Спорт • 18 Сәуір, 2019

Азияның үздігі атануға әлеуетіміз жете ме?..

1201 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

23 сәуірде Қытайдың Сиань қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионатының шымылдығы түріледі. Бес күнге созылатын байрақты бәсеке барысында талай «жан алысып, жан беріскен» айқастың куәсі болатынымыз анық. Осыдан бұрын біз айтулы жарыста Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері қандай табыстарға қол жеткізгені туралы мақала жариялаған едік. Ал бүгінгі әңгімеміз еркін күрес жайында.

Азияның үздігі атануға  әлеуетіміз жете ме?..

1993-2018 жылдар аралы­ғын­да Қа­зақстанның еркін күрес ше­берлері 23 мәрте қатысты. Сол аралықта 15 алтын, 22 күміс және 31 қола медальды олжаладық. Бар­лығы – 68 жүлде. Ең зор табысқа отандық балуандар 2006 жылы қол жеткізді. Алматыда жалауы желбіреген жарыста үш бірдей өреніміз алтын тұғырға көтерілді. Олар – Леонид Спиридонов (66 кг), Нұржан Қатаев (96 кг) және Марид Муталимов (120 кг). Бауыржан Оразғалиев (60 кг) пен Геннадий Лалиев (54 кг) қола медальды мойын­дарына ілді. Осы табыстың ар­қа­сында Қазақстан құрамасы өзге командалардың барлығын артқа тастап, жалпы есепте бірінші орынды иеленді. 

2016 жылы Бангкокта Дәу­лет Ниязбеков (61 кг) дара шық­са, Нұрлан Бекжанов (65 кг), Жі­гер Зәкіров (74 кг) және Дәулет Шабанбай (125 кг) күміс алды. Аслан Кахидзе (86 кг) мен Бақ­дәу­лет Әлментай (97 кг) үз­дік үштікті қорытындылады. Осы нәтиженің арқасында тек Иран құрамасын ғана алға жіберіп, екінші сатыға жайғастық. 

Сары құрлықтың басты дода­сында тағы төрт рет үздік үштік­тің қатарынан көріндік. Атап айт­сақ, 2010 жылы Нью-Делиде бес жүлде бұйырды. Марид Му­та­ли­мов (120 кг) алтын, Семен Се­менов (84 кг) пен Нұржан Қа­таев (96 кг) күміс және Дәу­рен Жұмағазиев (60 кг) пен Сей­фад­дин Османов (74 кг) қола медальды еншіледі. Алдымызда – Иран мен Үндістан. 

2014 жылы Қазақстанның астанасында Расұл Қалиев (57 кг) бас жүлдені олжаласа, Аслан Ка­хидзе (86 кг) шешуші тұста сүрінді. Қос Дәулет – Ниязбеков (61 кг) пен Шабанбай (125 кг) қолаға қол жеткізді. Иран ме­н Моңғолияны алға жіберген жер­лестеріміз командалық бәсе­кеде үшінші орынға табан тіреді. 

2017 жылы Үндістанның астанасында Иран мен Өзбекстан алдымызды орап кетті. Қазақстан – үшінші орында. Біздің балуандар арасынан Ақжүрек Таңатаров (70 кг) жеңімпаз атанды. Азамат Дәулетбеков (86 кг) күміспен күп­телсе, Нұрислам Санаев (57 кг) пен Дәулет Ниязбеков (61 кг) қо­лаға қол созды. 

2018 жылы Бішкекте жеті мәр­­те жеңіс тұғырына көтерілген жігіттеріміз жалпы есепте тағы да үшінші орынды олжалады. Бұл жолы Нұрислам Санаев (57 кг) пен Дәулет Ниязбеков (61 кг) қар­сылас шақ келтірген жоқ. Әді­лет Давлумбаев (92 кг) екінші орын алса, Жандос Ыс­майылов (57 кг), Мейіржан Әші­ров (70 кг), Данияр Қай­санов (70 кг) жә­не Азамат Дәу­летбеков (86 кг) үшінші сатыға орналасты. Мі­не, ең үздік көрсеткішке біз жоға­ры­да аталған алты жарыста қол жет­кіздік. 

Кейбір Азия чемпионатындағы нәтижелеріміз тіптен төмен болды. Мәселен, 2001 жылғы Ұлан­Ба­тырдағы додадан қоржынымыз бос қайтты. 1997 жылы Теһранда (Ислам Байрамуков – қола), 2000 жылы Гуйлинде (Ислам Бай­ра­муков – алтын), 2004 жылы Теһ­ранда (Магомед Круглиев – қола) және 2015 жылы Дохада (Дәу­лет Ниязбеков – алтын) жал­қы жүлдені қанағат тұттық. 

Алты Азия чемпионатынан қос медальмен ғана оралдық. Олар – 1993 жылы (Ислам Байрамуков – күміс, Сергей Не­пом­нящий – қола), 1995 жылы (Ел­мәди Жа­бы­райлов – алтын, Сер­гей Кли­мов – күміс), 1996 жы­лы (Маго­мед Круглиев – күміс, Ислам Бай­­рамуков – күміс), 2005 жылы (Ма­­рид Муталимов – алтын, Нұр­жан Қатаев – күміс), 2008 жы­лы (Марид Муталимов – күміс, Дәулет Шабанбай – қола) және 2013 жылы (Расұл Қалиев – қола, Дәулет Ниязбеков – қола).

1999 жылы төрт жүлде алған отандық еркін күрес шеберлері өз жанкүйерлерін тағы бір қуант­ты. Ташкентте өткен жарыс­та Мәулен Мамыров (54 кг) қар­­сы­лас шыдатпады. Әбіл Сұлтан­­беков (85 кг) пен Ислам Бай­ра­муков (97 кг) күміс алса, Ген­­надий Лалиев (76 кг) қола медаль­ды иеленді. Ал 2003 жылы (Ма­гомед Круглиев, Нұржан Қатаев, Марид Муталимов – қола), 2009 жылы (Әбілхакім Шәпиев – күміс, Дәулет Шабанбай мен Марид Муталимов – қола). 2011 жылы (Дәулет Жұмағазиев – алтын, Қа­нат Бердыев – күміс, Дәулет Ша­бан­бай – қола) және 2012 жылы (Мақсат Дауылбаев пен Әбіл­ха­кім Шәпиев – күміс, Ер­жан Дүй­сенбеков – қола) жалауы желбі­реген жарыстарды біз­дің жігіттер үш жүлдемен қоры­ты­н­дылады.  

Соңғы үш Азия чемпио­на­ты­ның нәтижелері көңілге қуаныш ұялатады. Осы жарыстың барлығында да біз алдыңғы лектен көріндік. Мы­салы, 2016 жылы жалпы ко­мандалық есепте екінші орын алсақ, 2017 және 2018 жылдары үшінші сатыға жайғастық. Соң­ғы бес бәсекеден бас жүлдесіз орал­ған емеспіз. Былтыр тіптен жеті бірдей жүлдені кеудемізде жар­қыраттық. Оның екеуі – ал­тын! Олай болса, санаулы күн­дерден кейін шымылдығы тү­рілетін дүбірлі додада осыдан 13 жыл бұрынғы көрсеткішімізді қай­талап, сары құрлықтың ең үздік командасы атансақ, ғанибет болар еді...