Руханият • 15 Сәуір, 2019

Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (Соңы)

1596 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (Соңы)

Басы

«Мына қыздары бар болғырлар қашан келеді», деген Сараның даусын ешкім естімегендей. Он төртінші палатаның бір ыңғайлы жері дәліздегі шу, кейде үлкен кісілердің әлденеге келіспей өзара керілдескені, айқайлағаны, қылғына жөтелгені бұл жерге естіле бермейтін. Ал, бір ыңғайсыз жері – бөлмеде отырып дауыстасаң оны медбикенің де, күтуші келіншектердің де бірден ести қоюы қиын.

Мезгілімен жуындырып, қалаған уақытында тамағын ішкізетін күтуші қыздың қадірі өтті, оның қарағанындай жағдайы көзінен бал-бұл ұшқан кейуананың сүдіні қашып кеткен. Уақытында ауыстырылмайтын жөргегінен жиіркенгенімен оны кімге айтсын. Бұл жердегі жүйкесі тозған санитар келіншектер оның базынасын тыңдайтын жағдайда емес, сөзі ұнамаса күздікүнгі қураған ағаштай сәнінен айрылып, әлі кеткен кәрі адамды қаңбақ құрлы көрмей сілкілілеп те жібере алады, оның үстіне өзі сияқты қолға қарап қалған кәрілер жетерлік. Әсіресе, дене бітімі нәзік келіншектерге төсекке таңылған ер адамдарды қарау, әрі-бері қозғап астын ауыстыру оңай шаруа емес-ті. Ақ тер, көк терге түсетін. Орталық жүйке жүйесі зақымданғаннан әрі ағзасы биологиялық және психикалық жағынан тозған кәрі адамдарға күніне 4-5 рет көмек керек болатыны бар.  Кемпір тамырлары адырайып, терісі жұқарып, қарайып кеткен қолдарымен әбден еті қашқан тізесін сипады. Сырқырай ауырған аяғын өзі әбден мезі болған кереуеттен тез-тез түсіріп жүріп кете алмағасын өзгесінің бәрі адыра...

***

Ол тек өткен шақтарды, бір кездерде жанын жылытқан сәттерді ғана әредік еске алады, онда да бүкіл диалогы іштей жүріп жатады, әгәрәки тыңдайтын құлақ табылса неше жылдан бері көн боп қатқан көңіліндегісін жібітіп, әңгімеге шөліркегенін жасырмай, ішін кеулеген мұңын, сырын ақтарар ма еді. Қатары қалмаған, жанында шүйіркелесер теңі де жоқ тоқсан үштегі адамның бірсыдырғы өмірінен «бұ кісі әлі тірі ме еді» деп таңғалатындардан бұрын ең ақыры өзі де жалыққандай. Ол ұзақ өмір сүрді, аяғының ауыратыны болмаса саулығына өкпесі жоқ, ұйқысы да бірқалыпты. Бірауық осы ұзақ сонар жатыстан да жалығып, өмірден ерте өткен әкесінің, шешесінің, күйеуінің жасамаған жасын өзіне «әділдік болсыншы» дегендей бұйыртқан құдайына ризашылық білдірудің орнына «енді қашан, осылай жата берем бе?» деп өкпелейтіні де бар.

Кейуана осы жерге қалай тап болғанын есіне түсіре бастады. Бірнеше жылдан бері даланы көрмеген, күннің жадынан да хабары жоқ адам үшін не ғаламаты барын, үйіндегі сағат тілі тым баяу жүретіндей көрінетін. Таң да баяулап атып, күн де төбеге асықпай көтеріліп, сол шыққан күйі ел ұйқыға жатар уақыт болғанша орнынан тапжылмай тұрып алатын.  Сол күнделікті көрініс, сол бір жұрнағы өзгермес тірлік, бәрі күндегіше. Бұл күн де осының алдындағы өткен күннен, оның алдындағы, тіпті бір ай түгілі бір жыл бұрынғы күннен де еш айырмасы жоқ кәдімгі күн секілді еді. Бірақ... кемпірдің бас-аяғы бірдей шұбалған бірсыдырғы күндерінің де ақыры болады екен.

Кең бөлмеден жаңа ғана ауаға шашылған сепкіштің иісі шығады. Кәрі адамның иісі үстіме сіңіп қалар деп қорқатын күтуші қыз «жаңбырдан кейінгі ауа» деп аталғанымен бәрібір басқа тиіп, жүректі айнытатын өткір иісті ауа жаңартқыш спрейді аямай-ақ шашыпты. Терезесі еденге дейін жетеғабыл бөлмеде жарық мол. Терезеге жақын тұрған жалғыз креслода ұйықтап отырғаны әлде ояу екені белгісіз кемпірдің әр жері ойдым-ойдым болып жылтырап қалған қалақтай басындағы сиреген аппақ шашы таза жуылған мамықтай болып көтеріліп тұр, кәрі адамның созылып кеткен сырғалығындағы алтын сырғаның бірі  иығына құлап жатыр.

  • Сара әже, мен сізге ертең соңғы күн келемін, – деді көзі үнемі жайнаңдап тұратын күтуші қыз жастықтың тысын ауыстырып жатып көңілсіз күйге еніп.

  • Сізге үйреніп қалып едім, осы жұмысым ұнайтын әрі айлығы да көңілімнен шығатын. Енді амал жоқ, басқа жұмыс іздеуге тура келеді, Наталья Алексеевна пәтерді сатамыз дейді. Ал, сізді...

Қыз тілін тістей қойды да мұның сөзін тыңдап жатқан адам бар ма өзі дегендей кемпірдің бетіне үңілді.

Кемпір күтуші қыздың айтқанын естіген еді. Кейде жыл өткен сайын саны көбейіп бара жатқан дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдауды естен шығарып алатыны не күніне бір рет болса да су ішу керегін ұмытып кететіні  болмаса, Сараның әлі де санасы сергек. Осы жасқа келіп ештеңені ұмытпай, алжымай, айдалаға лақпай, ешкімге кісәпір болмай отыруының өзін кемпірге Құдайдың тарапынан жасалған зор сияпат десе болғандай. «Ақыры мұны бұл жерден кетірмекші екен ғой. Өзінің туған келіні. Өлмелі кемпірге өз аяғымен келіп осыны айтуға адымы жетпегеніне қарағанда... тіпті соны қажет деп санамағаны да». Осылай ойласа да, баспанасының сатылатынын айдаладағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын күтушіден естіп отырып, өзінің өлмелі шағында қайда барары белгісіз екенін миымен анық сезініп тұрса да кемпір күрсінбеді. Күрсінбегенің не, тіпті қабағынан реніштің ізі де байқалмады. Адам жасы келіп, бойындағы әл-қуатының жанып бітуге айналған балауыз шамдай азайып, бірте-бірте сарқыла бастағанын, ешкімге керексіздігін сезгесін ақ, әлденеден үміт еткен, әлденеге сенген қалпы да ізім-қайым жоғалып, алда болатын бір жақсылықтан дәмелі көңілі де өз-өзінен сабасына түсіп, сыртылдаған сағат тіліне де, жылжыған күндер мен аунаған айларға да «мәу» деп мән бермейтін болып, дүниенің ақыр соңы бүгін екен десе де міз бақпас селқостық пен енжарлыққа жанын әбден билетіп алады екен. Сара да осы күндері дәл осындай күйде, әлдене армандайын десе алда өзін тебірентіп, әлдеқалай жанын жарылқайтын ештеңе көрінбейтін болған.

Күтуші қыз келіп бұған ұзын шөлки мен үстіне көйлек кигізіп жатқан кезде де өзінің ұзақ өмірі туралы ойлады. Қозғалған сайын қарының әбден босап салбырап қалған терісі дір-дір етеді, еті қашқан қолдарын икемдеп киінуге өзінше көмектескен болады, кеудем қысылады деп төстартқышты кимей тастағалы қашан, көйлек астындағы беліне дейін салбыраған омырауы  екі жаққа жайылып жатыр. Иегінің астындағы сиырдың желініндей созылып кеткен алқымы әжімнен қатпар-қатпар. Шашын жинамай жібере салған күтуші қыз өзіне онша салмағын салғысы келмей тырысқан кемпірді сүйрелеңкірей әжетханаға апарып, ол жерде дымқыл тартқаннан ауырлап кеткен жөргекті шешіп алды. Кемпір түнде өздігінен тұрып әжетханаға бара алмайтын. Күтуші қыз оны беліне дейін бала секілді жуындырып, құрғатып, таза киім кигізіп, жөргегінің жаңасын ауыстырды. Екеуі бір адым жасап бір кідіріп, тағы бір адым жасап кәдімгідей демалып алып, екі иінінен тыныс алып әжептәуір болдырып қалған кәрі кісіні үстелдің қасындағы кішкентай адам отырғанда батып кететіндей  креслоға отырғызды. Ебедейсіз дірілдеген әлсіз қолдар үшін күмістелген неміс қасықтарының өзінің біраз салмағы бардай, кәрі иек ботқадан аздап алып, иегімен езілген печеньені малжаңдап біраз отырды. Асқазаныма ауыр, кекіртеді деп нан жеуді қойған, ет атаулыдан балықты ғана дұрыс көреді.

Оның соңғы жылдардағы өмірі фильмнің өте баяулатылған көрінісіне ұқсайтын, тіпті адымы қысқарған үстіне қысқарып барады, тек тамақтану, теледидар қарау мен күтушімен аз-кем тілдесуді есептемесең бұл бір соншалық жайлы болғанымен қоса, сонша сүреңсіз, әбден жалықтырар өмір еді. Кезінде ауқатты адамдар үшін қала шетіне салынған оңаша үйдегі бұл пәтерді бір кезде Сараның өзі сатып алған. Ол кезде жалғыздығы білінбеді, құрбыларымен араласатын, арасында қонаққа баратын, қонақ күтетін, театрға барып, түн жарымына дейін кітап оқитын. Өздерін элитамыз деп есептейтін құрбылар соңғы мода, байшыкештердің әйелдерінің киген киімдері, зергерлер көрмесіндегі әшекей бұйымдар, өздері оқыған кітаптары мен көрген кинолары туралы түн жарымына дейін әңгіме айтатын. Кейін аяғы өзінің бұрынғы аяғына ұқсамай, тура ауыстырып алған аяқтай болып мінез шығарып, жүрген сайын мазасын алып, түн болса сырқырап, жүріп-тұруы қиындағанда ене мен келіннің одақтаса алмасын күнілгері болжаған жалғыз ұлы оған күтуші жалдап берді. Содан бері бар уайымы аяғы ғана. Естіген, оқыған ем-домдарынан бөлек, өзі ойлап тапқан емдері қаншама, келе-келе өзін осынша жыл көтеріп келген, ақыр аяғында шаршаған аяғына өкпелеуді де қойған.

Сара қытымыр емес-ті, тіпті бір күтушімен қатарынан он алты жыл бірге тұрғаны бар. Лиза байғұс өзінің көп жылғы сырқаты жанына батса да, обалы не керек, мұның жанынан шықпайтын, самбырлап әңгімесін айтып, кейде ұқсап, кейде ұқсамайтын шикілі-пісілі тамағын пісіріп, барынша көңілін аулайтын. Ал, соңғы күтушісінің  келгеніне екі ақ жыл, жас қыз кейде іші пыса ма, кемпірді бояндырып, тырнағын әрлеуге әуес. Кейде ақ блузка мен көк юбкасын, кейде матасы тәуір күлгін көйлегін ауыстырып кигізем деп кемпірді қара терге түсіріп әуреге салатынын қайтерсің. «Сіздің шашыңызды бозғылт күрең түске боясақ қайтеді, әдемі болып тұрар еді» дейтіні бар кейде. Өзінің заманында сәнқой, кербез келіншек болған кемпір өзін бояндырып-жасандырып жатқанын іші теріс көрмейтін, бірақ, шалбарланып мыж-мыж болып әбден сарғайып кеткен кәрі тері мен жастық қайдан жарасым тапсын, бояудан кейінгі әлеміш жүзінің түсі оңған ескі шүберектен әрмен одан сайын айғыздалып көрінетінін білетін кемпір боянбаймын деп азар-безер болады. «Жас кезіңізде өте сұлу болыпсыз» деп ескі суреттерге үңіліп, өз суретін кемпірдің өзіне  көрсетуден жалықпайтын бұл қыз да кететін болды. Кемпір желке тұсынан жел соғып тұрғандай, қол-аяғы қалтырап тоңа бастады, тіпті ішіне дейін мұздап кетті ме, немене. Жанын аты-жөні белгісіз мұң құрсаулап, сол қырық құрсау мұң бөлменің ішін де шеңгелдеп айналдырып, аядай жерде жүретін жер, отыратын орын да қалдырмай тарылтып келе жатқандай. Кәрі көңілі туған немересінен де әлдеқайда жақын күтуші қызға бауыр басқанын, қимайтынын осы жолы анық түсінді. Бірақ, ештеңе дей алмады, кетпе деуге шамасы бар ма...

Қыздың сүйемелдеуімен тасбақаның мойынындай жіңішке мойнын қалтаңдатып екі метр жердегі өзінің кереуетіне бес минут уақытын жұмсап  жеткен бойы «Қазір жақсы бір шарап болса ғой» деп қызға қарап тамсанып отырды. Күтуші қыз жымың етті. Кемпірдің нұсқауымен екі аптада бір рет тамақ алынатын, жыл өткен сайын кәрі адамның ауқатқа да, басқаға да қажеттілігі азая береді екен, дегенмен, жақсы шараптан алып қойғызатын әдеті баяғыдан бар еді. Сылқым келіншек болған уағында да құрбылар болып оңаша отырып, қымбат шараптың дәмін алатын. Әжімсіз сүйріктей саусақтарымен бокалдың жиегін айналдыра отырып... олар күйеулерін еске алып мұңаятын. Әрнені еске алып күлетін. Сырласатын. Е-е, дүние-ай... Аздан соң қыз мұздатқыштан шыққан  шараптың үстіне су қосып кемпірге ұсынды.

  • Енді бара бер, рахмет саған.

Қолы дірілдеп, бокалды әне-міне түсіріп алардай ебедейсіз ұстаған кемпір су қосылған шараптың өзіне бойы-басы балбырап, жаны бір жай тауып, рахат құшағына жұтыла бастағанын сезді. Шараптың буы оны өзінің жастық шағына, өмірінің ештеңеден беті қайтпаған, жалықпаған ғажайып шақтарына қарай ала кетті.

Ол өзін күйеуімен алғаш қосылған кезде тұрған ескі үй ішінде жүргендей сезінді. Өзі тар, өзі ескі болса да, бұл жылы ұядай еді ғой. Күйеуі екеуінің бір-біріне еркелегені, бір-біріне болмашыға өкпелегені, өкпелесіп алып қайта татуласқаны... сол ескі үйдің жас жұбайлардың өзара реніштерін ұмыттырып, қуаныштарын еселейтін сиқыры болғаны анық. Жалғыз ұлы да сол үйде дүниеге келіп еді. Күндіз-түні күлкі таусылмайтын, достары шақырусыз келе беретін осындай базарлы үйді одан кейін өмірінде көрді ме екен десейші. Өздеріне ақша бітіп, неше мәрте тәуір баспана алғанымен оның бірде бірі дәл сондай ұядай үйді еске түсірмейтін.

Ол кезде Сара күндердің күнінде бұлай қартаямын деп те, өзінің еркін ғана емес қалай күн кешіп, әрі қарай қайтып күнелтерін, тіпті бүкіл тағдырын келініне тапсырып, жылдардың еркіне бағынып алжа-алжасы шыққан мәужіреген кемпірге айналам  деп те ойламаған. Осыдан қырық жыл бұрын Сараның күйеуі бас прокурордың орынбасары болған. Ал, кейін сіресіп тұрған алып державаның іргесі сөгіліп, елдің бәрі қайта құрудың әуенімен алас-күлес тірлік кешкенде аралас-құралас жүрген достарымен ілесіп бұлар да өзгеше өмір сүрмекке талпынды. Адам өзін бірдеңеге бастарда аяқ астынан ширап, тым пысықсынып кете ме, әйтеуір күйеуі соңғы кездерінде ерекше мінез тауып, өзінің прокурордың орынбасарлығы міндетін  атқара жүріп, екі арада бизнесін де жүргізіп, тыным таппады, Ресейге түрлі-түсті металл жабындарын тасыды, Түркиядан киімдер әкеліп дүкендер ашып тастады. Сараның өзі де сол кезде қымбат ұшақтармен ұшып, маңызды іскерлік кездесулер жасап, үріп ішіп, шайқап төгіп кешкен дәуренді со күйі тұра беретіндей көретін, тіпті осы өміріне әбден үйренгені сондай ата-бабасынан бермен қарай осылай ғұмыр кешіп келе жатқандай қоңыртөбел тірлік кешкендерді менсініңкіремей, мінезінде паңдық та пайда бола бастаған, бірақ, бақтың да бір баста ұзақ тұрып жалығатын кездері болады екен, соған көзі жеткендей болды. Бірді екі қылам деп ұйқысы азайған күйеуі іссапарда жүріп апатқа ұшырап қайтыс болды. Аяқ астынан болған жағдай әйелді есінен тандыра жаздады. Енді басымен қайғы болып, баласын бауырына қысып, ұзақ-ұзақ жылап жатып алатынды шығарды. Күйеуі бардағы сәлем бергіш, жағдай сұрағыш, телефон шалғыш достардың да едәуір азайып кеткенін байқаған кезде ептеп есін де жиған еді. Есін жиса, күйеуінің барындағы шаруаның әбден-ақ қиюы қашқан екен, оны жөндеуге өзінің шамасы бірде жетіп, бірде жетпей, ақыры шаруасы шатқаяқтап, түптің түбінде банкротқа ұшырап тынды. Өзі мен ұлына жетер қоры бар әйел бизнесте бұдан әрі тәуекел еткісі келмеді, ұлын ең жақсы деген оқу орынында оқытты, бар қаражатын жеткізіп өзіне де, ұлына да пәтер алып үлгерді. Аяғы жүрмегенімен Сараның тоқсаннан аса бастаған миы әлі де ойлана алатын, кейде түкке тұрмайтын нәрсеге қуана да, аракідік өзінше жаңалық та ашатын. Ойлап қараса осынша ғұмырында «па, шіркін!» дегізерлік сәті сирек екен, ал, өмірге келді, ешкімнен кем қалмайын деп оқыды, тірлік қылды, күйеуге тиіп, бала тапты, өсірді, одан басқа не? Бүкіл адамзаттың пайдасына жарайтын жаңалық ашты ма немесе елдің бәрі тұтынатын құрал да жасаған ештеңесі жоқ. Өзінің соңынан не қалдырды? Қолында болып тұрып ешкімге басы артық жақсылық қылмаған, тым болмаса жабырқаған көңілдерді көтерер бір ауыз жылы сөз айтпай ақ өткерген сол ұзақ ғұмырында ішкі ындыны қанағаттанатындай бір қылығы бар ма өзі, ұрпақ қалдырдым дейін десе жалғыз ұлы өзінен бұрын қайтыс болды, одан туған жалғыз өзінен тым алыс. Сонда өзінің артынан не қалдырдым деп шүкір айта алады, тоқсан үш жыл жасағанда осы өмірге не бердім деп кетіп бара жатыр? Адам баласы жастығынан лезде көз жазып, бір сәтте есейіп, әбден кәрілік жеңгенде ғана барып өмір туралы қоспасыз, шыншыл пікір түйетініне осы жасқа келгенде барып көзі жетіп отырысы мынау. Кемпір ұйқылы-ояу күйде күрсініп қалды, адамның мына дүниеге тамақ ішіп, көңіл көтеріп, оның қайтарымына өзінің биологиялық қалдығынан өзге ештеңе бермей ақ және сонысына еш қымсынбастан өте беретіні несі екен?

****

  • Айналайын, қызым, – деді кемпір таңертеңнен бері әурелеп отырып саусағынан әрең шешіп алған жүзігін алақанына салып отырып.

  • Бірдеңе керек пе, әже?

  • Отыра ғой, кел.

Қыз жанына келіп отырғанда оның мақтадай жұмсақ қолын өзінің тарамыс саусақтарымен ұстап, жүзікті салды.

  • Әже, бұл не? Мынауыңыз не тағы?

  • Ала ғой, қызым. Осындай бір Сара деген әжені бағып, қарап едім деп есіңе аларсың. Менен естелік болсын.

  • Әже, қойыңыз, алмаймын. Наталья Алексеевна білсе...

  • Оның қатысы жоқ, өзімнің жүзігім. Кезінде ұлым дүниеге келгенде әкесі сыйлаған. Сен алып тағып ал, таза алтын. Маған жасаған қызметіңе ризамын. Менің жасымды берсін демей ақ қояйын, біреуге қарап қалған ұзақ өмірде қайбір мағына бар дейсің, бірақ, бақытты бол, айналайын...

Жүзі алаулап кеткен қыз жүзікті өлшеп қарап жатты.

***

Күтуші қызсыз өткен жалғыз күнде өмірінің бұрынғы бұрынғы ма, тіпті одан да гөрі реңсіздене бастағанына көзі жетті. Ешкім келмеді, ешкім «бұл кемпір неғып жатыр, өліп қалмады ма, не ішіп-жеп жатыр?» деп те сұрамады, осы күйінде жападан-жалғыз үзіліп кете берсе де ешкім білмей қалатындай. Дәретін сіңіріп алып жатқан жөргегі де әбден ауырлап, күнделікті жуындырғанға үйреніп қалған денесі қышығандай, мазасын алып бітті. Жылылай сүт ішіп, ботқа жейтіні бар еді, кемпірдің ештеңеге зауқы соқпады. Не болса да көндік деп ойлап жатты кемпір. Өстіп жатып жұмақтағы жалғыз орынға асыққандай ертерек жөнеп кеткен күйеуіне өкпеледі, өстіп жатып өзін тасбауыр келін мен жатбауыр немереге қалдырып кеткен ұлына мұңын шаққысы келді.

Біреулердің дабырлаған даусынан оянды. Бейтаныс екі келіншек бөлмеге кіріп, мұны оятып алмайын дегендей ақырын сөйлесіп өздерімен ала келген сөмкелерге әлденелерді сала бастады. Бұл келгендердің келінінің тапсырмасымен бұған тиесілі заттарды салып жатқанын шамалады. Неше жылдан бері қабырғаларына дейін әбден бауыр басып кеткен бөлмесін қиып кетуге өзін әзірлеуі керегін де түсініп жатты. «Келіні мұны бұл үйден шығарып өздерінің жанына алмақшы ма, әлде бұл пәтерді сататын болып басқа жерден шағын пәтер алып бермекші ме? Өздерімен ала кетпес, ұлының тірі кезінде де келінімен бірге тұру ниеті болған емес, енді не жорық, ал егер  басқа жерге көшірсе ше, ондай болса күтуші қызды неге жұмыстан босатады»? Осы бөлмеге кіндігі байланып қалғандай көргеннен бе, осы бөлмеде демім үзіледі дегенге ұзақ жылдан бері сенгеннен бе, апақ-сапақта басқа жаққа кетуі ақылға сыйымсыз нәрсе болып көрінді, ол бар даусымен айқай салғысы келді. «Қарағым ау, жасым болса келіп отыр ғой, өлгенімді күте алмадың ба? Мен өлсем осы пәтерді көрге өзіммен бірге алып кетпесім анық, тым болмаса менің ұлымның, өзіңнің күйеуіңнің әруағынан именсең етті». Бірақ, бар даусымен айқай салып, келінін ашық әңгімеге шақырудың орнына кемпір үнсіз жата берді. Уақытында ешкімді бетіне қарсы келтірмеген, ешкімге кеудесін бастырмаған адамның көбі жасы ұлғайғанда өзінен-өзі жүнжіп, басылып, тіпті мінезден айрылып қала ма немене... Баяғы күні болса дәл осылай турасынан тартып, бет-жүзің бар екен деп жатпай тіліп айта салатын мінезін жоғалтып пұшайман болып жатар ма еді, ойбай ау, өз аяғымен жүріп-тұра алатын болса Сара кімге жалынғандай еді? Кемпір әжім айғыздаған бетіндегі сызықтарды қуалай аққан көз жасы тамған жастықтағы гүлдің суретін сипалап жатып, кәрі құлағын тіге түседі. Арғы бөлмеде әлдекімдермен күбірлескен келінінің даусы бері жақындап келеді. Ақыры келіні де келді ау. Келіні бір қарағанда құсқа ұқсайтын. Әсіресе, қырланып келіп, ұшы алға қарай созылып сүйірленіп біткен мұрны оның кеспірсіз етіп көрсететін. Ал, көзі... тереңірек орналасқан шүңірек кішкентай көздер кірпік қақпай бақырайып қарап тұра берер еді. Сүйекті, тарамыс келген ұзын-ұзын саусақтары да құстың қанаттарын еске түсіретін.

Жасы алпысқа келсе де өзін күтіп, баптап қалған әйел ештеңе болмағандай «Мамуля, қалайсыз, бәрі жақсы ма?» деп келіп бетінен сүйгенде кемпір ештеңе дей алмады. Өзін ұнатпай тұрып-ақ бетінен сүйе алатын, алдап-сулай салатын келіннің мінезінің бір сиқыры бар-ау. Қалайша жаратпай тұрған адамның бетінен сүюге болады, дәрет алуының өзі мұң болған бейшара кәрі адамды екі күн бойы күтушісіз қалдырып, бәрі жақсы ма деп сұрау мазақ қылу емес пе? Кемпір меңіреу адамша отыра берді.

Тіпті «күтуші қызды неге жібердің, қарыс жер жүру мұң болып,  шаршап-шалдығып жүріп әжетханаға әрең бардым, соны ойламаймысың» дегенді айту тілінің ұшында болғанымен көмекейі тілін тартып тұрғандай болды.

– Құлағы естімейді-ау үлкен кісінің? Бұл кісі нешеге келген адам? – деп сұрады келіннің қасына ере келген мұсылманша киінген әйел.

  • Құлағы естімесе естімейтін шығар, мамуля 93-те.

  • Ох-хо! Құдай жасты берген екен! – деді бөтен әйел құдды о дәуірден қалып қойған динозаврды тамашалап тұрғандай.

  • Тырнағын бояп алған, үсті тап-таза, енең кербез адам екен.

  • Ой, бұл кісі бақытты адам ғой, ауырмайды да. Оның қасында өзіміз екі күннің бірінде ауырамыз, сүйретіліп әрең жүреміз.

  • Соны айтсайшы, бұрынғының адамдары мықты келеді.

  • Ия, бұл кісі әлі жасайды, шамасы менің де сорпамды ішетін шығар, – деп салды келіні кіржиіп тұрып.

Өздерімен ала келген тамақтарды қойып шай әзірлеген келін әрі-беріден соң мұның бар екенін естен шығарғандай, екеуара әңгімені сапырды дейсің.

  • Мамуляның тәбеті жақсы екен, – деп тамсанды бөтен әйел мұны иегімен нұсқап.

  • Айтып тұрмын ғой, денсаулығы бізден керемет. Бұл кемпір біржақты болғанша біз де жөнімізді табармыз, деп келіні тағы да бұл тақырыпты онша ұнатпайтынын білдірді. Әйелдердің әңгімесінің бірі құлағына жетіп, бірі жетпей жатса да, кемпір Мәскеуде оқып жатқан немересінің көп ұзамай елге келетінін ұққандай болды. Ол және осы пәтерге келіп тұрады екен. Келіні аузын мұның құлағына тақап тұрып сөйлегенде естімек түгілі, аппарат киген құлағы шыңылдап та кетті.

  • Мамуля, Саянға пәтерді бересіз ғой, солай ма?

  • Кемпір естігенін қорытып, сіңіріп жатқандай аузындағысын талмап біраз отырды.

  • Мамуля...

  • Саян келсе келсін, сиямыз.

  • Қалайша? Ол сізбен тұра ма? Жоқ, ол сізбен тұра алмайды, жас жігітке балалар келеді, қыздар келеді, сөз байласып жүрген қызы бар, үйленем десе ше?

  • Сонда... далаға тастаймысыңдар мені? Кемпірдің даусы жарықшақтанып шықты.

  • Мамуля, неге олай дейсіз? Бәрін реттеп, шешіп қойдық, сізді жақсы жерге орналастыратын болдық. Пансионға. Ол жерде өзіңіз сияқты үлкен кісілер бар, әңгімелесіп, араласып, үйреніп кетесіз, бәрі жақсы болады. Апта сайын барып тұрамыз.

  • Саян сөйдеп айтты ма? Мені қарттар үйіне тапсырсын, кемпірдің пәтерін өзім иемденем деген болса... барайын. Бұл жолы кемпірдің даусы ширығып шықты.

  • Причем тут Саян? Мамуля, түсінсеңізші, мына жерде жалғыздан жалғыз отырғанша адамдармен сөйлесіп, өзіңізді қарайтын жерге барғаныңыз жақсы болады. Дәріңізді, тамағыңызды уақытында береді, кіріңізді жуады. Біз апта сайын барып тұрамыз. Уайымдамаңыз.

Кемпір қашанғыдай сабырлы мінезінен айрылмады, бұл оның өзінсіз-ақ шешіліп қойған тағдыр жазуына көнбеске амалы жоғын мойындағаны ма, сабырына жеңдіріп, «ұлым өлген бойда далаға шығарып тастамағанына шүкір, осы уақытқа дейін орнымнан қозғамай, күтуші жалдап жағдайымды жасады ғой, атасы басқа, тәрбиесі бөлек келінге бірдеңе дегеннен не өнеді, одан туған, жат болып кеткен немереге мұңымды шағып не абырой табам» дегенді ойлағаны даналыққа жеткені ме, әйтеуір, кемпір үнсіз отырды. Ал, әйелдер өзара әңгіменің қызығына түсіп кеткендері сондай, қастарында тағы біреудің бар екенін ендігі ұмытып та кеткен. «Кемпірдің ұстаған мүліктерінің барлығын тегін болса да біреулерге беріп жіберіп, жөндеу жұмыстарына кірісу керек. Жөндеу жұмысын жасайтын адаммен де сөйлесіп қойдым. Бағасын да келістік. Төбені әрлеп, еденді ауыстырады, ваннаны кафельдеп, бүкіл сантехниканы ауыстыратын болды, шаршы метріне 25 мың теңгеден аламыз дейді, мейлі ғой, әйтеуір Саян келгенде жарқырап тұрса болды маған. Қанша дегенмен, көптен бері үлкен кісі тұрған пәтер, иісі де жаңаратын болды» деп самбырлап жатты мұның келіні. Жалғыз келінінің осынша пысық болғаны бұған бақ болды ма, сор болды ма, ол арасын ойламапты, әйтеуір, әріден ойлап, бүкіл шаруаны шешіп жүреді, әр істен өзінің пайдасын ойлап тұратын адам.

Түстен кейін мұны мүгедек арбаға отырғызып, киім-кешегін алып, көлікпен кең аулаға келіп кіргенде де көзін жұмып ұйқылы-ояу күйде жата берді. Тіпті кішіпейіл қызметкерлер «14 палата» деп жазылған бөлмедегі дайын төсекке әкеліп отырғызғанда да жақ ашпады. Ішіндегі өз қайғысының салмағы сәт сайын ауырлап, батпандай болып ұлғайып бара жатқаны өзіне ғана білінді. Келіні кетіп бара жатып, тағы да бетінен сүйді.

  • Мамуля, міне көрдің бе, мында қыздар сізге қарап, күтіміңізді жасайды. Жақсылап қараймыз деп уәде берді. Жаңа қарап шықтым, пансионның бөлмесі жылы, таза, тамағы да жақсы екен. Теледидар да, демалыс бөлмесі де бар. Уайымдама, бәрі жақсы болады, біз келіп тұрамыз.

  • Рахмет, шырағым. Келем демей ақ қойыңдар, қайтесің, жұмыстарың бар.

  • Жоқ, келіп тұрамыз ғой. Саян да келеді.

  • Рахмет. Саған ұнаған болса жаман болмас. Сен де қартайғанда осында келерсің , батамды бердім.

  • Мамуля! Не деп тұрсыз? Келін шаңқ етті. Көгеріп-сұрланған беті  кемпірдің көзін шұқып алғысы келгендей.

  • Өзіңізді осынша жыл баққанда айтып тұрғаныңыз не сіздің? Менің де қартайғанда осы жерге келгенімді тілеп тұрсыз ба? Маған да оңай емес!

Бөлмені көрсетіп жүрген қызметкерлер екеуара әңгімені естімеген адамша үнсіз тұр. Олар үшін мұндай жағдай үйреншікті болатын.

  • Зымиян!  – деді келін шығып бара жатып.

***

Кемпір төсегінен басын көтеріп жан-жағына қарады. Бетін әрі бұрып ұйықтап жатқан Бәтиманы көрді. «Өзі бір мінезі жайлы, біртоға адам, мұғалім болдым дейді. Бейшараның үш баласы болған екен, екеуін жерге беріпті. Ашылып әңгіме де айтпайды өзі. Мына бергі төсекте жататын Рыскүл дегені қайда кетті екен? Өзі қашан көрсең де аузына бірдеңе салып шайнап жеп жүргені. Атам заманғы қоңыр чемоданы да көрінбейді. Екі-үш күн сайын шатысып, қайтадан танысып жүретін ол байғұстың ешкімге зияны да жоқ, жұрттың тамағын қоймайтыны болмаса» деп ойлады. Бөлмеге біреу-міреу келе ме деп тағы біраз күтті.

  • Ау, кім бар? Тағы да тырс еткен жан болмады. «Бүйтіп пұшайман қылып жатқызғаныңша ала бермедің бе, құдай-ау», – деді кемпір таусыла сөйлеп.

Оңашада өкпесін де, басқасын да бір өзіне айтып, Құдайды өзінің дос құрбысындай көретін кемпір бұл күннің де  жылт етер жаңалықсыз ақ өтеріне еш күмәнданбады. Ол тек күтуші келіншектердің бірі келіп, дымқылданған жөргекті ауыстырса екен деп ойлады.

Бұл күні терезе алдындағы қоңыр үстелге ешкім жақындамады. Аяқталмай қалған хат та, хат жанындағы құйрық жағы көк қаламсап та жетімсіреп жатты. Қарттар үйінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ кәдуілгі күндерінің бірі еді. Бір мезгілде бөлмеге басына орамалын басып тартып алған еден жуушы әйел кірді. Ол үстел үстіндегі хатты ұмар-жұмар бүктеп шелекке сала берді. Үстелге жапсарлас тумбоны ашып еді, оның ішіндегі бірінің үстінде бірі тізілген конверттерді көріп көзін бақырайтып, ішегін тартты. Тіпті аузындағы шайнаң-шайнаң еткізіп шайнап жүрген сағызын түкіріп тастады.

  • Бұ не хат толған? Ой, алла, осы адамдар да ерігеді! Жұрт демалатын уақыт таппай жүрсе, роман жазған ба немене?

Әйел конверттің сыртына үңілді. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген еді. Ал, ішіндегісін оқуға оның зауқы болмады. Сәлден соң мекен-жайы көрсетілмеген хаттар қара шелекте жатты.

Санитарлар келіп беті ақ жаймамен жабылған Бәтиманың денесін катафалкаға салып алып бара жатқанда қуыстағы он төртінші палатадан «Ух-х, бүйтіп пұшайман қылып жатқызғаныңша ала бермедің бе, құдай-ау», деп зарлана сөйлеген кемпірдің ғана даусы естіліп жатты.


Жадыра ШАМҰРАТОВА