
Өзбекстан тарапы Қазақстан басшысын ыстық ықыласпен қарсы алды. Бауырлас ел Президентінің резиденциясы – «Көксарайдың» алдында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, құрметті қарауыл сап түзеді. Көңілге жылылық сыйлайтын бұл көріністерден бөлек, Президент Қ.Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келетіні нақтыланған күннен бастап Ташкенттің көшелеріне, саябақтарға, мемлекеттік мекемелер мен зәулім ғимараттар алдына екі мемлекет туларын қатар желбіретіп қойғанын көргенімізде, қала тұрғындарының Қазақстанға деген ақ ниетке негізделген жылы лебіздерін естігенімізде шын мәнінде Өзбекстан жағының біздің елімізге деген көңілі ерекше екенін ұғына түстік...
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен ықпалдастықтың мазмұнына жоғары баға берді, сондай-ақ келіссөздердің күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша жемісті пікір алмасатынын жеткізді.
– Менің міндетім – байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын. Кеше саяси, тарихи, мәдени, гуманитарлық сияқты бірқатар мәселеге қатысты алдын ала пікір алмастық және тарихи тұрғыдан халықтарымызға ортақ көп дүние бар деген түсінікке келдік. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-Министр, Сенат Төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Сондай-ақ Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентінің сапары соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан саяси диалогтың дәйекті жалғасы екенін айта келіп:
– Сіздің Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарыңызды жоғары бағалаймыз. Бұл сапарыңыздан біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге деген ұмтылысымыз айқын көрінеді. Біз үшін Қазақстан – тату көрші әрі стратегиялық маңызды әріптес ел. Біз ынтымақтастығымыздың барлық салалар бойынша оң динамикасына қуанамыз, – деді Өзбекстан Президенті.
Сонымен қатар Ш. Мирзиёев қазақстандық тарапқа екіжақты байланыстардың нығаюына тың серпін берген Өзбекстанның Қазақстандағы жылын табысты өткізгені үшін ризашылық білдірді.
Жоғары дәрежеде өткен шағын құрамдағы келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда кездесті. Оған президенттермен қатар екі елдің министрлері және ірі компаниялар жетекшілері қатысты. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.
– Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық, – деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан Президенті қазіргі саясат екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне толықтай сәйкес келетініне тоқталып, келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін үкіметаралық комиссияны үкіметтер басшыларының деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданғанын айтты.
– Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар бағыт бойынша реформалар жүргізіп, соның ішінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы либерализациялауды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде таңғаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, – деді Қазақстан Президенті.
Кеңейтілген құрамдағы отырыста Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастағанына тоқталып, бұл қадамның стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, қалыптасқан қарым-қатынастарды жалғастыруға бағытталғанын жеткізді.
– Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық, – деді ол.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамдағы кездесуде екіжақты және халықаралық байланыстардағы өзекті мәселелер жөніндегі, нақтырақ айтқанда БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін атап көрсетті.
Аталған кездесуде соңғы екі жылда қос тараптың өзара әріптестігі жаңа деңгейге көтерілгені, аймақтар мен іскерлік орталар арасындағы байланыстар жанданғаны, соның нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, 2018 жылы бұл бағытта серпіліс болғаны, сауда айналымы 50 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асқаны сөз болды. Сонымен бірге жиында тараптар таяу жылдары сауда айналымын 5 миллиард доллар деңгейіне жеткізуді көздейтінін, қос мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияға сауда қатынастарын кеңейту, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа ұзақмерзімді нысандарын табу және дамыту тапсырылды. Бұл өз кезегінде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға, сауданың, инвестиция саласының, логистиканың, интеграцияланған индустриялық технопарктердің, ғылыми-инновациялық кластерлердің және еркін экономикалық аймақтардың өміршең жаңа жобаларын іске асыруға ықпал етеді.
Тараптар 2018 жылдың қарашасында Шымкент қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Аймақаралық ынтымақтастықтың бірінші форумының, сондай-ақ Ташкентте 2019 жылдың наурызында өткен Орталық Азия елдерінің Бірінші аймақтық экономикалық форумының нәтижелеріне оң баға берді.
Келіссөздер барысында көлік, логистика және өнеркәсіптік ынтымақтастық саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты дамыту біздің елдеріміздің экспорттық әлеуетін және транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтетіні атап өтілді. Сондай-ақ туризм, мәдениет, ғылым және білім саласында әріптестікті арттыру мүмкіндіктері қарастырылды әрі 2018 жылы Өзбекстанның Қазақстандағы жылының сәтті ұйымдастырылғаны, оның біздің халықтарымыз арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтқаны қозғалды.
Қазақстан тауар айналымы бойынша Өзбекстанның Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші сауда серіктесі.
Ынтымақтастық барлық салада қарқын алғанда ұтымды
Шағын және кеңейтілген құрамда өткен отырыстардан кейін Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёев кездесулер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын жеткізді әрі қонақжайлық танытып, жылы қабылдағаны үшін өзбек халқына алғыс айтты.
– Қазақстан Президенті ретіндегі шетелге алғашқы сапарларымның бірін бауырлас Өзбекстан еліне жасауымның символдық және тағы басқа мәні зор. Сонымен қатар бұл сапардың Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Осы шара халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі. Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы серіктестікті нығайтуға және қарым-қатынастарды дамытуға зор мән беретініміздің дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың нығаюы мен дамуы жолындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің рөліне ерекше тоқталды.
– Олар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық тарихының жаңа парағын ашып, біздің байланыстарымызды жаңа әрі сапалы деңгейге шығарды. Қазақстан басшысы ретінде мен Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жан-жақты дамуын жалғастыра беремін. Бұған дәлел ретінде бүгін біз қол қойған негізгі жетістіктеріміз бен ынтымақтастық көкжиегінің келешегі қамтылған президенттердің Бірлескен мәлімдемесін айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев: «Қазақ пен өзбек халқы тарихи тағдырымен тығыз байланысты. Біздерді мыңжылдықтарды қамтитын түркілік тамыр, тіл, дін және мәдениет біріктіреді. Бүгінде біз осы негізде кең ауқымды кеңістікте қарқынды дамып келе жатқан берік және үйлесімді қатынастарды орнықтырдық», деді.
Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы жоғары деңгейді айта келіп, Қазақстан Президенті осы жоғары көрсеткіштерді одан әрі қолдау үшін бірқатар шара қабылданатынын жеткізді.
– Жаңа мүмкіндіктер іздеп, тауар номенклатурасын кеңейту қажеттігі туралы айтылды. 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өндірістік кооперациялардың дамуы бойынша, Мемлекет басшысы бизнеске жасалған жағдайдың нәтижесінде екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны артқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, 2017 жылдың басында Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 900 компания тіркелсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 1400-ге ұлғайған.
– Мұндай ынтымақтастықтың мысалы ретінде Қазақстандағы бірлескен жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техникаларды құрау жобаларын айтуға болады. Аталған салалардың біздің экономикаларымыз үшін маңызы зор болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында Өңіраралық ынтымақтастық форумының сәтті өткеніне тоқталып, мұндай кездесулердің екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
– Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі ерекше қаралды. Бұл жобаны жүзеге асыру шекаралық аймақтағы сауданы реттеп, бақылау-өткізу инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ Орталық Азияда ірі сауда-логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан басқа Қазақстан Президенті отын және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, экспорт-импорттық, транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысын кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырып, Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын дамытатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті еліміз бен Өзбекстанның сауда-экономикалық салада Орталық Азия бойынша жетекші орын алатынын атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы екіжақты қатынастың жоғары деңгейін ұстап тұру үшін түрлі шаралар қабылданатынын, Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумдары, сауда миссиялары мен өнімдер көрмесі тұрақты өткізілетінін жеткізді.
Президент Қ.Тоқаев Қазақстан-Өзбекстан қатынастары мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынын мәлімдеді.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке, бүкіл өзбек халқына жылы қабылдағаны мен қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын білдірді және Өзбекстан басшысын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар қарым-қатынасты дамытудың ұзақ-мерзімді мақсаттарының ортақ екенін растап, күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады, сондай-ақ жаңа сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен шараларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын нығайтуға және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге баға жетпес үлес қосқаны үшін қазақ халқының біртуар перзенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның мемлекеттігін нығайтудағы, берік азаматтық қоғам қалыптастырудағы, заманауи және бәсекеге қабілетті экономика құрудағы, халықаралық аренадағы ел беделін арттырудағы зор жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты, – деді Өзбекстан Президенті.
Сонымен қатар Шавкат Мирзиёев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.
Жалпы, баспасөз мәслихатында мемлекеттер басшылары терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жақын әрі мығым достық қатынастардың өспелі сипатын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру екі бауырлас елдің мүдделеріне жауап беретініне сенім білдірді.
Президенттер, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта бекітілген принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас беріктігін растай отырып, мәлімдеме жасады (Мәлімдеме мәтіні бөлек беріліп отыр).
Бірқатар екіжақты құжаттар бекітілді
Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім; Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстан уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталармен алмасу түріндегі келісім; Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы; Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Қорғаныс министрлігі арасындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Қорғаныс министрлігі арасындағы Әскери ұшақтарды қабылдау, аэродром-техникалық қамтамасыз ету және әскери аэродромдарда әскери әуе кемелерін күзету туралы келісім; Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік және гуманизм монументіне гүл шоғын қойып, өзбек халқының азаттығы үшін күрескен бабалар рухына тағзым етті. Ташкенттің Мустакиллик алаңында орналасқан бұл монумент өзбек ұлтының бейбітшілік пен бостандыққа, мейірімділік пен тату көршілікке, достық пен бауырластыққа ұмтылысын айшықтайды. Монумент ою-өрнекпен безендірілген металды сфера бейнесінде салынған және онда Өзбекстанның картасы бейнеленген. Қолында баласы бар бақытты ана мүсіні ескерткішке көрік беріп тұр.