Руханият • 15 Сәуір, 2019

Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (Жалғасы)

1232 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (Жалғасы)

Басы

«Берікжан неғылды екен, есі кіріп, арағын қойса екен, келіншегімен татуласып, жұмысқа кірсе екен, құдай ай. Ақбаяным үйге келді ме екен? Нағашы шешесінің жанында жүріп өзінің туған әжесін ұмытып кетті ау күшік. Есі дұрыс кіре қоймаған балаға не деп ренжисің»?

Бәтима өзінен-өзі ауыр тартып, ұйып тұрған жүрек тұсын ұстады. Соңғы кездері шанши ма, немене. Қаны тасығаны аздай... Бәтиманың ұйқысы қашты.

Берігі өзіне жақын болды. Үлкен ұлынан қапияда айрылып қалғанда жұбанышы болған да кенжесі, бетінен қақпады. Өзі шешесін көбірек төңіректеп, кіріп-шыққан сайын жаңа ғана көргендей шөпілдетіп сүйе беретін ұлын әкесі ғана «осы неме қыздарға ұқсап шешесінің жанынан шықпайды, кіріп-шығып шешесінің бетінен сүйетінді қайдан шығарған өзі»? деп қылығын жаратыңқырамай отыратын. Мектеп бітірген ұлын үлкен қалаға жібергісі келмегені де, кей түні уайымдап шығатыны да өзіне аян. Бірақ, зіңгіттей жігіт болған ұлды қатарынан қалай қалдырарсың, кенжесін шығарып салып тұрып өзіне-өзі ие бола алмай жылап тұрғанда күйеуі «тәйт, қайдағыны шығарып, соғысқа жіберіп жатырмысың, немене көзіңнің сорасын ағызып. Елдің бәрінің баласы оқып жатыр емес пе, не болды?» деп зекіп тастаған. Сөйткен Берігі оқуын тауысып, келіншек алып, тойын қалада жасап, бала сүйіп, шағын шілдеханасын қалада өткізіп, ел қатарлы өмір кешіп жатты.

Күйеуінің екі жылдығын бергеннен кейін Берікке «мынау әкеңнің пенсиясынан жинағаны, өзім де азын-шоғын үстіне қостым» деп бір бума ақша ұстатқан.  Берік ақшаны қалтасына салып тұрып, маңызданып бір әңгімені бастаған.

  • Апа, жақында  сені көшіріп алып кетем.

  • Ойбу, құлыным ай, мені көшіріп алам деймісің, әкем болса сірә да жоқ, жалғыз шешем жападан-жалғыз қалай отырады деп уайымдап жүрсің ау, жарығым, – деген сонда бұл асып-сасып. Тіпті ұлының аузынан шыққан осы сөзді ұзақ күткен адамдай есі шығып қуанғандай ма...

  • Енді көкемнің қайтқанына да екі жыл, қашанғы жалғыз отырасың?

  • И-и, құлыным, садағаң кетейін... Мені уайымдама, елдің іші, әзір қартайып тұрғаным жоқ, өзің болсаң бала-шағаңмен пәтер жағалап жүрсің. Одан да өзіңді ойла. Мен өлмеспін.  

Ұлының көшіріп әкетем деуінің өзі мұның төбесін көкке жеткізгендей болған. Тіпә-тіпә, ұлы жақсы өсіпті. Шешесін жалғыз отыр ғой деп уайымдап, жалғыз қалдырмаймын, көшіріп алам дегенінің өзі неге тұрады! Бәтима «Берікжан осылай деді» деп Рысты кемпірдің құдайы тамақ үстінде де, Самалдың қызына шілдеханасында да әңгіме етті. Айтқан сайын көңілі бір қарысқа биіктегендей болды. Тұңғыш ұлынан бір, қызынан екі айрылып, шалын жерге беріп, жалғыз отырған қарт мұғалімнің ұлы сөйдепті деген бұл сөз бүкіл ауылға тарап, «Берік нағыз азамат екен» десіп жатты.

  • Апа, мен үй алатын болдым, деп хабарлады Берік бірде. Бірақ, ақша жетіңкіремей тұрғаны... Егер жетпей тұрған соманы салсам келер жылы үй дайын.

  • Жетпей тұр деймісің, іий, құлдығым. Қайтсек екен, қолымдағы сауынды, жандықтарды сатайын, шайдың сүтін сатып та алам ғой, тағы ойластырып көрермін, деген шешесі.

Ойластырғанда не қатыра қояр дейсің, қолындағы сауын сиырын сатады. Күйеуі  кеткелі құты қаша бастағандай бірі өліп, бірі жоғалып, жандығы да азайған, соны саудалар, Берікжан ырза боларлық қаражат шықса де. Оншақты тауық бар еді, соны сатпақшы. Бірақ, соңғы кезде жемі де қымбаттап кеткен ол бар болғырлар қайбір қаражат құрар дейсің. Әлде үйді сата ма? Кезінде прораб болып жасаған күйеуі қолынан келіп тұрғанда үйді де, қораны да қатырып ақ салған. Бір кездері ауылдағы ең сәнді де сәулетті үй болғаны әлі де байқалып тұр емес пе. Ал, өзі... Берікжан шақырды емес пе, ұлына бармағанда кімге барады, пенсиясы бар, үйінің бір бұрышында отырар, немересін бағар.  

Ауылдағы қора-жайы күтім көрген, бау-бақшасы жайқалған қызыл шатырлы, қызыл қақпалы еңселі үй тәуір бағаға өтті. Тіпті қызды-қыздымен баласын бөлек шығармақ болған Сәлімбай мен мектептің завхозы «мен алам» деп, «жоқ, мен алам, керек болса үстіне он мың қосып берейін» десіп таласып қалмады ма... Шіркін, үйі де үй ақ еді!

***

Бала-келіні қалада әркімнің пәтерін жалдап жүріп, азын-шоғын ақшаның басын құрапты. Оған өзінің ауылдағы үйін, сиырын, қойларын, тауықтарын сатқан ақшасы мен азын-аулақ пенсиядан артылғанын қосқанда ептеп құралғандай болды, бірақ, қаладағы баспана дегенің тура бір  іргетасына алтын араластырып, шатыры күмістелетіндей удай қымбат болады екен, әлі де жетіңкіремейді, енді келін-бала банктен несие аламыз деп алашапқын болды. Алашапқын болмаған несі қалды, біреуіне барса ол айлықтарың аз екен, қарыз бере алмаймыз депті, екіншісіне барса қайтаратын пайызы көп көрінеді, қойшы, әйтеуір, қаптаған банктің біреуі ғана қарыз беретін болды ау. Енді келін-бала тағы ақ тер, көк тер болып жүгіріп құжат жинады. Сөйтіп, өздері шай сайын әңгімелеп отыратын үйлерінің шаруасын да бірыңғайлай келді-ау. «Біздің үйдің ауданы ыңғайлы, қаланың әр бағытына қатынауға болады екен» деп тап қазір сол үйінің төрінде шәниіп жатқандай сөйлеген ұлының, бар шаруасы түгенделіп, енді тек дүкенге баруы ғана қалғандай «Жиһаз алғанда бірыңғай ақшыл түстен таңдаймын, сонда бөлме кеңірек көрінеді» деп қиялында қалықтаған келінінің сөзіне Бәтиманың да көңілі әжептәуір өсіп, балаларының тілеуін тілеп, «е-е, Алла, осылардың ісін оңғара гөр» деп отыратын болды. Біреудің көңіл-күйі екінші біреудің ойына әсер ете ме немене, өзі де бала-келініне ілесіп, оңашада армандай беретін болыпты. «Ол үйге кірген бойда құран оқытқан дұрыс, әуелі әкесінің әруағы ырза болсын, ағасы Әди мен әпкесі Майра да інісінің өз алдына баспана алып, түтін түтеткеніне көңілдері толып, бір аунап қалар ау. Құран оқытамын дегеніңмен ол да бір той, ауылдағы алыс ағайынды, Зипа құдағиды, өзін той-жиыннан әсте қалдырмайтын Рыстыны да қалдырмауы керек. Ойбау-ау, өзімен бәлен жыл бірге мектепте жасаған Гүлзаданы ше? Қара басып ұмытып кете жаздағанын қарашы?». Бәтима өстіп жатып шақыратын адамдарының тым көбейіп кеткенін байқайды, өзіне салса біреуін де шақырусыз қалдырғысы келмейді, біреуін төрге отырғызады, біреуіне тойбастар ұсынсам дейді. Берікжанның қоныс тойына жиналғандар, әй бір әнді аңқытып, ақ тілектерін жаудырса екен. Бір қараса, қиялымен сол әуелі қүдайы тамақ болып басталып, ақырында тойға ұласып кеткен жиынға келетіндердің әрқайсысына сыйлыққа үлестіретін орамал, кигізетін шапан іздеп жүргені. Өстіп жатып ұйықтап кетеді. Бірақ, бір түсінбегені, әне-міне көшіп баратын үйдің қарасы алыс секілді, ұлының алам деген баспанасы әне-міне алатын дүние емес екен, енді салына бастай ма, әлде енді іргетасы құйыла ма, сондай бірдеңе. Сауатсыз дейтіндей емес, ұзақ жыл ауылдың мұғалімі болған Бәтиманың өзі бұдан ештеңе түсініп жарытпады.

  • Сонда әлгі сатып алған үйлерің қайда?

  • Апа-ау, айттым ғой, фирма ол үйдің құрылысын енді бастайды. Ұлы шешесінің әлі дымды да түсінбегеніне күлкісі келетіндей.

  • Е-е, енді бастайтын үйді әлі жоқ үй десейші, оны қалай сатып аласың сонда? Сонда ол үйді әлі салмаған ба? Бәтима түк түсіне алатын емес.

  • Біз құрылыс фирмасымен келісім-шартқа отырдық, ақшасын төледік, құжаттары қолымызда, фирма келесі жылы үйді тапсырады. Ал, біз оған дейін банктегі қарыздарымызды төлей береміз, бәрі де заң жүзінде,  – деп тәптіштеді келіні.

  • Е-е, мейлі, әйтеуір, баспаналы болсаңдар болды ғой.

Келін-баласының көңіліне қарап осылай дегенімен Бәтимаға бұл тіпті үйлесімсіз шаруа көрінген. Ең болмаса есік-терезесі ғана бітпей қалған үй болса бір сәрі, он екіде бір нұсқасы жоқ құрылысты да сатып алады екен ау.  Әлі көтерілмеген, тіпті сұлбасы да жоқ үй үшін банкке қарыз төлейтіні тағы бар. Бүгінгінің заманы да басқа, адамдарының да ойлауы бөлек пе деді.

***

Бұл дүнияда анау тәтті, мынау тәтті дейді, ең керемет тәтті немере екенін Бәтима енді біліп жүргендей. Апыл-тапыл жүре бастаған Ақбаянның  былдыр-былдыры да, күнде бір өнер шығаратын қылығы да күннен күнге тәтті болған үстіне тәтті болып, күнде тәттінің дәмін алған Бәтиманың өзі де жасарып бара жатқандай. Сәби де әжесіне әбден бауыр басып, қасына өзі жатпаса ұйықтамайтын болған. Ұйықтаса омырауға қолын салып жатады. Баласы мен келіні ерте кетеді, кеште келеді, бір-бірімен шүйіркелесіп асықпай шай ішуге де мұршалары жетпей сүріне жығылады, жексенбі де жұмыс, мереке күндері де жұмыс. Бір шеті мен шегі жоқ, таусылмайтын жұмыс. Ойбай-ау, бұлар қашан тыным көреді сонда? Алашапқын бітпейтін не сүркіл, несие төлейміз, пәтер аламыз деп өле ме? Бәтима қарап отырып таңғалады. Әлдене дейін десе жақ жүндері үрпиіп, көздері кіртип шаршап келіп отырған келін-баланың көңіліне қарайды. Кейде ертелі-кеш бала бағып өзі де шаршап отырады.  

Өзінің қалаға келгеніне бір жылға жуықтағанда келін-баланың қабағы салыңқы екенін, түсіңкі еңселерінен бір уайымға батқандарын байқады. Өздері шешіліп ештеңе айтпағасын не ойласын, жұмыстары ауыр шығар деп ойлайды. Бұрынғыдай болашақта алатын үй туралы да, жаңа ауданға балабақша салынатыны жайындағы, ол үйге алынатын жиһаздар туралы да әңгіме  сап тиылған. Бірде кішкентай Ақбаян өзі жиі көре бермейтін әке-шешесіне еркелегісі келді ме, біресе өзінен-өзі жылап, біресе шайды төгіп, бір уақытта апельсин жеймін деп жыламасы бар ма? Өзі де шекесі тырысып отырған келіні «Алла-ай, неғылған заржақ бала, миымды ағыздың ғой, өзім миым ашып жүргенде» деп айқай салып баланы жағынан бір ұрып ұшырып түсірді. Бала шар етті.

  • Енді ашуыңды баладан аламысың? Оның не жазығы бар? – деп түрегелді Берік те.

  • Алам, енді кімнен алам ашуымды? Бала соңғы кезде еркелеп, жаман болып кетті. Менің жүрісім мынау, баламның қасында отырып баға алмай, құл сияқты жұмыс істеп жүрмін.

  • Енді... кішкене шыдасаңшы, отырарсың...

  • Қашан? Қартайғанда ма? Мына түрімізбен өлгенде бір демалармыз, өмірі жетпейді, жұрттың алып жатқан бір бөлмелі пәтерін армандаумен өтетін шығармыз, деп  әбден жүйкелеп шаршап жүрген келіншек сабасына түсер емес.

  • Болды, тоқтат, мен жетісіп жүр дейсің бе? Екі жұмыста сілелеп жүргенімді көріп отырған жоқсың ба? Күннің шислосынан жаңылып қала жаздап жүргенде кредит төлейтін күн де келіп қала береді. Бір күн кешіксең пине дей ме, банк деген адамды аямайды екен...

  • Оны маған неғыл дейсің, төлегің келмесе төлеме! Атаңның басына төлеп жатырсың ба, фирма ол үйдің құрылысын бастап жатып сол күйі тастап кеткен. Біз ақымақ болып кредитті босқа төлеп отырмыз.

Осылай деп әлде долылықтан, әлде шарасыздықтан солқылдап жылап қоя берген келінін жұбатарын не қолындағы жәбірленіп жылаған баланы уатарын білмеген Бәтиманың шекесі солқылдап қоя берді. Құлағы шулап, қол-аяғы дірілдеп әп-сәтте күйі кетіп қалғаны. Қан тасиды деген осы екен-ау.

***

Бұрын ішкіліктен алты қадам алыс жүретін мұғалімнің ұлы енді үйіне ішіп келетінді шығарды. Жұмысына да бармай қалатын болды. Бірде тым кеш келіп есік қоңырауын басқан ұлына есік ашпақшы болып тұрғаны сол еді, келіні мұны қолымен жасқап әрі өткізбеді.

  • Қажеті жоқ, апа, ашпаңыз.

  • Қарағым ау, ашпағаны несі?

  • Қаңғып, ішіп жүр ғой, жүре берсін. Қарны ашып, ұйықтайтын жер керек екені енді есіне түскен ғой, – деді келіні кекесінмен.

  • Қой, шырағым, қанша ашулансаң да олай етпе. Жолдасың ғой. Кіргіз.

***

  • Апа-ау, мойынымда осынша несие бар, оны не үшін төлеймін, үй де жоқ, ақша да жоқ, отырып қалдық қой, апа-ау, – деп мырс-мырс етіп жылаған Берік сонда.

  • Қой, сораңды ағызба жас бала құсап, онысы несі, заңы бар, закүні бар ел емес пе, үкімет бірдеңесін қылар. Бұлай елді тонатып қойып отырар деймісің?

  • Бұл елде заң жоқ қой, апа-оу, заң жоқ. Елдің ақшасын, мына біздің тірнектеп жинаған ақшамызды алдап қалтасына салған алаяқты шетелге асырып жіберіп отырған жоқ па?

  • Сөз болғаныңа, осы өздерің ғой, заңға сүйеніп құжат жинап несие алдыңдар, заңға сүйеніп фирмамен келісім-шарт жасастыңдар тағы. Сонда қай заңға сүйеніп жүрсіңдер?

Бақсам бақа екен демекші, бала-келіні жиған-тергенін салып баспанасын күтіп жүргенде әлгі фирманың басшысы бүкіл ақшаны қалтаға басып шетелге тайып тұрыпты. Енді ақша да жоқ, үй де жоқ, алданып қалған 300-дей адам ішпей-жемей жинаған қаражатын кімнен сұрарын да білмей дал көрінеді. Едел-жедел белсенді топ құрып, сотқа шағым түсірген екен, олар «ұрыны табуға әрекет жасаймыз, ал бірақ, ақшаның қайтуы неғайбіл» депті. «Бір жөні болар, бір шешімі шығар, ішетінді қайдан шығардың, құлыным ау, қойсаңшы» деп жалынып та айтты, жылап та айтты. Берік шешесіне сөз береді, бірақ, аты беріктігін қайтсын ай, сөзіне берік болмай шықты, тіпті үйге сау келетін күнін санауға айналды бұлар.

Сол қашқаннан қашты ғой береке бұл үйден. Келіннің қабағы ашылмайтын болды, елде жоқты тауып тамақты да бөлек-бөлек ішетінді шығарғанын қойшы, құдағайының екі кештің арасында келіп мұның немересін «өзім қарай тұрам» деп алып кеткені Бәтимаға қатты батты. Сондағы Ақбаянның «әжелеп» шырылдап, кіп-кішкентай қолдарымен мұны тас қылып құшақтап алып, көзінен пора-пора жас ағып жылап бара жатқаны есіне түссе әлі күнге дейін өзінің ішінде бірдеңелер үзіліп кеткендей болады. Құдай ау, үйді үй қылып, іші-сыртын қызыққа толтырып отырған кішкентай Ақбаян екен ғой, сәбиді нағашы шешесі алып кеткелі көшкен елдің жұртында қалғандай болды. Күйеуі қайтқалы да өзінің ауылында екі жыл жалғыз тұрғанда бүйтіп құлазымаған, мүмкін, жалғызсыраған да шығар, бірақ, тап осылай көңілі жарым болғаны есінде жоқ. Бұл дүнияның тәттісі, базары, думаны Ақбаянжан екен.

Енді Бәтима өзін қуыс үйде артық сезініп, отырса отырғанына қысылды, тұрып жүрсе аяққа оралғы болатындай көреді. Ең ақыры үйдің тірлігіне қолғабыс  жасайын десе келіні «өзім жасаймын» деп қолынан жұлып алатын жағдайға жеткенде, «енді қайда барам» дегенді ойлай бастаған. Бұлар жалдап жатқан пәтердің иесі келіп, «пәтерақысын уақытылы төлейтін квартиранттар келетін болды, келесі айдан бастап босатыңыздар» деп кеткенде бұл да іштей бір ойға бекінгендей болды.

Тұңғышы темір табытпен оралғанда теңселіп кетіп құламай қалған еді, екі ұлдың ортасындағы жалғыз қызы жастай марқұм болып кеткенде де сына жаздап, ақыр түбінде «Алланың ісі» деп сабырға келген, талай жыл отасқан ері қайтыс болғанда жалғызсыраса да қайғыға тізгін бермеген. Сонда мұны қолынан жетелегендей қылып алға сүйрелеп алып жүрген кенжесіне деген сенімі болатын, «Берікжан азамат болды, соның баласын көріп, қызығын қызықтаймын» деген үміті еді. Ол үміті де адыра қалғандай. Ұлы тағы ішіп келіп, «Кредит алайық деп бәленің бәрін бастаған сенсің, бар ақшамызды жинап жер алып үй салайық дегенде «балшық басып бейнет кешіп жүреміз бе, елден неміз кем, алғасын пәтер алмаймыз ба» деп аспанға шапшып едің, ал, төле! Үйіңнің орнында қазықтар мен қаңтарылған жалғыз краннан басқа дым жоқ, бар көр! Кредит алайық деп...  енді төле өлгенше» деп қызынып, келіншегіне қолын ала жүгіргенде Бәтима ара түсем деп, екі арада ұлының жұдырығы өзіне тиіп кеткен. Тіпті байқаусызда қолы тиді дегенмен де, бұл оқиға төзімінің соңғы жібін үзіп жібергендей болды. Жатқан жерінде құсып, айналасының әптер-тәптерін шығарған ұлына қарап тұрып ақыры осы үйден кетуге бел буды. Арада бірнеше күн өткенде келіні мұның көзінше Берікке «пәтер иесі босатыңдар деп жатыр, басқа пәтерге ақша жоқ, мен шешемнің үйіне барып тұрам, егер семьяң керек болса барасың, арағыңды қоясың, жұмысқа тұрасың, қисаңдамайсың!» деді. Келіннің шартына ұлы үнсіз келісті. Келіскені ғой, ештеңе демеді, тіпті шешесіне де көз салмай төмен қарап кетті.

Ертеңінде үйде ешкім жоқта Бәтима жинала бастады. Көзіне үйіріле берген жасын тоқтаусыз сүртіп отырып қағаз тауып: «Айналайындар, мені іздемеңдер. Кеткен шығынның орны толар, баспаналарың да болар, ақылдарың болса татуласыңдар да еңбек етіңдер, пенсиямды Ақбаянға деп салып отырам, менің өтінішім – немереме руын үйретіп, атасының жақсы адам болғанын айтып отырыңдар» деп жазып қалдырды.

***

Хат демекші, хат жазу  – Бәтиманың жаны сүйетін ісі. Күншуақта ешкімнің жақсы ісіне көңілі тоқтамайтын, ештеңеден жақсылық күтпейтін Мақпалдың қасында отырып әркімге мін таққанша не Татьяна Ивановнаның он бес рет қайталаған әңгімесін он жетінші рет тыңдағаннан гөрі осы хат жазғаны шынымен де рахат шаруа. Әрі көңілі бөлінеді, әрі әрнені еске алып жадындағы қимас шақтарды жаңғыртқандай болады, әрі ішіндегі шері тарқайтындай. Бұрынғыдай емес, соңғы кездері әріптер бұлдырап, көз алды тұманданып, көзінің көруі нашарлап жүрсе де жазуға бәрібір аңсары ауып тұрады. Бір қалыптан шыққандай тізілген әріптер  бастауыштың баласына жазу үйреткен мұғалімнің қолын аңғартар еді.

«Қадірлі, Бөкес (күйеуінің аты Бөкенбай болатын), – деп бастады хатын ол әдеттегіше. Сосын кібіртіктеп қалды. Кешелі-бері айтпағы көп еді.

Көптен хат жазбай кетті деп ойлап жүрген шығарсың. Жазам ғой. Жазбай қалай шыдайын. Тек соңғы аптада қайта-қайта қаным тасып, мазам болмады. Жоқ-жоқ, сен түк те уайымдама. Доғдыр берген дәрілерді ішіп жүрсем орнына келеді ғой. Бізде бәрі бұрынғыша. Айтпақшы, өзіңді түсімде көрдім. «Мал қораның сылағы түсіпті, құдық көптен аршылмапты» деп сөйлеп жүр екенсің. Мал қораны ана бір жылдары майлап едім ғой, одан бері сол құрымағырға қолым тимей жүр. Ішінде мал болмағасын сәні қайдан кірсін оның. Есіңде ме, біз екеуміз сиыр бұзаулайтын күні не қой қоздаса төлі қатып қалмасын деп ұйқы көрместен енемнің көзіндей болған аспалы шамды алып  шығып, түнімен қора мен үй арасын жол қылушы едік қой. Жаңа туған қозының сүйкімдісін ай, пештің алдындағы қуысқа жәшік апарып, қозыны соған салып, емізікпен сүт бергенде төлдің баласы болса да елжіреп кетесің. Қазір ол қора бос. Қора толы мал қайда дейсің бе? Е-е-е, қайда дерің бар ма? Таусылды ғой. Бірі жоғалды, бірі ауырып арам өлді, коммерсантқа кеткені бар... Малды қойшы, бір жұттық емес пе? Одан да балаңды сұрамаймысың? Екі бауырының артында қалған сарқыты... жалғыз ұлыңды. Енді сұрағалы жатырмын деймісің... Берікжанның жағдайы жақсы. Қолында құдағи бар. Құдағи ол үйде неғып жүр деймісің? Е-е, жүрсе несі бар екен, бөтені емес.  Қалай болғанда да өзінің әйелінің шешесі ғой, далаға тастай ма енді. Оның үстіне тап қазір оңған жұмыс та жоқ. Қасындағы Мәкіш, Қанаттармен арақ ішіп қисаңдап жүргенше енесімен бір шаңырақта, түзу жүргені де дұрыс болды. Әйтеуір, аман болса бопты».

Осы жерде Бәтима өзінің еріксіз күрсініп жібергенінен өзі тосылып қалғандай болды. Үстелден кері шегініп ойланып кетті. Бетіндегі айқұш-ұйқыш әжімі тереңдеп кеткен. Ақбаян былдырлап жүрген, ендігі тақпақ айтып жүрген шығар ау! Немересі туралы ойлаған кезде кемпірдің жүзінде арай жүгіріп өтті.

Үй-байй, белім. Осыкүні ұзақ отырғанды көтере алмайтын болыпты. Тізесі түскір де ұзақ отырса басуға жарамай қалады. Бәтима орнынан екі ұмтылып барып әрең тұрды. Белі қақшиып қалыпты. Үстелдегі жарықты өшіріп, теңселе басып төсегіне таяды.

***

«Бөкес, алдыңгүні жазған хатымды аяқтамағаныма ренжіп жатқан жоқпысың? Не пәлесі барын, осыкүні белі түскір шойырылып қалады. Көзім де бұрынғыдай емес, бұлдырайды. Баяғыдағы, есіңде ме тоқсаныншы жылдары ауылда жарық жоқ, шаммен отырушы едік қой, сарылып оқушылардың дәптерін тексерген қойсын ба, майы таусылған шығар көздің де.

Үлкейдік қой, шал-ау, үлкейдік. Кейде саған айтам дегенімді бір айнала беріп ұмытып қалам. Кейде бір айтқанымды қайталап кетем. Қайтесің, кәрілікке дауа жоқ екен. Ойлап қарасам, екеуміз жаман өмір сүрмеппіз. Сенің қолыңның шеберлігі ғой, ауылда біздің үйден әдемі үй болған емес, әлі де солай. Мен мектепте едім, елдің бәрі сыйлайтын, обалдары қане, әлі де көзкөргендер төрге шығарады. Өзім оқытқан оқушыларым «біздің апай» десіп құрақ ұшап тұрғаны, оларына рахмет.  Үш бала өсірдік, бірте-бірте қорадағы бір сиырымыз бен үш қойымыз да көбейе бастады. Қонаққа бардық, қонақ шақырдық. Сенің сыйлыққа сағат алғаның, грамоталарың бәрі қуаныш еді, облыстағы мәслихатқа барғандағы суретіңді рамкаға салып ілемін бе дегем, соған құнт жоқ қой. Бір жақсы орын тауып ілермін. Үйдің төріне ілмеймісің деуің де дұрыс қой...

Есіңде ме, сен екеуміз алғаш үйленгенде балшық басып қолдан соққан там үйде тұрғанымыз. Оның едені қара қағаздан болатын. Ал, төбесінде бөренелер тұратын. Кейін жаңа үй салдық. Сондағы қуанғанымыз-ай. Мен шаршамастан терезесін замаскілеп, сен ағаш еденді күрең қызыл сырмен сырлап едің ғой. Есік сырлайтын көк сыр таппай сабылғанымыз ше? Бірде сен ауданға барып қобдиша тәрізді теледидар алып келдің. Сондағы балалардың алақайлағаны әлі көз алдымда. «Алақай, біздің үйде де мультфильм болады» деп  Майражан алақанын шапалақтап секіріп еді ғой. Ауласына құдық қазып, цистерна көміп, су таситын машинамен су құйдырып жүрдік. Сыммен қоршау жасап шағын бақша да салдық. Сарай салып, сен төбеге шығып, мен төменнен алып берген лайды құятынсың. Қақпамыз қандай еді? Алғашында мен оны көк сырмен сырлап, сен оған ақ сырмен көлде жүзген аққудың суретін бастырғаның есіңде ме? Кейін төбесін қызыл профлистпен шатырлап, қақпаны да қызыл қақпаға ауыстырғанда одан әрі сәні кірген еді ғой. Балшық басып қора майлайтынбыз. Көктем енді шыққанда біздің үйіміз анадайдан  аппақ болып тұратын. Сонда анау Ләтипалар «Сен осы пысық қатын болып не жедің-ей, елден бұрын үйің ақталып, тіпті бақшаңдағы картобың да елден бұрын шығады» деп қағытатын.

Шыдамың таусылып отырған шығарсың сен шал. «Не айтайын деп отырсың, сипақтатпай айтпаймысың былай жөндеп» деп дегбірсізденіп кететінің бар еді ғой. Айтам ғой, айтам. Айтпай қайда барам. Сол қабырғаларында екеуміздің алақанымыздың  ізі қалған үй енді жоқ. Барын бар ғой, бірақ өзің барып еркін кіре алмағасын жоқтың есебінде емес пе? Ой, құдайым-ай, не айтып кеттім, ол үйде енді Бәтес кемпірдің ұлы Сәлімбайдың Қайыры тұрады. Неге саттың деймісің? Ашуланба, сабыр. Саған бір күні өзім айтармын деп жүр едім, Берікжанның қажетіне жарасын деп, бала-шағасымен тұратын баспанасы болсын деп саттым. Берікжанды қуантқанымды Әди мен Майражанның әруағы құптаған шығар-ау, сен де өкпелемессің»...

Хаттың осы жеріне келгенде кемпірдің қолы жүрмей қалды. Сыртынан қараған адамға оның бүкшиген иығы селкілдеп отырғаны байқалар еді.

«Білем, білем, не ойлап отырғаныңды. Қалқиып соңымда қалғанда сол шаңырақты күзетіп, шырақшы болып отыр демеп пе едім деп айтқалы отырғаныңды да сезіп отырмын. Ій-и, шал-ау, қырық жыл отасқанда сенің бүкіл мінезіңді жаттап, әлі айтпаған ойыңды оқып үлгеретін халге жеттім ғой». Кемпір бұл жолы есіне әлдене түскендей оқыс күліп жіберді. Осы кейпінде көңілі жайланған қалпы күйеуіне  еркелеп отырғандай.

«Жәә, қойшы енді. Бұртима, кішкене бала құсап. Қайтесің. Біз ата-ана ретінде қолдан келгеннің бәрін жасадық, балалардың бөлмесін жасап, алғаш рет тұсқағаз жапсырып, сен қаладан барып балаларға деп парта, кереует сатып әкелген кезің есіңде ме, сонда Әди де, Майра да қалай қуанып еді. Ол кезде ауылда балаларына бөлме жасап беретіндер сирек еді. Бірді айтып, бірге кеттім ау, шаршадым білем. Кеше де әрнені ойлап ұйықтай алмадым, Бөкес-ау. Мен не ойламайды дейсің. Әдижан қасымда болса былтыр елуге келетін жылы еді, ауылдағы көзкөргеннің бәрін шақырып, құран бағыштап,  құдайы тамақ та бере алмадым. Несін айтасың, маған тіпті сол Әдижан аман-сау басқа жақта жүргендей көрінетіні бар. Ана жүрегі сезеді дейтіні қайда, мүмкін, солай да шығар...»

Хаттың осы жеріне келгенде кемпір өзінің сілесі қатып әбден болдырып қалғанын анық сезді. Үһілеп орнынан көтеріліп төсегіне беттегенде өзінің тұла бойының әжептәуір жеңілейіп қалғанына таңғалды. «Айтпақшы, шалға Ақбаянның мұрны мен қасы өзіне тартқанын айтпаппын ғой. Е-е, жарар, шекем солқылдамай ұйықтап шықсам ертең де айта жатармын». Ол көз алдына ежелгі серігін елестетіп жатып ұйқыға кетті.


(Жалғасы бар)