Қоғам • 17 Сәуір, 2019

«Қазақ» – қазақтың үні

1779 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бодандықтың қамыты қылқындырып тұрса да тұмылдырығын үзіп ұлт үнін өшіріп алмайық деп әрекет еткен Алаш рухының көш басында тұрғандар «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», деп «Қазақ» газетін 1913 жылы жарыққа шығарған

«Қазақ» – қазақтың үні

Бес жыл бойы халықтың қолынан түспеген басылымға жазған арнау сөзінде ұлт арыстары 1909 жылы АҚШ-та – 21435, Фран­цияда – 8940, Германияда – 8000, Италияда – 3000, Ресейде – 2058 газет һәм журналдың жұртқа ақпараттық қызмет көрсетіп жат­қанын айтып, сөздің құдіреті бұ­зуға да, дәнекер болып түзеуге де же­тетінін жеткізді. Халықтың жа­йын айтып, өзгелермен қарым-қа­тынас жүргізуге арнайы басылым ашқандарын, игілікті іс халықтың оянуына, құлдық сана­дан құтылуына септігін ти­гі­зіп, бас шұлғып отыра беруден құтқаратынын тілге тиек етті. «Аталы жұртымыздың, аудан­ды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қа­зақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмек­тесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет ете­мін десеңдер, азаматтар, тура жол­дың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қыс­қа, қолдан келгенін ғұмыр жет­­кен­­ше істеп кетелік», деді ұлт жақсылары.

Ұлтқа ұйытқы болған «Қа­зақ» газетінің материалдарын шаң басқан архивтен алып, Ү.Суб­ханбердина бастаған азаматтар 1998 жылы 550 беттен тұратын кітап шығарған еді. Осы үрдісті енді «Арыс» баспасы (жауапты редакторы, профессор Ғарифолла Әнес) жалғастырып, Аты­рау облысы әкімдігінің қол­дауымен жүзеге асырып отыр. Бір ерекшелігі бұрынғы кітап то­лық қамти алмаса, бұл жолғы басылымда бәрі жинақталған.

Қилы қиындықтарды көре жүріп адал қызмет еткен «Қазақ» газетін шығарушылар 5 жыл ішінде бірнеше томға жететін ма­те­риалдар жариялаған. Бі­рін­ші нөмірден бастап түрлі тақы­рыптар қаузалып, айдарлармен беріліп отырған. Мысалы, «Оқшау сөз» деген айдар­мен «Дін таласы» деген мақала берілсе, «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабар­лар», «Тілші хабарлары», «Басқармаға келген хаттар», «Тілшілер сөзі» айдарларында ел өңірлерінен келген алуан түрлі оқиғаларды, шетел хабарларын үзбей беріп отырды. Соңына оқырмандардың тілек-талабын да қосқан. Мәселен, «Қазақ» газеті қадамының ашылуын құптап «Менің ойым: сөзге шебер, тілге жүйрік бірнеше жігіт шығып, атақты бай мұсылман қазақтарымызға жолығып істің жайын түсіндірсе, «Қазақ» газетасы аяққа басқандай көмек табылмас па деймін. «Жарлы болсаң, арлы болма. Қарап тұрып сорлы болма деген ғой» депті Қылышбаев деген оқырман. Бі­рінші нөмірі кітаптың он бетінен орын алып, соңына «Бас шы­ғарушы: Ахмет Байтұрсынов, Бастырушы: Мұстафа Оразаев» деп түйінделген. Өзге нөмірлерде осылай жалғасын таба береді.

«...Ел дертінің себебін ұғып, емін біліп... бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа» басылымның жеткенін алға тартқан Мұхтар Әуезов сол ақиқатты осы газет ар­қылы тарту қажеттігін атап, Алаш рухты жұртымыздың қай-қай­сысы да қазақ әлемдегі мықтылардың қатарына жетсек деген ниетте екенін алға тартып, әрбір ұлт өкілі «қараңғы қазақ кө­гіне» (Сұлтанмахмұт) күн бо­лу бас­ты мақсат екенін қадап ай­тыпты.

«Тілшілер сөзі» деген айдар­мен берілген топтамадағы өңір жаңалықтары ерекше есте қала­ды. Газеттің №18 санында Се­мей­ден Шаһкәрім (газетте осылай жазылған) Құдайбердінің әрбір сөзінде жастарға білім беру мәселесін жан-жақты қозғап, «Қазақ» газетіне «Айқап» журналын серіктес етіп шығаруды ұсы­нып, «Білімсіз ел жас бала сияқ­ты. Бір жаңа нәрсе көрінсе бұрынғыны тастап соған ұмтыл­мақшы», деп білім беруді ұлт ісіне айналдыруды еске салады.

«Біздің қазақтың жері қа­шаннан-ақ мемлекет мүлкі деп қойған жер», деп жер мәселесі туралы тиянақты байламдар­ды қозғап, қазақ жерінің қалыбын бұзбай, нәрін кетірмей сақтап, ешкім­нің қанжығасында жібер­мей, кейінгі ұрпаққа қалдыруды әңгімеге жиі арқау етті. Сонымен қатар рухани мұраларымызды да, әдет-ғұрыптарымызды да, халықтық тәрбиемізді де назардан тыс қалдырмаған.

Ал қапыда оққа байланған семинария түлегі Қазы Нұрмұхан­бедұғлыны жерлеу рәсімінде Шәкәрім халыққа арнаған сөзінде «Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мынау жолдастарыңды ұмы­та көрмеңдер. Мұның үй іші­нің міндеті – сендердің мойында­рыңда! Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмі­тім жоқ еді» десе, Міржа­қып Дулат­ұлы «Алаштың бұл құр­баны − аяулы жолдас, Қазы жас» депті. Міне, осындай ұлттың жақ­сылығын да, қайғысын да көр­сеткен «Қазақ» газеті қазақ та­рихының бір беті десе болғандай.

Өткен ғасырдың басындағы ұлт айнасына айналған, қазақ үнін естір құлаққа жеткізген «Қа­зақ» газетінде жарияланған бұл құндылықтардың алғашқы екі томын қарап отырғанда сан түрлі ойға қаласың. Қанша адам тағ­дыры алдан шығады. Бұрын газет тігіндісімен кез келген адам таныса алмайтын болса, бұл екі том қолжетімді болып тұр. Қалған жылдарды қамтитын кітаптар алдағы уақытта жарық көрмек. Алар сабақ, үйренер тағылымы мол дүние қашанда өз құнын жоймақ емес. Сарғайған мұраны жаңа заманның қағазына басып халыққа ұсыну нағыз ерлікке пара пар іс. Бұдан да өзге де газет-журналдардағы дүниелерді кітап етіп жариялап, кейінгі ұрпаққа ұсынсақ ұтарымыз мол.