Астана абыройын асқақтатқан елордалық құқық қорғаушылардың еңбегі ерен
Жұма, 22 маусым 2012 8:26
Ел азаматтарының асқақ арманы астанамен астасып жатқандықтан жаңа елордамыз Астана алымы асқар шыңдардан асып түсті. Бұл бүгінгі халқымыздың арманы мен үкілі үмітінің шындыққа ұласып, еліміздегі теңдессіз ұлы істердің нақты куәсі болғандығының бір парасы деп білеміз. Оның айшықты дәлелі асқаралы астанамыздың абыройын күн санап сындарлы іс-әрекеттерімен әр салада асқақтатып жатқан түрлі ұйымдар мен мекемелердің, жекелеген адал адамдардың қызметі екендігі сөзсіз.
Жұма, 22 маусым 2012 8:26
Ел азаматтарының асқақ арманы астанамен астасып жатқандықтан жаңа елордамыз Астана алымы асқар шыңдардан асып түсті. Бұл бүгінгі халқымыздың арманы мен үкілі үмітінің шындыққа ұласып, еліміздегі теңдессіз ұлы істердің нақты куәсі болғандығының бір парасы деп білеміз. Оның айшықты дәлелі асқаралы астанамыздың абыройын күн санап сындарлы іс-әрекеттерімен әр салада асқақтатып жатқан түрлі ұйымдар мен мекемелердің, жекелеген адал адамдардың қызметі екендігі сөзсіз. Соның бір сарасы, онсыз әлемдегі бірде-бір мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік келбеті қалыптаспайтын, яғни тіршіліктің тыныштығына қайнар көз болатын құқық қорғау органдарының міндетін ойдағыдай атқара алуы. Міне, сол еліміздің елордасындағы ерен еңбекті көре білген еуропалық мемлекеттер бұған ерек мән беріп отыр. Әйтпесе, әлемде небір шаhарлар бар екенін несін жасырамыз.
Еуропалық мемлекеттердің ең жоғары дәрежедегі өкілдері Астана қаласында бірнеше мәрте болып, Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен өткен халықаралық дәрежедегі ірі шаралардың ұйымдастырылуы мен қауіпсіздіктің жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенін көріп, білді. Мұндай еліміздің беделін асқақтататын халықаралық шаралар аз өтіп жатқан жоқ. Сондықтан да болса керек, Болгария елінің астанасы Софияда өткен «ХХІ ғасырдағы полицейлер қызметі – жаңа белестер мен тың шешімдер» атты 34-ші жыл сайынғы халықаралық конференцияға тарихта тұңғыш рет Қазақстан да шақырту алды.
Аталған конференцияға еліміздің тұңғыш рет қатысуымен қатар, бұл жиынның тағы бір ерекшелігі, мұнда еуропа мемлекеттері астаналарының полиция бастықтары ғана бас қосты. Сондықтан да конференцияның ашылу барысында оның жаңа мүшесі ретінде Қазақстаннан келген өкілдерді, яғни біздің делегация жетекшісі Астана қаласы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровті қошеметпен таныстырудан басталды. Үлкен жиын Қазақстан жетістігін паш етуге арналғандай әсер қалдырды. Оның нақты дәлелі Болгарияның ішкі істер министрі Цветан Цветанов өзінің баяндамасында Қазақстан жеткен жетістіктермен қатар бүгінгі таңда Астана әлемге танылған қалаға айналды деп жария етті.
Астанада халықаралық маңызы зор қоғамдық-саяси шаралар көптеп өтіп жатқандығы және олардың қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілетіндігі айтылды. Халықаралық конференцияға қатысушылар Қазақстандағы аз уақыттың ішінде мұндай қол жеткен жетістіктер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік және саяси, экономикалық салалардағы сындарлы саясатының арқасында ғана жүзеге асқанына қызығушылық танытты.
Тұтас бес күнге созылған бұл ауқымды да абыройлы жиында делегаттар өз елдерінің елордаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандағы мұндай озық істер барысы өзге делегаттарды да қызықтырғандықтан Астана қаласы ішкі істер департаментінің бастығы қатысушылар алдында сөйлеу құрметіне ие болды. Ол баяндамасында елорда полициясы қызметін баян етті. Қазақстан қылмыспен тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де күрес жүргізуде. Сонау өз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап Қазақстан қылмыспен күресте өзара құқықтық көмек көрсету саласында бірқатар маңызды халықаралық шарттар мен келісімдерге қосылды.
Қазақстан жемқорлықпен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және басқа да халықаралық қылмыспен күресте мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастық негізін құрайтын шарттарды ратификациялады. Астана қаласына бар-жоғы 14 жыл. Бірақ соған қарамастан Астанада жыл сайын ірі қоғамдық-саяси, спорттық және басқа да маңызды халықаралық шаралар өткізілуде. Мәселен, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің саммиті өтіп, оның қорытындысы бойынша Астана ЕҚЫҰ декларациясы қабылданды. 2011 жылы Қазақстан астанасы 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізді. Сол кезде астаналық полицейлер келген қонақтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша тарихта тұңғыш рет 2003 жылдан бастап Астана қаласында, үш жыл сайын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шақырылуда. Үстіміздегі жылы 30-31 мамырда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтті. Оның жұмысына 45 елден келген 70-ке жуық делегация қатысты.
Міне осындай шаралар кезінде астаналық полицейлер ресми сапармен келген ең жоғары дәрежелі қонақтар, оның ішінде Рим Папасы Бенедикт XVI, Әлемдік ислам лигасының Бас хатшысы Абдолла бин Әбдәл-Мұхсин ат –Түрки, Әл-Әзхара университетінің Жоғары Имамы Шейх Мұхаммад Саид-Тантауи, Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Киррилл, Минск және Слуц митрополиті – Филареті, ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокова және тағы басқа көптеген құрметті қонақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Осы мәселе туралы конференция қатысушыларының алдында сөз сөйлеген генерал А.Әубәкіров біздің Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар бақытты өмір сүріп отырған ұлтаралық және конфессияаралық келісімге ерекше назар аударатындығын айта келе, «Бүгінгі таңда Қазақстанда бейбітшілік пен келісім жағдайында 100 ұлт пен түрлі конфессиялар өмір сүруде. Тек осы елорда полициясында ғана 20 ұлттың өкілі қызмет етеді», деп атап өтті.
Қазақстанның жүрегі – Астана қаласында Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет секілді маңызды саяси нысандардың орналасуы құқық қорғау мен заңдылықты сақтау мен қамтамасыз етуге аса назар аудару қажеттігін білдіреді. Өйткені Астанада ғана ішкі істер органдарының күші мен қуатын қажет ететін республикалық және халықаралық маңызы жоғары қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік шаралар жиі өтеді.
Осыған байланысты Астана полициясының қоғамдық тәртіпті сақтау саласына құқық бұзушылықты ескерту мен оның алдын алуда үлкен көмегін тиізетін бейнебақылау жүйелері көптеп енгізілуде. Жыл сайын елордада бейнекамералар көптеп орнатылуда, оның ішінде интеллектуалды бейне шолу жасай алатындары да баршылық.
Қазіргі таңда шетелдік мамандарды тарту арқылы Астана әкімдігімен «Smart Astana» (тіршілік әрекетін қамтамасыз етудің кешенді жүйесі) атты қаланың барлық қызметін қажет уақытта ұйымдастырып, бір арнаға тоғыта алатын жоба дайындалуда. Мұның аясында қалаға тағы қосымша он мыңға тарта интеллектуалды бейнекамералар орнатылады.
Конференцияда айтылғандай, еуропалық елдер үшін жаппай тәртіпсіздік пен қылмыстардың алдын алу мен ескерту саласында және құқық бұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау жүйесін пайдаланудың шаралары мен тетіктерін жетілдіру маңызды болып табылады. Сөйтіп, Астана тәжірибесімен бөліскен аталған конференция жұмысы қорытындысында біріккен декларация қабылданды. Жиын соңында осы мәтінге арқау болған баспасөз конференциясы өтті. Онда келесі 2013 жылы өтетін еуропа мемлекеттері Астана полициясы басшыларының 35-ші ұйымдастырушысы ретінде Варшава қаласы таныстырылымының тұсаукесері болғаны айтылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».