерді естіп қалатынмын. Же­ті­жар­дың іргесіндегі қабақта бейіт бар. Әкем «қабірді қазғанда әртүрлі заттар шығатын. Осы жерде бір­деме бар ғой деймін» деп отыратын. Оның бәріне бұрын мән бер­меппіз ғой», дейді Жетіжар ауылының тұр­ғыны, осындағы Семияр орта мектебінің география пә­нінің мұғалімі Альмира Күтерова.

Осы жерде ерекше ескерте ке­тер бір дүние, қазіргі уа­қыт­та Жетіжар қонысының көп бө­лігінің топырақ астында жат­қаны. Археологтар немесе осы са­ланың мамандары болмаса қарапайым адамдардың аңғар­мауы да мүмкін. Ашық жатқаны – Қара­оба қорымы мен Жеті­жар қонысының кезінде жыртылып кеткен шығыс бөлігі. Жетіжар мен Кривинка ауылдары маңынан табылған аса құнды, тіпті сенсация деуге тұрарлық ескерткіштерге аудан, облыс тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп жатқандығын бі­лейік деп Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бата­ловқа хабарласқанымызда «Қазір су тасқынына дайындық қа­мымен жүрміз. Жер кепсін. Со­сын осы ескерткішті зерттеп жүр­­ген археолог Виктор Мерц­пен жұмысты әрі қарай жал­ғас­тырамыз. Осында шақырып, не болмаса өзіміз барып ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті шешім қабылдаймыз» деп жауап берді.

Ал осы ескерткішті бірнеше жылдан бері ерінбей-жалықпай, өз күшімен, өз ынта-жігерімен зерттеп жүрген керекулік археолог Виктор Мерцтің ендігі ойы, жоба-жоспары мынадай. «Бұл жердегі қоныстарды, қо­рымдарды басқа қорғандарды зерттегендей жай ғана зерттеу­ге, бірден қазба жұмыстарын бастап кетуге болмайды. Үлкен жұмысты ежелгі қаланың орны табылған Жетіжар қонысынан бастау керек. Ең әуелі осы қо­ныстағы жоғарыда айтып өткен жеке-дара тұрған ғимаратты зер­ттеуден бастағанымыз жөн. Мұ­ны тез арада музейлендіру қажет. Бұл ғимарат қазақстандық археологияның брендіне айналуы мүмкін. Мұндай өзгеше ес­керткіш елімізде жоқ. Зерттеуді бастамас бұрын осы нысанның үстіне ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Түркияның Чатал-Хююк және Сербияның Лепенск-Вир ескерткіштері секілді үлкен шатыр орнатылса жақсы болар еді. Сол кезде қазба жұмыстарын кез келген уақытта алаңсыз жүргізе беруге болады. Ескерткіш те бұзылмайды. Туристерге де көрсетуге болады. Қазір қалған нысандарға тиісудің қажеті жоқ. Құр қазғаннан еш­теңе өнбейді. Бұзып аламыз. Ең үлкен міндет – ескерткішті сақтау. Ес­керт­кішті сақтай алсақ қана ежелгі өркениетті күллі әлемге паш ете аламыз», деген археолог зерттеу жұмыстарын шет­ел­дік әріптестерімен бірлесе жалғастыра беретінін, дегенмен облыс басшылығы тарапынан қолдау күтетінін де жасырмады.


Түйін

Елбасы өзінің «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласында протомемлекеттік бірлестіктер­дің дені қазіргі Қазақстан аума­ғын­да құрылып, қазақ ұлты этно­генезінің негізгі элементтерін құрап отырғанына тоқталып: «Біз айтқалы отырған зор мәде­ни жетістіктер шоғыры дала­мызға сырттан келген жоқ, ке­рісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» деген еді. 3 мың жылдан астам тарихы бар Жетіжар қонысы да осыны айғақтап тұрған жоқ па? Өңірімізде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Шы­ғыс Қазақстанда археология­ны дамыту» бағдарламасы жү­зеге асырылып жатқаны бел­­гілі. Бағдарламаның елеулі нәтижесі ретінде Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан табылған Алтын адамды айтсақ да жеткілікті шығар. Ен­деше, сол Алтын адамнан да мың жыл бұрын өмір сүрген көне қа­лашық – Жетіжар қонысы осы бағдарламаға енгізіліп, ауқымды зерттеу жұмыстары басталады деп сенеміз.


Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы,

Жетіжар ауылы


Суреттерде: археолог Виктор Мерц, Жетіжар қоны­сының ғарыштан түсірілген суреттері, табылған жәдігер­лер мен бұйымдар, Сербиядағы Лепенск-Вир ескерткіші.