Руханият • 15 Сәуір, 2019

Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (әңгіме)

1620 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Назарларыңызға жазушы Жадыра Шамұратованың "Күзгі жапырақтардай қалтыраған қолдар" новелласының алғашқы бөлімін ұсынамыз. Жалғасы келесі жарияланымдарда.

Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар (әңгіме)

Өзінің үстіне әлдекімнің төніп тұрғанын сезген Бәтима көзін ашып алды. Қаракөлеңкеде күйбеңдеп жүрген Рыскүл кемпір екен. «Осы кісі-ақ жүрегімді жаратын шығар» деп ойлаған күйі Бәтима басын тұмшалап теріс қарап жатты. «Мұнда барлық бөлмеде төрт адамнан тұрады, тек осы он төртінші палатада ғана әзірге  бір адам, Рыскүл әжей ғана бар, соның қасына барасыз. Ол кісі мазасыздау, бірақ адамға зияны жоқ» деген болатын қабылдаушы қызметкер осы жерге алғаш келгенде.

Кімнің қасына бөледі, қалай тұрады, алғаш келгенде бұған бәрібір еді, «Е-е, мейлі, бап таңдайтын не жағдайым бар, бәрібір өз үйіңдей қайдан болсын, не болса да мейлінше оңаша болғаны жақсы» деп ойлаған. Алғаш келген кездері Рыскүлдің қылықтарын тосырқап, тіпті зәрезап болып дәрігерге шағым жасап  көргенімен, бірақ, дәрігер «Ой, ол кісі деменция ғой» деп қолын сілтеген соң, деменцияның не екенін ұқпаса да Рыскүлдің оғаш қылықтарына келе-келе мән бермейтін болған. Бастапқыда Рыскүл кемпір мұны әлдекімге ұқсатты ма, қарт адамдарда бола бермес ширақтықпен ентелей келіп, құшақтай алатын.

  • Үйбай-ау, Боташ, бұл сен бе? Қайдан жүрсің?

Сосын сілекейін жағып мұның екі бетін алма-кезек сүйе бастайды. Осылай күніне бірнеше рет қайталанады. Өткен шақпен ғана өмір сүретін, мұны күн сайын басқа біреумен шатыстырып өзіне жабыса кететін алжыған кемпірді Бәтима келе-келе кері итеріп тастайтын болды. Ондайда кемпір бір сәт мұңайып қалғандай көрінеді де, қалтасынан бірдеңе алып жеп жөніне кетеді,  осыбір екеуіне де ыңғайсыздық әкелетін оқиға демде ұмытылады.

Рыскүл кемпір ала таңнан тұрып алып, күн сайын бір жаққа жиналатын. Дәрігерден естігені, кемпірдің екі ұлы бар, үлкенінің қолында тұрған кемпір әлсін-әлсін үйден шығып кетіп адасып, біресе суды ағызып, біресе газды өшірмей, үй ішін әбігерге салып, ақыры үлкен ұл шешесін поезға мінгізіп кіші ұлына жіберген екен. Шешесі мен әйелінің арасындағы бітпейтін кикілжіңнен миы ашып кеткен кіші ұл оны уақытша осы жерге орналастырып, «бір күні өзім келіп алып кетем» деп уәде берсе керек, содан бері кемпір күнде ертемен әлдеқайда асығыс жинала бастайтын болған. Тумбосының қақпағын ашып әлденені ақтарып, одан тарс еткізіп жабады, үстіндегі жылтыр жіптері бар матадан тігілген көйлектің сыртынан алтын зерлі кәжекейін іледі, оның сыртынан киім ілетін орынға тапсырмай алып қалған ескі пальтосын киеді. Жиектері гүлді-гүлді орамалын жағынан тартып байлайды да бір жаққа асыққандай шыға жөнеледі. Ал ала таңмен жинақтаған чемоданы сол күйі қалады. Ашық тұрған бүкіл есікке кіріп, адақтап кететін Рыскүл өзі тұратын он төртінші палатаны таба алмай ұзақ айналады. Кейде басқалар ұрсып, жұлқылап жүріп өздерінің мазасын алған кемпірді әкеліп кіргізіп тастайды, кейде Бәтиманың өзі адасып жүрген көршісін алып келеді. Ертеңінде Рыскүлдің тағы да асығыс бір жаққа жиналып жатқаны.

Ауру адаммен не әңгіме айтасың, Бәтима соңғы кезде осы жердің басшылығына жасы өзі шамалас көршім болса деп өтініш айтуды да ойлап жүрген. Ол көршісі Рыскүл сияқты деменцияға ұшырамаған, қою шайды тартып отырып, өткен-кеткенді әңгімелеп, бір-бірінің мұңы мен сырын бөліссе дейді. Осы тілегін әне айтам, міне айтам деп жүргенде қастарындағы бос орынға өздігінен жүріп-тұра алмайтын кәрі адамды әкеліп орналастырды. Жаңа көршісі ешкіммен танысуға асықпады. Жасы тоқсаннның үстіне шыққан кемпір келгелі бетін әрі бұрып алып жатады да қояды. Ешкіммен сөйлеспейді. Кейде түнімен жылап шығатынын да біледі. Жылағаны да біртүрлі қорқынышты. Әуелі мұрнын тартып ішінен жылап, бірте-бірте ішінен лықсып шыққан өксігін бас алмай тұншығып, әрі-беріден соң бір жерін ауырсынғандай ыңырси жылайтыны бар. Бұлай ішінде дерті бар адам ғана жыласа керек. Бұлай етіп бүкіл жаны сыздап қоймай ауыратын адамның ғана жылайтынын Бәтима  біледі. Осы жерге келгенде өзі де осылай тезірек түн болса деп күтетін, оңашалықты түнде ғана сезінетін. Мұны түсінетін, жылағанын ешкімге білдірмейтін түн секілді. Түнде ғана басқаға білдірмес мұң-шерінен арылатын, түнде ғана ауылын, ауылындағы ең бір көз тартар еңселі үйін, сол үйде балаларының қалай өскенін, әрқилы қылықтарын, сол үйдің ауласындағы күйеуі екеуі отырғызған алма мен өрік ағаштарын көз алдына әкеліп, күйеуімен, балаларымен өткен алаңсыз ғажайып шақтарды қайыра есіне алып, көз алдынан кино секілді өткізіп шығатын, түнде ғана кейбір қызықты оқиғалар есіне түсіп күлетін. Күлгені де қызық, біреу-міреу естіп қоймасын деп аузын жастыққа тақап екі иығы селкілдеп кетер еді. Сөйтіп жүріп бұл жерге де үйренді, бастапқыда уақытша келгендей әне-міне кері қайтар күні тақалғандай сезімде жүрді де, ақыр аяғында бұл жерді де жерсіне бастады. Адам бейшара кеудесінен жаны шықпай неге болса да үйрене береді екен ғой.

«Бұл жерге мен өзім келдім» деу осындағылардың жиі айтатын сөзі. Балалары сыйғызбай не бақпай осы жерге келуге мәжбүр болып отырып,  «интернатқа балаларым емес, өзім сондай шешім қабылдап келдім» деу өздеріне бір жеңілдік беретіндей. Әрі балаларына жаманат келтірмейін дей ме... Бірте-бірте Бәтиманың да осы жерде жүргеніне қорынатындығы  бәсеңси бастады, қарттар үйіндегі кемпір-шалдардың ішінде қай-қайсысы да жаман болғандығынан осы кепті кимегенін түсінді, қартайғанда осы жерді пана тұтам деп ойламаған, тіпті бұған лайық еш еместермен күнде бір столдың басында ас ішеді. Анау үсті-басын жөндеп, иіссу жағынып жүретін Тимур деген кісі ше, кезінде үлкен басшы болған, балаларын шетелде оқытқан, ол немелері шетелден қайтпаған, кейін кемпірі қайтыс болғанда екі рет инсульт алған Тимур қарайтын ешкімі болмағасын амалсыз осында келген. Ал, Татьяна Ивановна ше? Күнұзаққа кезінде зауытта жұмыс істегенін, цехтағы қызықтарын айтып тауыса алмайтын әңгімешіл әйелдің күйеубаласы оның зауыттан берген пәтерін сатқызып, бизнеске салып, өзін қаңғытып жіберген. Тіпті жақында келген көзілдірікті қария да шенді әскери адам болыпты. Бұл жерге келудегі әркімнің өз себебі бар. Және олардың бәрі де ешкім әкеліп тапсырмай ақ өзі келген.  Өздері солай дейді.

***

Күн бұлттанса ауылын ойлап жаны жабырқай бастайтынын Бәтима соңғы кезде анық байқап жүр. Жазда аппақ шаңы бұрқырап жататын туған ауылға енді бара алмайды-ау... Сол ақ шаңды армансыз жұтар ма еді! Қай бетімен барады, не деп барады?  «Ойбай-ау, мұғалім Бәтиманы баласы қарттар үйіне тапсырып жіберіпті» десіп гуілдесіп жатқан да шығар-ау. Өзіне жетерлік пенсиясымен күнелтіп әп-әсем отырған жерінен астына су шыққандай болып, баласының сөзіне ілесіп, бірдеңеден құр қалғандай  қалаға келді емес пе? Сол өзінің жылы орнында отыра берсе қартайып та тұрған ештеңесі жоқ еді. Бәтиманың ішінде бүкіл жұлын-жүйесін ұстап тұрған нәзік талшықтары үзіліп жатқандай болып, кеудесі шаншып кетті. Іші удай ашығанда өстетін әдеті.

Егер дәл қазір ауылда болса сынық мүйізді қызыл сиырын сауып алып, өріске айдап, мысығы Муркатайға сүт құйып, Шалқар радиосын тыңдап отырып шәйін ішер еді де, бақшадағы азын-аулап картобы мен пиязының арамшөбін жұлып, әрі-беріден соң ауырып жатқан Раяның көңілін сұрап, одан қайтып келе жатып көрші Злиханың қасына отырып ауыл-елдің әңгімесін тыңдап қайтар еді. Бұл кезде Майлыаяқ та мұның соңынан ере жүріп, бұл шыққанша күтіп отырар еді. «Итім ай, өз қолыммен жаққан отымды өзім өшірген менен гөрі ішкен асыңды ақтап үйіңнен ұзамаған сен мың есе ақылды болдың ау, сені де тастап кеттім ау, не күйде екенсің, әлде ит ататындар атып кетті ме екен»? Кетерінде бетін шымшылап сөйлемесе сөзінің дәмі келмейтін Ләтипа «қалаға кетіп бара жатырсың, енді біз сияқты ауылдың қаратаяқ, ақсақ кемпірлерін ұмытасың-ау» деп көзіне жас алмап па еді, сонда бұл мерейі тасып, көңілі шалқып тұрып: «Ұмытқаны несі, мені кім деп едіңдер, қайта өздерің қалаға келгенде соғып, шай ішіп, ауыл-елдің әңгімелерін айтып кетіп тұрыңдар» деген. Сөйткен басы кейін ауылдың бір-екі кемпірі телефон шалғанда «ауырып жатыр едім, қазір сөйлесе алатын шамам болмай тұрғаны» деп сипақтатпап па еді. Е-е, дүние-ай... Енді, міне, өзімен баяғыда мектепте бірге жасап, зейнетке бірге шыққан Гүлзадамен шай ішкенді де арман етіп отырғаны, пеш түбінде немересін ойнатып, әні үй, мына үйдің қонағына барып жүрген шығар деп Ләтипаны есіне алады! Бәрінен бұрын солардың өз ауылында, өз үйіндегі пештің түбінде отырғанын айтсайшы, нағыз бақыт сол ғой, сол. Бағила кейде өзінің сағынышы күн өткен сайын бәсеңдеудің орнына бұрынғыдан да күш алып бара жатқанынан секем алады.

****

Жаңбыр тамшылары бетіне тие бастаса да орнынан қозғалмады. Бойы тоңазыса да отыра берді. Өзінің ауылындағы жаңбыр жұмсақ әрі жылы тиетін, ағаштың жапырақтарынан сырғанай түсіп жерге сіңіп, қалың шөптерді тойындырып болғасын тоған-көлге айналып, көп өтпей сол жердің гүлді алқапқа айналғанын көрер едің. Бұл жақта желге ызалы жаңбыр тақыр жерді сабалайды. Жел мен дауылдан қарайып, қолайсыздықтан көз ашпаған ағаштар емін-еркін бой жазуға қорыққандай бүкірейіп өскен. Тек қарсы жақ беттегі қатар тұрған үш терек қана басқалардан ерекшеленіп тұр. Құдай шебер, осындай да әдемілік болады десе бұрын мән беретін бе еді. Екі жағына ақ терек, ортасына жалғыз сәмбі тал отырғызуға  миы жеткен адамның өзі де бір күні осындай сұлулық пайда болады деп ойламаған шығар. Аулада орындық жетеді, бірақ, осы үйреншікті орындыққа отырса ғана сол үш теректі анық көреді. Орындыққа жайғасып алып сол үш теректің әдемілігіне кәрі жанарын суарады. Күндегісі осы. Анау шеттегісі – Әдиі. Теректің тіп-тік болып, бұталарының да ұзынша бітіп, жапырақтарының да тығыз өсуі айналасына көңілін ашып, сеніп қарайтын ақжарқын ұлының кейпіне ұқсап тұр емес пе? Ортадағы сәмбі талдың әдемілігі, тарала өскен сұңғақтығы, төменгі бұтақтарының иіліп өскені аумаған Майра дерсің. Майра да осындай сұлу, мінезі ұяң болатын. И-и, жарығым... Оң жақ шеттегі терек жастау, бұл өзінің Берікжаны ғой. Қырыққа келген еркекті жас дегені Бәтиманың өзіне ерсі көрінбеді, өзінің көңілінде кенже баласы жаны нәзіктеу, күйректеу. Бәрінен бұрын үш бірдей теректің қатар сап түзеп, сәндері келісіп тұрғанын айтсайшы, кішкентай күндерінде екі жағында екі ұл, ортасында жалғыз қыз болып бауырлар осылай қатар  келе жатушы еді. Бәтима кемпір үш бірдей ақ терекке жақындап келді де, әуелі өзі Берікжан деп атаған біреуін тамырлары адырайып кеткен әжімді қолдарымен аялай сипап өтті. Ішінен не ойлағаны белгісіз, көзін жұмып екінші теректі де, үшіншісін де ұстап тұрып басын көтеріп ағаштың ұшар басына қарады. Осы тұрысында ағаштардың емін-еркін жайқалып өскеніне қуанғанғандай.

***

Балаларын сағынған сайын үш терекке емірене қарайтын мұның мінезін байқағандар таңғалса таңғалып жатқан да шығар. Оған бас ауыртатын Бәтима ма? Қатар өскен үш терекке қарап өзінің үш баласын еске түсіреді, әрқайсысы туралы ойлап, әрқайсысын айналып-толғанып отырғаны.

Е-е, өзі де ағын судай тоқтай алмай, басқаны да алды-артына қаратпай зымыраған уақыт-ай... Әдиі тірі жүрсе биыл елу бірге келеді екен-ау. Балалы-шағалы болып, тіпті немере сүйетін уағы... Кемпір тіп-тік болып өзгелерінен де бойшаң, өзгелерінен де көркем өскен ақ терекке көз салып отырып Әдиін елестетті.

Жаңа жылға төрт-бес күн қалғанда таңғы 4-те ұлына шақыру қағазы келді. «Мен әскери жиынға кететін болдым» деп құдды нағашысының аулына тойға кететіндей мәз-мәйрам болған еді ұлы. «Әскери жаттығуға барамыз, партизан боламыз, партизандыққа үш ай әлде жарты жыл оқытуы мүмкін!» деген тағы арсалаңдап. Он сегізге жаңа іліккен ұлымды әскери жаттығуға жібере алмаймын дегенді совхозда прораб болып істейтін күйеуі де, мектептің бастауыш мұғалімі болып жүрген өзі де айта алмады. Олай деу сол кездегі өзіңе отан, пана  болып отырған мемлекетке жаумын дегенмен бірдей еді. Тұңғышын соңғы рет көріп тұрғандай өзінің еңіреп жылап қоштасып, жаманат шақырғандай болғаны несі сонда? «Апа, оның не, келем ғой, медалімді тағып келем» деген сонда ұлы ақсия күліп. Әди хат жазып тұрды, бірақ, ол хаттың бәрінде «Қазақстандамыз» деп жазылатын. Кейін білді, тапсырма солай екен. Мұның ұлы да сол қолдан жасалған зымиян саясаттың құрбаны болып, сәбет әскерінің арасында Ауған шекарасынан өтіп ұрыс салған көп солдаттың бірі болғанын кейін білді. Кім үшін, не үшін соғысып жатқанын білмейтін құпия соғыста бірі-бірімен жау болған екі мемлекеттің ештеңенің байыбын түсініп үлгермеген жап-жас жігіттері бір біріне оқ атып, қан төгіліп жатқанынан да бейхабар еді жұрт. Тіпті сол жас жауынгерлердің өзінде Ауған деген елді үлкен сәбет мемлекетіне қастандық ойлап, дұшпандық жасады деген түсінік басым болған шығар ау. Шындығында бөтен елдің ішкі мәселесіне, саясатына араласып, соғыс салған сол сәбет мемлекетінің өзі екені ешкімнің миына да кіріп шықпайтын. Аңқылдап, арсалаңдап, өзін осы құпия майдан үшін таңдап алған отаны үшін ерлік жасауға асыққан мұның Әдиінің де құны сұраусыз кеткен. Артынша Сәбет мемлекетінің өзі де құрыды, Ауған соғысының неге қажет болғанын да, қандай маңызы болғанын да ешкім ашып айта алмады...

Сол күнді ұмытайын деп, санадан біржола өшірем деп тырысқанымен  көз алдында қалып қойды. Әдеттегіше сабақ өтіп жатқан, есікті тықылдатып «сізді директордың кабинетіне шақырып жатыр» дегенге «алдағы парадқа оқушылардың әзірлігін сұрайтын шығар» деп іштей жауабын дайындап кабинетке кіре бергенде бір топ адамды көріп тосылып қалды. Мұның күйеуі де осы жерде екен, совхоздың директорынан бөлек аупартком хатшысын, оның жанында ере жүретін екі жігітті шырамытқандай болды. Әскери киімдегі екі жігіт ағасын ғана танымады. Мұғалім емес пе, топ кісінің көңіл-күйінен жайшылық еместігін аңғарып үлгерді. «Сіздің ұлыңыз Әди Смаханов еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау кезінде қаза тапты» деген қағазды оқып бергенде аяғының астындағы жер қозғалып, шекесі шым етіп, көзінің алды бұлдырап жүре берген... Артынша тікұшақпен денесін де жеткізді, бірақ, «Темір табытты ашпайсыңдар, ашуға рұқсат жоқ» деді. Бұйрық қатты еді. Ұлының жүзін соңғы рет бір көре алмай шерменде болған көңілі де жылдар өте жұбанғандай болған. Осы күні ойлайды, сол темір табыттың ішіндегі мұның ұлы емес, мүлдем басқа біреу болуы да, тіпті соның бос табыт болуы да мүмкін-ау. Көрші ауылдағы ауған соғысынан аман келгенімен қаны бұзылғаннан маскүнемге айналған Сатай деген жігіттен сол интернационалист жігіттердің қаза тапқандарынан бөлек тұтқынға түскендері де көп екенін естіген. Ал, тұтқынға түсіп, ондағы азапты көтере алмаған қазақ жігіттері ия өздерін жарып жіберген, ия сол моджахедтердің өзімен қарсыласып, солардың қолынан өлген көрінеді. Бұған өзінің Әдиі де тұтқынға түсіп, бірақ одан босап шығып, әлемнің бір шетінде аман-есен  жүрген сияқты көрінеді. «Қандай болды екен, ет алып әкесі секілді төртбақ жігітке айналды ма екен, әлде нағашылары сияқты сидаң қалпында ма екен. Бала-шағасын ертіп бір күні келіп тұрса... Әскерде із-түзсіз кетіп не есін жоғалтып алып, арада бірнеше жылдар өткенде қайта табылып жатқандар аз ба... Расымен де елге келіп жатса, туған үйінің орнын сипап қалатын болды-ау...»

Бәтима енді ортадағы сәмбі талға көз тоқтатты. Иіліп біткен талдың бұтақтарындағы жапырақтары желдің болмашы лебімен өзінен өзі дірілдеп тұрғандай көрінеді. Майрасының да жүрегі осылай лүпілдеп, сәл нәрседен әсерленіп, сәл нәрсеге көңілі босап жүретін. Кісіге жаны ашып тұратын мейірімді баланы айналада бәрі жақсы көрді. Алдындағы ағасы Әдидің қайғысы оған да оңай болмады. Ерте есейді, соңынан ерген Берікті жанындай жақсы көріп еркелететін. Тіпті бұлар уайымдайды деп өзінің сырқатын да жасырғанын кейін білді ғой. Құлыным ай, дертің жаныңа батқан кезде де өзгенің жайын ойлағаның неткенің, тым болмаса туған анаңа ашылып, осылай еді деп айтсаң ғой, бәлкім ертерек қаратар едік, ем қонар ма еді? Отыз жеті жас дегенің өмірді нағыз еркін сүріп, жайраң қағып жүретін кезің еді, қайтейін. Көрші ауылдағы әйелдерден кейін барып естіді ғой, мас болып келіп, «маған сенің не керегің бар, одан да жыл сайын балалайтын ұрғашы мысық бақпаймын ба?» деп тепкілейтін күйеуінің қорлығына да шыдап жүріпті ғой, құлыным-ай...

***

Енді өзі Берікжан деп атап кеткен, оң жақ шеттегі жастау терекке жүзін бұрғаны сол еді, ғимараттан ұбап-шұбап шыққан кемпір-шалдардың бірінен соң бірі тізіліп орындыққа қарай беттегенін көрді. Таяғымен жерді тесіп жіберердей нығыздап жүрген етжеңді Мақпал тоқтай қалып бұған қарап ернін сылп еткізді. Оның басқалардың ісіне баға беріп, ернін шығарып жүретін әдеті. Үсті-басын жөндеп, иіссу жағынып жүретін кербез Тимур орындыққа бұрылмастан ағаш арасына серуендеп кетті. Ауыр денесін әрең игеріп, ентіге демалатын Татьяна Ивановна күндегіше әңгіменің беташарын жасап бастады.

  • Қан қысымым тағы жоғары, ой-ой-ой, мен осы көпке бармайтын шығармын. Матвей ата құсап ұзақ жатпасам болды, алса қинамай алсын деді, – тура Құдайдың өзімен келісім-шартқа отырып жатқандай.

  • Қан қысымы бәрінде де бар ғой, оның емі де бар көрінеді, газеттен оқыдым.

  • Ой, бос әңгіме, қаншама емді тауып жасап көрдім, біреуі де көмектеспеді.

  • Е-е, сен өзің пенсия алған сайын базарға барып келсең тәуір болып кететін едің ғой.

Бәрі күлді. Осы кезде басына ақ қалпақ, үстіне ақ көйлек киген қартаңдау ер адам шығып бұларға бұрылмай қарсы беттегі орындыққа отырды.

  • Мына кісіні бір жерден көрген сияқтымын, – Татьяна Ивановнаның сөзіне ешкім елеңдеспеді.

  • Бәріміз де көрдік, кеше келді, Тимурмен бірге тұратын болды. Өзі әскери адам болған ба, әйтеуір, мінезі дікең-дікең... Мақпал кемпір қашанғыдай жаңа ғана келген адамның мінін көріп үлгеріпті.

  • Әскери адам дейсіз, бәсе,бәсе, дұрыс айтасыз, бұл кісіні білем. Бұл отставкадағы полковник қой! Татьяна Ивановна орнынан ауыр көтеріліп, қорбаңдай жүріп, қолындағы әлдебір қағаздарға үңіле отырған қартқа жақындады.

  • Роберт Галимович!

Анау басын жұлып алды. Жүзінде  «Мені кім танып жатыр?» деген таңданыс бар.

  • Роберт Галимович, бұл мен ғой Татьяна Ивановна.

Қарт қалпағын жөндеп орнынан тұрып, денесі кең-мол пішілген қартаң әйелдің ия қолын алып, не болмаса құшақтай амандасудың да ретін таппай, осы тұрысы да өзіне сөлекет көрініп, ақыры қолын ұсынды.

  • Кешіріңіз... айып етпеңіз... кішкене танымай қалып жатырмын...

  • Сіз біздің департаментке орынбасар болып келгенде бөлімде жай қызметкер едім ғой. Жарайды, ештеңе етпес, сіздер үлкен қызметте, біз кішкентай адамдармыз, сіздердің бізді тани бермейтіндеріңіз айып емес.

  • А-а, сіз одан кейін комитетке ауысып кеткен жоқпысыз?

  • Міне, енді есіңізге түсті, дұрыс айтасыз... сол кезде департаменттерді ботқа жасап жатты ғой.

  • Татьяна Ивановна, сізді танымай қалғаным... арада біраз жылдар өтті ғой.

  • Ия, Роберт Галимович, ол кезде жас келіншек едік, оның орнында фигурасы өзгерген  келіншекті қайдан таниын деп едіңіз? Татьяна Михайловна өзінің әзіліне өзі денесі дірілдей күлгенімен сөзінің соңы мұңая шыққанын өзі де сезді.

  • Өзіңіз бұл жерде қайдан жүрсіз? деп сұрағаны ыңғайсыз болды.

  • Бұл тағдыр..., – деп қана қоя салды ақ қалпақты қарт.

Тағдыры да, мінезі де бір-біріне ұқсамайтын бұл адамдар күндердің күні болғанда осы жерге тоқайласамыз деп ойламағаны анық.  

«Қариялар күніне» арнап концерт болады екен, волонтерлар келіп мерекелік шаралар өткізеді екен дегенге өз аяғымен жүретін үлкендер кәдімгідей елеңдесіп қалды. Түгі қырқылып, беті ағал-жағал болып, әр жер-әр жерінен жіптері тарқатыла бастаған көнетоз кілемнің орнына жаңасы жайылып, холлдағы үй өсімдіктерінің арасына шын гүл атып тұрғандай көрінуі үшін жасанды гүлдер қадалып, жаңа жаймалар мен сүлгілер таратылып, дайындық басталғаны кәдімгідей той болатындай көңіл-күй сыйлайды екен. Қариялар мерекені жақсы көреді. Ауылдарында болса тойдың көркі болып, бата беретін, құдайы тамақтан қалмай төрде отыратын қариялар ғой, қазынаның аядай бөлмесінде отырып кейде бір-бірімен келіспей шәңкілдесіп қалатын кездері де бар. Өз өнерлерін көрсететін сайысқа қатысам деп бірі  кестесін тігіп, бірі сурет салып, бірі қол күреске дайындалып, кәдімгі мектеп жасындағы балалар секілді ынтығып жүр. Қартайған балалар дерсің. Бетінде «осы жердің басшысы өзім» деген жазуы бар етжеңді әйел кіріп келе жатқанда да қариялар балалар секілді орындарынан тұрып, бір-бірімен жағаласа, басшы әйелмен қауқылдасып амандаса бастады.

Ауылда жиын-тойға киіп баратын қамзолын киіп, басына ақ шарқатын төгілдіре байлаған Бәтима бұл күні де ешкімге қосылмай, бәрін сырттай бақылап отырды. Екі құлағының бірдей тосаңы болғандықтан әңгімеге араласа бермейтін Мәликенің қасында отырды да қойды. Бір сәттік қуаныштың өзі адамның көңілін бірлеп, бір сәтке болса да дертін, сырқатын, мұңын да ұмыттыра алатыны қандай жақсы. Бұл жердегілер де осы бір жоқ жерден табылған жаңалықты көптен күтіп жүргендей, кәдімгідей серпіліп қалғаны байқалады. Осы бір өзгелер үшін елеусіз болса да қариялардың жарым көңілін аулаған мерекені ойлап тапқан адамның басынан айналмаймысың! Әншейінде аяғым бастырмайды деп шағынатын қариялардың өзі ортаға шығып шоқырақтай, тапырақтай билеп, құлақтан қалдық дейтіндер естіген тамашасына мәз болып, көзімнің алды тұман, ештеңе көрмеймін деп жүретіндер концерт көріп, қолдарын шапалақтап жатқанда Бәтима  өзінің күйеуін ойлап отырды. Ауылда болса құран оқытып, Жәрдемғалиды, ана көшеден Бергенді, үйге жақын жердегі Сәлиманы, Зипа құдағиын шақырып құдайы тамақ берер едім ау деп күрсінді. Көптен өзі оған хат та жазбады...


***

Бірте-бірте он төртінші палатаға жуырда келген жаңа көршісі де басын көтеріп отыратын болды. «Ананы жемеймін, мынаны маған болмайды, кеше мені жуындырған жоқ» деп кірпиязданып, қалтылдап отырып-ақ шашын тараған болып, тырнақтарын егеп, беті мен қолына балалар кремін жағып отыратын әдетінен күнінде күтініп, болып-толған қалалық адам екенін байқады. Тоқсанның үшеуінде екен. Құдай-оу, оңай жас емес, Бәтиманың өзі жетпістің төртеуіне биыл шықса да жүрегі қағып, қан қысымы көтерілгенде құлағы шулап, аяқ-қолы дірілдеп жатып қалады. Шекесі қысып, құсып барып адам болатыны бар. Томаға-тұйық көршілердің кереуеттері тым жақын болса да өздері  емен-жарқын сөйлесіп кете алмады. Кейуана өзінен жасы кіші адамға да сіз деп сөйлейтін сыпайы екен.

  • Менің атым Сара, бұл жерде менен үлкені жоқ шығар, Сара тәте десеңіз болады, өзіңіздің балаңыз бар ма еді? –деп сұрады бұдан бірде.

  • Бар...

  • Ааа? Құлағым  ауырлау.

  • Үш балам болған...

  • Е-е, үш баласы барлар осы жерде тұрып жатқанда баласы өліп келініне қарап қалған менің өкпелеуім артық екен ғой, – деді кейуана сөзін үзіп-үзіп.

  • Үш балам болған, біреуі Ауған соғысынан оралмады, қызым аурудан кетті, біреуі... тірі.

  • Е-е, мейлі, қалғаны аман болсын. Өз балаңа өкпелесең де амандығын тілейсің, ешқандай жамандыққа қимайсың.

  • Балам жаман емес, келінім де...

  • А-ау? Естімейм...

  • Бұл жерге өзім келдім деймін. Соларға салмақ болмайыншы деп.

  • Бұл жерге келгеніңізге көп болды ма?

  • Жарты жылдай болып қалды-ау.

  • Балаң болып тұрып өзің келді не, басқа себеппен келдің бе, айырмасы қанша? Тоқсандағы кемпірдің сөзі табалағандай, кеудесіне тура бағытталып, өкпесіне қадалғандай болды. «Сөзі мірдің оғындай, шамасы өзің келінмен сыйыспай келіп отырған кесір кемпірсің ау» деп ойлап үлгерді.

  • Ай, қарағым-ай,  – деді өзімен-өзі сөйлескендей кемпір күрсініп. – Әке-шеше балаға салмақ болушы ма еді? Біз соларды салмақ болады демей-ақ туып, өсіріп, жеткіздік. Ертең оларды да өз балалары салмақсың деп үйге сыйғызбаса әділдік пе?

Бәтима үндемеді. Күнде өзімен-өзі теріс қарап жата беретін көршісінің бүгін қайралып алғандай нығарлай сөйлеп отырғанына да таңғалып отыр.

  • Қарап отырғанша  сөйлесуге шақырғаным ғой. Сөйлескіңіз келмесе өзіңіз білерсіз. Он сегіз жылдан бері күтушімен отырып, өзім де кісікиік болып кетуге қалған адаммын. Күтушімен не айтасың? Олар жұмысын атқарып жатырмын деп ойлайды.  Іштерінен сені мүсіркейді тағы. Кешіріңіз, сіздің мазаңызды алдым ау деймін, бір жеріңіз ауырып тұр ма? Түріңіз ауырып тұрғанға ұқсайды, – деді кемпір ақырын.

  • Ештеңе етпейді, басым ауырып...

  • А-а?

  • Қазір қояды деймін, – деген Бәтима қалтасын қарманып дәрісін іздеп жатты. Соңғы кездері қит етсе қан қысымы көтерілетін болған.

Бүгіндікке күндегісінен көп сөйлеген кемпір тыншып, қайтадан теріс қарап жатты.


(Жалғасы 1)