Спорт • 15 Сәуір, 2019

Қазақстан ҰОК Лозаннадағы ХОК форумына қатысып жатыр

1017 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Швейцарияның Лозанна қаласында спортшылардың халықаралық 9-шы форумы өтуде. Аталған жиын 2019 жылғы ауқымды спорттық басқосулардың біріне баланып отыр деп жазады Olympic.kz.

Қазақстан ҰОК Лозаннадағы ХОК форумына қатысып жатыр

Форумға Халықаралық олимпиада комитетінің барлық 206 мүшесі қатысып жатыр. 

Жиын барысында ХОК комиссиясының 2017 жылы қарашада ұсынған даму стратегиясы сөз болмақ. Нақтылап айтар болсақ, әлемдегі әрбір спортшының құқығы мен міндеттері және мүмкіндіктері туралы мәселе қозғалады. 

Форумда қатысушылар кең көлемді екі отырыс өткізіп, ортақ мәселелерді өзара талқылайды және ХОК президенті Томас Бахқа тікелей сұрақтарын қоя алады. 

Қатысушылар арасында Қазақстан ҰОК өкілі, халықаралық қатынастар Департаментінің директоры Әлімжан Ақаев та бар. 

«Бұл спортшылар мен жастарға және допингпен күресу мәселелеріне арналған өте маңызды әрі қажетті форум. Жиында қозғалған сұрақтарды біз еліміздегі әріптестерімізбен, яғни, ұлттық федерация өкілдерімен талқылайтын боламыз. Бұл спортшылар Комиссиясының ролі мен допингке қарсы саясат, Олимпиадалық ынтымақтастық және спортшыларға арналған халықаралық бағдарламалар», - дейді ҰОК халықаралық қатынастар Департаментінің директоры Әлімжан Ақаев.