Қоғам • 18 Сәуір, 2019

Университет аудиториясынан – өндіріске

816 реткөрсетілді

Соңғы жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті өңір кәсіпорындарымен бірлесе жұмыс істеуде. Бұл күндері оқу орны жергілікті 278 өндіріс орнымен екі жақты келісімшарт жасады. Мақсат – кәсіпорындардың сұранысына сай оқу бағдарламасының 40 пайызын өндіріс орындарында өткізу.

Университет ректоры Гауһар Ахметованың айтуынша, былтыр оқу бітірген түлектердің 96 пайызы жұмыспен қамтылған. Университет 2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты «Серпін» бағдарламасы негізінде тех­ни­калық және аграрлық маман­дық­тар бойынша студенттер да­йындайды. Биылғы оқу жылында 16 білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы 267 сту­­дент оқуларын тәмамдайды. Қазір университетте барлығы 20 маман­дық бойынша 550 студент білім алуда. Жыл бойы жұмысқа ор­наласу мәселелері бойынша жи­на­лыстар, кездесулер, тренинг­тер, жәрмеңкелер өткізіледі. Бүгін­де 42 студент «Қазақстан Алю­минийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС ПФ, «ПРЭК» АҚ, «ERG Service» АҚ секілді өндірістік кәсіп­орын­дарда жұмысқа орналасты. 

Бастысы, «Серпін» бағдарла­ма­сы­ның алғашқы түлектеріне өңір­де жұмыс істеу үшін облыс әкім­дігі мен оқу орны «Еңбек» нәти­­желі жұмыспен қамту және жап­­пай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дар­ламасының үшінші бағы­ты – Еңбек ресурстарының ұтқыр­­лығын арттыруға арналған жеңіл­діктерін ұсынуда. Мәселен, биылғы түлектер «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасына қо­сса, оларға тұрғын үйді жал­ға алуға субсидия беріледі. Ком­мунал­дық шығындарды өтеу үшін бері­летін қаражат та қолайлы бол­мақ. Түлектердің ата-аналарына университет атынан хат жіберілді. Яғни, олардың отбасылары өңірге келіп, жеңілдіктерді балаларымен бірге пайдалана алады. 

Бұл жақсы жаңалық. Екін­ші­ден, «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-мен «Мұнай ісі» маман­дығы бойынша бакалавриат сту­денттеріне арналған дуалды білім берудің бірлескен бағдарламасы жүргізілуде. Студенттер аптасына екі күн зауытта тәжірибелік білім алады. Бағдарламаға қатысушы студенттер жұмысқа да орналасып үлгереді, тиісті жалақыға қа­жет­ті жеңілдіктерге де ие болады.

Былтыр Шарбақты ауданын­­дағы «Победа» ЖШС ауыл шаруа­­­шы­лығы кәсіпорнында да дуал­­ды білім беру бойынша оқу ор­талығы ашылды. Онда агро­тех­нологиялық факультеттің сту­дент­тері оқиды. Барлық қолай­лы тұрмыстық жағдай жасалған. 

Сонымен бірге университет ғалымдары инновация мен биотехнология саласындағы жобаларды да қолға ала бастады. Бұл күн­дері оқу орнында 3 ғылыми-өн­дірістік орталық жұмыс іс­теу­де. Барлық ғалымдардың күш-жігерін бірік­тіру және олар­дың жұмысы­ның тиімділігін арттыру мақсатында оқу орнында «Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерт­теу» институты құрылып жатыр. 

Ғалым Тоқтар Бексейітовтің ай­туынша, инновация мен био­тех­­но­логиялардың жаңашыл әдіс­терін енгізу ауыл шаруашы­лығы­ның тиімділігін арттыруда аса маңызды. Ғалымдар еліміз­дің Білім және ғылым министр­лігі, Ауыл шаруашылығы министр­лігі желілері бойынша және ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лердің өтінімдері бойынша бір­неше жобаны іске асырды. Зерт­хананы аккредиттеу және жаңа жабдықтарды сатып алу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде. Осы­ның нәтижесінде өңірдің агроөнер­кәсіптік кешені салаларын дамы­туға ғылыми қолдау көрсетілмек. 

Мамандарды даярлауға ар­нал­ған бағдарламалар дуалды білім беру жүйесінің негізінде жүзе­ге асырылады. Курстық жұмыс­тар, дип­ломдық жобалар және магистр­лік диссертациялардың тақы­рыптары кәсіпорындардың талап­тарына сай болмақ. Магис­т­рант­тардың сынақтық-зерттеу жұмыстары серіктес кәсіпорын­дарда жүргізіледі. 

Негізі оқу орнында бакалав­риаттың 64, магист­рату­ра­ның 49 және докторан­тураның 8 ма­ман­дығы бойынша модульдік білім беру бағдарламалары әзір­ленген. Модульді білім беру бағ­­дар­ламалары кезеңінде оқу жос­парлары, жұмыс бағдарлама­ларын әзірлеуге жұмыс беруші­лер қатысады. Сөйтіп нақты жұмыс берушінің талаптарына сай болашақ маманның еңбек жолы қалыптасады. 

Қазіргі жаңашылдық – өнді­ріс орындарында кафедра фи­лиал­дары құрылуда. Бұл жұ­мыс берушілер мен серік­тес­­тер­­ уни­верситет түлек­терінің тә­жі­рибелік дайын­ды­ғын жақ­сартуға, білім беру бағ­дар­лама­лары­ның мазмұнын жетіл­діруге, маман­дарды жергілікті жерге даяр­лауға көмектеседі. Кафед­ра­лар филиалы «Еуроазиат­тық энер­ге­тикалық корпорация­сы», Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Ком­пания Нефтехим LTD», «Поли­мер» кәсіпорындары, облыс­тық Са­­ни­тарлық-эпиде­мио­ло­гия­лық са­раптама орта­лығы, Сәу­лет жә­не құрылыс басқар­масы, Іш­кі сая­­сат басқармасының ақпа­­рат­тық-сараптамалық ор­талығы, Стан­дарттау және сер­­ти­­фикаттау институты, «Вагон­сервис» АҚ, Павлодар ауда­нын­­­дағы ауыл шаруашылығы ғылы­­­ми-зерттеу институты, о­б­­лыс­­­тық гидрометео­рология ор­­та­­лығы, туризм және эколо­гия, ба­лалар-жасөспірімдер орта­­лығы, Г.Потанин атындағы облыс­тық өлкетану музейі сияқты өңірдегі 65 өндіріс және ірі серіктес­тіктер­де ашылды. 

Кафедра филиалдарында дәріс­тер мен семинарлар, зертха­на­лық жұмыстар мен практикумдар жүргізіледі, ғылыми-зерттеулер, курстық және дипломдық жобалау, сынақтар, емтихандар, дип­ломдық жұмыстар мен жоба­лар­дың қорғалуы өткізі­леді. Зерттеу нәтижелері өнді­ріс­ке енгізіледі, докторанттар мен магистрлер оны диссер­та­цияларын қорғауда қолдана­ды. Кәсіпорын мамандары түлек­тер­дің жұмыстарына рецензия жазуға қатысады. Мемлекет­тік аттестациялық комиссия төраға­лары ретінде тек жұмыс берушілер тартылуда. Бұл кәсіп­орындар мен оқу орны арасындағы өзара ынты­мақтастық бағдарламасы студенттер мен оқу бітіруші түлек­тер үшін тиімді деген сөз.

Павлодар облысы
Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кеуректің ащы дәмі

Қазақстан • Кеше

Ұлы дала өрнектері

Аймақтар • Кеше

Өгіз аяң өндімейді

Аймақтар • Кеше

Ғарыш пен жарыс

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар