
Неге Өзбекстан? Жалпы кез келген мемлекеттің жаңа басшысының алғашқы шетелдік сапарына көп мән беріледі. Себебі ол сол елдің сыртқы саясатындағы басымдық жайлы хабар беруі мүмкін. Президент алғашқы шетелдік сапармен Ресейге барды. Бұл өзіндік сақталған дәстүр десе де болады. Ол түсінікті де. Ресей – Қазақстанның көршісі әрі стратегиялық әріптесі. Бүгінде бір одаққа мүше. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолды жалғастырғандай болды. Алайда, сапардың мәртебесі ресми еді, мемлекеттік емес. Айырмашылық бар.
Мемлекет басшысының мемлекеттік сапарды Қытай, Еуропа не АҚШ-тан емес, Өзбекстаннан бастауында өзіндік біршама себептер бар. Біріншіден, көрші елдің басшысы арнайы шақырды. Екіншіден, қос президент те Қазақстан мен Өзбекстанның екінші басшылары. Елдердің дамуында тың бағыт бастау алуы мүмкін. Үшіншіден, былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланса, биыл енді өзбек елінде Қазақстан жылы 15 сәуір күні басталды. Төртіншіден, дипломатия тірегі – сауда. Қос елдің алыс-берісі өсіп отыр. Мәселен, 2018 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 26 пайызға өсіп, 2,5 млрд долларды құраған. Бұл өсім – жақсы көрсеткіш. Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапары кезінде бұл көрсеткіштің 3 млрд долларға жеткені айтылды. Бесіншіден, Өзбекстан – Орталық Азиядағы екі ірі елдің бірі. Халқы 32 млн-ға жуық. Қазақ еліне түбі бір туыс түркі жұрт. Бұл көршімен қандай жағдайда да бейбіт қатынас құру парыз. Алтыншыдан, екі республиканың арасындағы жағдайлар қазір анағұрлым жақсарды. Бұрынғы көзге көрінбес бәсеке, кеден бекетіндегі ұзын-сонар кезек, шекарадағы оқ ату, шекара сызығы жүрмеген ауылдар деген мәселе азайды. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жағымды факторлардың кезінде сапар шегіп, оларды одан әрі жалғастырғысы келген болар. Оған қоса, шешілмеген мәселелерді талқылап, жаңа келісімдерге қол қоюды да көздеген болар.
Жалпы, жаңа басшының көрші елге сапар шегуі Орталық Азия үшін таңсық емес. Мәселен, Шавкат Мирзиеёв шет елге өзінің алғашқы сапарын Түрікменстаннан бастады. Алайда, оның себептері мүлде басқа еді.
Қос елдің сауда айналымы. Былтыр Қазақстанның сыртқы саудасы 93,4 млрд долларға жетті. Ал Өзбекстан өзге елдермен 33,8 млрд доллардың саудасын жасады. Қазақстан сауда әріптестерінің тізімінде Қытай мен Ресейден кейін үшінші орында. Осы сапар барысында президенттер алдымен шағын құрамда кездесті, кейіннен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиында тараптар 2020 жылдың соңына дейін сауда айналымын 5 миллиард доллар деңгейіне жеткізуді көздейтіні айтылды. Қос мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияға сауда қатынастарын кеңейту, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа ұзақмерзімді нысандарын табу және дамыту тапсырылды.
2 жылда сауда айналымын 2,5 млрд доллардан 5 миллиард долларға жеткізу оңай емес, бірақ мүмкін. Егер былтыр сауда айналымы 26 пайызға өссе, онда екі жылда 100 пайызға еселеу керек деген сөз. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан экономикаларының әлеуетін, ортақ шекараның ұзындығын, онда жайғасқан халықтың тығыздығын ескерсек, 2,5 млрд доллар мақтанатын көрсеткіш емес. Одан да көбейтуге болар еді. Алайда, Өзбекстан бұған дейін өз нарығын қорғау мақсатында экспорттық тауарларға жоғары акциз пайыздарын қойып келді. Тек былтырғы келіссөзден кейін акциз салығы салынатын қазақстандық тауарлардың түрі азайды. Мәселен, бұрын 208 отандық тауар түрі Өзбекстанға экспортталғанда акциз салынса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың саны 50-ге түсті. Акциз салығы салынбаса, тауардың нарықтағы құны арзандайды. Сәйкесінше бұл өзгеріс 2019 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің артуына әкелуі мүмкін.
Сауда – мемлекеттердің арасындағы аса маңызды фактордың бірі. Тіпті тірегі деп қайталауға болады. Биыл АҚШ президенті Дональд Трамптың әлемнің бірнеше еліне тарифтер арқылы жариялаған сауда соғысы осы ойды тағы бір рет нақтылады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бизнес қатынастарын ілгерілетуде арнайы форумдар жақсы ықпал етеді екен. Мысалы, былтыр 22 мамырда Шымкентте 600-ден астам кәсіпкерлер қатысқан қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Шара B2B форматында, яғни кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 62 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасалды. Ал 15-16 қазанда Ташкентте қазақстандық 29 компанияның қатысуымен сауда-экономикалық миссиясы құрылды. Ол кезде 20,9 млн АҚШ доллары сомасына экспорттық келісімге қол қойылды. Яғни, бұрынғы қолдан жасалған әкімшілік кедергілерді азайтса, тауар айналымы еселенетіні анық.
Қол қойылған құжаттар. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірнеше келісімге қол қойды. Бұл еңбек мигранттарының құқығы, заңсыз көші-қонмен күрес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, әскери ұшақтарды қабылдау, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру және басқа салаларға қатысты.
Өзбекстанмен еңбек миграциясын реттеу қажет екені бұрыннан белгілі. Себебі тек осы елден Қазақстанға жыл сайын 140 мыңдай жұмыс іздеген азамат келеді. Орташа қала тұрғындарына тең халық дерсің. Олардың тіркелуі, территориямызда жүріп-тұруы, депортациясы – барлығы арнайы құжатпен реттелуі керек еді. Енді ондай үкіметаралық келісім бар. Жалпы, Өзбекстан әлі күнге мигранттардың жіберетін қаржысына тәуелді ел. Былтыр Ресейден 2,6 млн өзбек еңбек мигранты отанына 3,9 млрд доллар ақша жіберіпті. Ал Ресей санкциялық қысымдарға ұшыраған соң Орталық Азиядан шыққан біршама жұмыс іздеген жұрт назарын Қазақстанға бұрды. Оған қоса, біз еңбек миграциясында үлкен транзит елі саналамыз.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс, әскери ұшақтарды қабылдау саласындағы келісім – Қазақстан мен Өзбекстан үшін Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. ДАИШ жендеттері Сирия мен Иракта жеңілгенімен, сарқыншақтары Орталық Азия жеріне жетуі әбден мүмкін. Сол үшін өңірдің қауіпсіздігін көршілер бірлесе күзеткенде, жеңілірек әрі тиімдірек болар.
Келесі маңызды бастама – «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру. Екі ел арасындағы сауда көлемін арттыруға арналып отырған жоба. Бәлкім Қытаймен шекара бойында орналасқан «Қорғас» орталығы секілді функцияны атқаратын болар.