Қазақстан • 17 Сәуір, 2019

Кәсіпкерлік те саяси тұрақты елде дамиды

1208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуді белгіледі. Бұл халық көңілінен шыққан дұрыс шешім болды деп бағалаймын.

Кәсіпкерлік те саяси тұрақты елде дамиды

Өйткені Қасым-Жомарт Кемел­­ұлы біріншіден, еліміздің Конс­титуциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңын және халықара­­лық демократиялық үрдістер тәжі­рибелерін басшылыққа алып отыр. Екіншіден, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, бейбіт күннің, экономикалық даму­дың іргесі сөгілмей, Тұңғыш Президентіміз салып берген сара жолдан таймай алға жылжу үшін халықтың өзі сайлап, қолына мандатын ұстататын Президент керек. Мұны барлығы да түсінеді.

Қазір Қазақстандағы сая­си өзгерістерді дүние жүзі қадағалап отыр. Біздің тәуел­сіз еліміз демократиялық ұста­нымдары жөнінен халықаралық ұйым­дар­дан да, озық дамыған елдер тарапынан да жақсы пікір мен қолдау тауып келеді. Дегенмен, бүгін әлемде тыныш заман болып тұр деп айта алмаймыз, халықаралық саяси жағдай күрделі. Сондықтан халықтың қолдауымен болашақ Президентімізді сайлап алсақ, арқамызды берік қабырғаға сүйегендей боламыз, Қазақ­стан экономикалық және саяси дамуда, халықаралық саяси  аренада да аяғын нық басады. 

Мен еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап кәсіпкерлік­пен айналысып келемін. Сонда түйгенім – кәсіпкерлік, бизнес сая­си тұрақты, ауызбірлігі бар ел­де дамиды. Қазір мұндай ел­дер­ді инвесторлар да қолдайды, тіпті іздейді. Өйткені саяси тұрақсыз елде бірлік жоқ, бірлік болмаған жерде береке болмайды. Егер елімізде саяси тұрақтылық болмаса, сырттан тартылған немесе ішкі мүм­кін­діктегі инвес­тициялық қаржы­ның да экономиканы, бизнесті дамытуға қау­қары болмай желге шашыл­ған құс­тың жүніндей бей-берекет кетер еді. Мұның барлығы да алысты көре білетін, халқы­на, мем­лекетіне адал, сырт­қы ортамен де тіл табыса біле­тін сая­си білікті Президентке байла­нысты. Осы уақытқа дейін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда бизнес дамыды.

Тағы бір тоқтала кеткім келе­тіні, біздің басты байлығы­мыз тәуелсіздік екені еш күмән тудырмайтыны анық. Тәуел­сіздікті қорғау, оны баянды ету әрбір Қазақстан азаматының борышы екенін ұмытпайық. Барымызды бағамдап, алған бағытымыздың дұрыстығына сеніп, қол жеткізген табыстарымызды бағалай білейік.

Алдағы кезектен тыс Прези­дент сайлауы нәтижелі болсын деп тілеймін.

 

Алмат ТҰРСЫНОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

 ҚОСТАНАЙ