Саясат • 18 Сәуір, 2019

ҚР Президенті кандидатына қойылатын талаптар объективті - сарапшы

1578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президенті үміткеріне қойылатын барлық талаптар объективті әрі халықаралық стандарттарға сай келеді. Мұндай пікірді ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сарпеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті кандидатына қойылатын талаптар объективті - сарапшы

Қазақстан Республикасы Президентіне үміткерге қойылатын барлық талаптар объективті,  халықаралық стандарттарға , ұлттық заңнама талаптарына сай келеді. Мәселен Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы мен 1995 жылдың 28 қыркүйегінде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабына сәйкес Қзақстан Республикасының Президентіне болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар азамат  кандидат бола алады, деді Рамазан Сарпеков. 

Сонымен қатар, институт директоры ҚР Президенті кандидатына өзге де талаптардың қойылуы мүмкін екендігін атап өтті. Атап айтқанда, президент лауазымын атқаруға кедергі келтіретін ауруының жоқ екендігін нақтылау үшін медициналық куәландыру жүргізіледі. Нәтижесінде кандидаттың денсаулығы туралы медициналық қорытынды рәсімделеді. Мұнан бөлек, президент кандидатының  мемлекеттік қызметте не болмаса сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс. 

Бұған қоса, кандидаттың соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрғаны мен мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ережеге сай айқындалады. Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат бола алмайтындығын да білген жөн, - деді институт басшысы.