Саясат • 16 Сәуір, 2019

Сенаторлар «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының басшылығымен кездесті

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким бастаған комитет депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығы Соты мен Халықаралық төрелік орталығы қызметінің құқықтық мәселелері бойынша АХҚО Сотының басшылығымен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының басшылығымен кездесті

Кездесуге Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Дулат Құсдәулетов, Рысқали Әбдікеров, Сәуле Айтпаева, Нұрлан Бекназаров, Марат Тағымов, Рашид Түсіпбеков, Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Ольга Перепечина, Ғұмар Дүйсембаев, Нұрлан Қылышбаев, АХҚО Сотының төрағасы Лорд Вульф, Халықаралық төрелік орталығының төрағасы Барбара Доманн, АХҚО Сотының судьясы Джек Битсон, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Айтекенов, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ТМД елдері, сондай-ақ Батыс және Орталық Азия аймағы арасындағы қаржы-экономикалық көпір болып табылады. Global Financial Centres Index 25 индексі бойынша баяндамаға сәйкес, АХҚО әлемде 51 орын алды (2018 жылдың бірінші жартысында – 61 орын) және әлемдік қаржы орталықтарының арасында қарқынды дамып келе жатқандарының бірі ретінде бағаланып отыр.

АХҚО Соты өз қызметін 2018 жылдың қаңтарынан бастады. АХҚО Сотының айрықша ерекшелігі жалпы (ағылшын) құқық принциптеріне негізделген бірегей құқықтық тәртіп болып табылады. АХҚО Соты АХҚО-ға қатысушылар арасындағы дауларды ғана емес, тараптардың келісімі болған жағдайда кез келген заңды тұлғалар арасындағы дауларды да қарайды.

Комитет төрағасы Г.Ким кездесу барысында ұлттық заңнаманы жетілдіру, АХҚО Сотының заңдық аясы туралы кәсіпкерлерді кеңінен хабардар ету және АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының заңдық құзыретін белсенді пайдалану мәселелерін көтерді.

Сенаторлар АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Комитет кездесу нәтижесі бойынша еліміздің Үкіметінің атына ұлттық заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ АХҚО Сотының брендін ілгерілету жөніндегі қажетті шаралар туралы қорытынды қабылдады.