Аймақтар • 16 Сәуір, 2019

Павлодар облысында биыл қант қызылшасы өсіріледі

986 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде алдағы уақытта қант зауытының құрылысы да жоспарлануда.

Павлодар облысында биыл қант қызылшасы өсіріледі

Алдымен облыс орталығының  іргесіндегі Кемеңгер  ауылында орналасқан «Ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында» қант қызылшасының тұқымы егіліп, сынақтан өтеді. Кейін суармалы алқаптарға  егіледі.

Жобаны жүзеге асыру үшін қант қызылшасын өсіруге топырағы мен ауа райы қажеттігін ескеріп, әр ауданынан картоп өсірумен айналысатын 11 шаруашылық таңдап алыныпты. Шаруашылықтар бір гектар алқапқа қызылша отырғызуы тиіс. Қазір жеті түрлі түрі таңдалып, тұқым сатып алынған. Ғалымдар қант қызылшасының солтүстік өңірдің ауа райына лайықталған жергілікті сорты мен тұқым түрін егуді ойластыруда.

Институт мамандарының айтуынша, өңіріміздегі аудандар жері қара топырақты және қоңыр топырақты болып бөлінеді. Сондықтан,  топыраққа түсетін ылғал мөлшеріне байланысты егілетін өсімдіктер де сол жағдайға бейім болуы керек. Қызылша жылуды  жақсы көреді,  ылғалды құнарлы топырақ керек.

Қара топырақты жерде бидай, арпа, сұлы жарма дақылдарынан қарақұмық, майлы дақылдардан күнбағыс, рапс, зығыр, көпжылдық шөптерден жоңышқа, эспарцет, арпабас жақсы өседі.

Ал, қоңыр топырақты жерде қара бидай, жарма дақылдары тары мен қарақұмық, майлы дақылдар,  еркекшөп, эспарцет, көпжылдық қара бидай егу тиімді.

Институтта жыл сайын сынақтан 14 мыңнан астам түрлі дақылдардың сұрып үлгілері өткізіледі. Қазіргі кезде жаздық жұмсақ бидайдың 5 сұрыбы селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енгізілген.