Спорт • 17 Сәуір, 2019

Ольга Рыпакова Азия чемпионаты қарсаңындағы басты жоспарымен бөлісті

881 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21-24 сәуір күндері Катар астанасы Дохада жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының шымылдығы түріледі. Қазақстан командасы сапынан жарыс жолына шығатын спортшылар қатарында ұлттық құрама үздігі Ольга Рыпакова да бар. Ольганың айтуынша, құрлық біріншілігі күзде өтетін әлем чемпионатына дайындық кезеңі саналады.

Ольга Рыпакова Азия чемпионаты қарсаңындағы басты жоспарымен бөлісті

«Биылғы маусым біз үшін ұзаққа созылады. Солардың ең алғашқысы – Катарда өтетін Азия чемпионаты. Бүгінде дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан кейін бірден жарысқа бет аламыщ. Менің ең негізгі міндетім – секіру барысында қателік жібермеу. Биыл мен үшін ашық аспан астындағы жарыс ерте басталғалы тұр. Маусымды дәл осылай ерте бастамағаныма көп уақыт өтіпті. Сондықтан, бұл чемпионат дайындықтың қалай өткенін бағамдайды. Әлем чемпионатына қатысу нормативін өткен жылы орындап қойғанмын. Сол себепті, бұған айтарлықтай көңіл бөлген емеспін.  Азия ойындарындағы алтын медаль әлемдік сынға тікелей жолдама берді. Дегенмен, әлем чемпионатын қабылдайтын стадионның рухын сезіну үлкен күш береді», - дейді спортшы. 

Рыпакова құрлық чемпионатында тек қана үш қарғып секіруден бақ сынайды. 

«Алғашында ұзындыққа секіру сынына қатысу туралы ойым болған. Кейін жарыс кестесіне көз жүгіртіп, бұл шешімнен бас тарттым. Өйткені, ұзындыққа секіру сайысы менің негізгі жарысым – үш қарғып секіруден бұрын өтеді. Сондықтан, өзімнің басты бәсекеме алаңсыз дайындалған дұрыс деген шешімге келдім. Бұл жарыс негізінен сынақтық кезең. Қаншалықты бабымда екенімді көрсетеді. Айтарлықтай жоғары нәтиже болмайтын сияқты», - дейді 2012 жылғы Олимпиада чемпионы. 

Айта кетелік, Азия чемпионатында қазақстандық 25 атлет бақ сынайды. Бас бапкер Григорий Егоров біздің спортшылардың 3 алтын алатын мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.