Елден не аламын демей, өз еліме не беремін деген қағидамен өмір сүретін бүгінгі мақтан тұтар марғасқаның келбетін іздейтін болсақ, талайлар Гүлшараттың тірлігін елестеткен болар еді. Ата-ененің көңілін тауып, күйеудің ырзалығына бөленіп, қазаны асулы, балаларының бағулы, көрпесінің құраулы, бақытының тұрлаулы болуын бір сәт те ұмытпай, үлкен кәсіпті дөңгелету – бұл да Құдайдың берген бір дарыны болар!
Бір өзі 60 шақты адамға, «Shabyt» шеберханасында 15-ке жуық тігіншіге, «Shabyt» шоу тобында 30 бишіге, «Шабыт» сұлулық салоны мен дүкенінде талай қыз-келіншекке жұмыс беріп отырған Гүлшарат Жұбаева ақпан айынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде шеберлік дәрістерін өткізе бастады. Мақсаты – отандық киімдерді арзан әрі үйде отырып-ақ тіге алатын ісмерлер дайындау.
«Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз»
Үлкен бизнестің барлығы да кішкентай идеялардан бастау алады. Гүлшаратқа кәсіпкерлікке қалай келдіңіз десек, ол Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жатақханасында жұмыстан бос кезде тар жерге тығылып, тігін машинасымен ешкімге алақан жаймай, ешкімнен несие алмай, өз киімдерін тігуден бастағанын айтар еді.
– Адам үнемі үйрену, даму үстінде жүреді. Әртүрлі саланы, әртүрлі әдісті қолданып көру, тәуекелге бару менің табиғатымда бар. Осыдан 2 жыл бұрын Corel draw бағдарламасын оқып алдым. Қазір өзім сызған оюлардың вектор нұсқасын жасай аламын. Сосын графикалық планшетті шетелден алдыртып, меңгеруге тырыстым. Бірақ мен ойлағандай оңай шаруа емес екен. Ағылшын тілін үйренуді бастағанмын, шүкір қазір біраз үйреніп қалдым.
Тігін тігудің тиімді технологияларын үйренемін деп курстарға барып көрдім. Совет технологиясы Season, неміс технологиясы Мюллер, заманауи Любокс – бәрімен таныстым, білдім. Нәтижесінде өз жолымды таптым.
Салонымда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, Resin art техникасына оқыдым. Ойымдағы картинаны өзім салып, жаным рахаттанып әрі сән салоным жайнап кетті.
Осыдан кейін де ақшасын төлеп, онлайн курсқа жазылдым. Мақсатым 3D Max, VRay, Carona бағдарламаларын үйреніп, визуализация әлемімен танысу болды. Сонда да, білетінім – бір тоғыз, ал білмейтінім – тоқсан тоғыз.
Үй күтушісі болған күндер де артта қалды
Атырауға алғаш келген жылдары қарашаның суығында сіңлім екеуміз далада қалдық. Мен дәмханада «барменмін», сіңлім кондуктор. Оған дейін дәмхана иесі неміс әйелмен келісіп, сол жерге қонып жүрген едік. Бір күні ол енді бізді тұрғыза алмайтынын айтты. Түн ортасында жамылғымызды көтеріп, подъезде отырмыз. Кімнің терезесінің жарығы жанады, соның есігін қағуға батылымыз бармай, бүрсеңдеп отырамыз. Содан шыдамай түнгі сағат төртте бір үйдің есігін қағып, қонып шығуды сұрадық. Есік ашқан жасы 35 шамасындағы қазақ жігіті басында бізден қорықса да, ішке кіргізді. Таңертең ол Қарабатанға жұмысқа кетіп бара жатып, екеумізге шәйімізді беріп, екі сағат мызғып алуға мұрсат бергенін ұмытқан емеспін.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мәселенің барлығын тек еңбек шешпейді. Еңбекқор адам көп. Бірақ неге барлығы табысқа жетпейді? Идея қажет.
Әлеуметтік парақшамда бір қыз: «Сіз осы немен айналысасыз?, Кімсіз?» деп сұрақ қойыпты. Оралманмын, ұлтым қазақ! Мектепте 5 сыныпқа дейін оқып, 6 сыныптан бастап Нөкістегі музыкалық училищенің хореография бөлімін қызыл дипломмен бітірдім. Ата-анам өнерге жібергісі келмей, Ташкентте заңгерлікке оқытты. Содан кейін Атыраудағы Х.Досмұхамедов университетінде тағы заң факультетінде оқыдым.
Алматыға келген соң Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында кино продюсері және ТВ мамандығына түсіп, тұрмысқа шығуыма байланысты, театрдағы жұмысымды да, оқуымды да жалғастыра алмадым. Кейін Бішкектегі Б.Бишеналиева атындағы өнер институтын сырттай бітірдім. Сонымен 2 орта, 2 жоғары білімім бар болса, оның 4-еуі – 4 елден.
Мектепті қарақалпақ-өзбек тілінде латын әліпбиімен оқыдым. Қазақша қате жіберетіндіктен, намыстанып қазақша сауатты жазуды өздігімнен үйрендім.
Ташкентте жүргенде аспаз боламын деп кондитерлік курс бітіргенім де бар. Негізі өзімді мықты биші ретінде көретінмін, бірақ халық мені актриса ретінде таныды. Ғ.Мүсірепов театрында хореограф болып жүріп, арнайы дәрістер алып, сахнаға шыға бастадым. Сәтсіз жобаларым да болған, дейді Гүлшарат Жұбаева.
Осыдан 15 жыл бұрын ғана Құлсары қаласында үй қызметшісі болғанмын десем сенесіз бе? Жалындаған жас шағымда үйренбеген өлкеде осындай жұмыс істеу маған оңай болған жоқ. Өйткені мен музыкалық училищедегі күндерімді, спортты, өскен ортамды, анамның 40 қыз жұмыс істейтін тігін цехын, ауылдағы үйімізді, дәмхана-дүкенімізді, бастықтың ерке қызы болып жүрген кездерімді сағынатынмын.
Үй қызметшісі болып жүргенде суды ауладағы бөшкеден шелекпен тасып, қолмен кір жуып, тамақ пісіріп, кейде ақ жаймаларын тігіп, одан қалса сол үйдің балаларына жаттықтырушы болып, күндер өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде су тасып жүріп, үйдің алдында құлап қалдым. Сол кезде тізем ауырмаған да болар, бәлкім. Бірақ ызадан, тамаққа тығылып тұрған өксіктен еңіреп жылағаным әлі есімде.
Мұның барлығын айтып отырғаным, Аллаға мың шүкір, алға қойған мақсаттарыма біртіндеп жетіп келемін. Бүгінде нөлден бастаған «Shabyt» деген өз әлемім бар. Бұл жерде жолдасың кәсіпкер дегіңіз келсе, ол да мен сияқты пәтерде бірге жүріп бәрін нөлден бастаған азамат!
«Аналар үйіндегі» қарагөздерді кәсіпке баулыды
Өмірдің тезінде жеңімпаз болуды үйренген Гүлшарат алғаш рет «Аналар үйінде» тағдырына мойымай, балаcын тұмсығымен тістелеп бағып жүрген қыздармен білгенімен бөлісіп, тігін өнерінен тегін шеберлік дәрісін бастайды.
– Бұдан бес-алты жыл бұрын Алматыда екі-ақ «Аналар үйі» болса, қазір республикада олардың саны 24-ке жеткен. Әрқайсысында 10-20 шақты жас ана тұрады. Арасында 30-35 жастағы ақыл тоқтатқан келіншектер де, 15-16 жастағы бойжеткендер де бар. Жуырда жұмысқа «Аналар үйіндегі» 17 жастағы екі жасар баласы бар ананы алдым. Ол 14 жасында алданып, жүкті болып қалған. Ол жерге барып жүрген бес-алты жылда байқағаным, онда кілең еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауылдың қыздары. Оларға тегін кәсіп үйретіп, қабілетті дегендерін жұмысқа бедел жинау үшін алып жатқаным жоқ. Сүрініп жүрген бір адамның болсын қолтығынан демеп, еңсесін көтеруіне көмектессем деймін.
«Аналар үйіне» барып тегін сабақ өткізетінімді, қоластымдағы қызметкерлерге арнап үй салып жатқанымды жария ете бермеймін. Себебі жазбамды көрген соң, қолұшын созуымды өтініп, хат жазатын адамдар саны толастамай кетеді. Біріншіден, мен олардың бәрін жұмыспен қамти алмаймын. Екіншіден, баласымен келген келіншектердің жауапкершілігі көп. Кішкентай сәбиімен келген соң, жылы үй, ай сайын тұрақты жалақы беруім керек.
Жалғызбасты аналарға жатақхана салды
Жұбаева жалғызбасты аналар мен қоластындағы қызметкерлерге арналған тегін жатақхана құрылысын өткен жылы қолға алған болатын. Амандық болса, қоныстой жасайтын күндер де алыс емес.
Қазір қыз-келіншектерге арналған тренингтер, ақыл айтатын психологтар көп қой. Табысқа жеткен атақты психолог, кәсіпкерлердің кітаптарын оқып, сөз сапырып шығу бір бөлек. Ал өз басыңнан бәрін өткізіп, қай жерде құладың, неге құладың, қандай қиындықтар кездеседі деген сынды сұрақтарға жауап бере отырып, өмірлік тәжірибеңмен бөлісу – ол басқа дүние. Оның үстіне өзіңнің де, өзгенің де уақытын алып, сабақ өткен соң: «Мынау былай тігіледі, мынау былай қиылады» деп қайтарып жібермей, мотивация беру, сенімділік ұялату керек. Ешқандай Бәке-көкесіз қалталы күйеусіз кәсіп ашу қолымнан келді. «Сенің де қолыңнан келеді» дегенді саналарына сіңіргім келеді.
Республика бойынша курстар легін бастадық. Курста негізінен киімді қалай пішіп, оңай жолмен тігу әдістерін үйретемін. Көп нәрсені қиындатудың қажеті жоқ. Бүгінде алты айлық баладан бастап, стандартты емес өлшемге арналған киімдердің түр-түрінің үлгісі интернетте толып тұр. Ниет болса, бәрін үйреніп алуға болады. Бастысы мидағы кедергілерді жою керек. Біз бүгін киімді де, басқаны да шетелден сатып алып жатырмыз. Біздің елде икемді, ісмер қыз-келіншектер жетеді. Ақылы курс ашу негізі ойымда болмаған. «Аналар үйінде» өткізіп жүрген шеберлік сабақтарын тікелей эфирден көргендер «бізге де үйретіңізші» деп хаттар жаза бастады. Сонымен аяқ астынан шеберлік курсын бастап кеттім. Елімізде кәсіп бастаймын, жұмыс жасаймын деген жанға мүмкіндік көп. Курста «несие алсам» дейтін келіншектер жиі кездеседі. Негізі несиесіз-ақ кәсіп бастауға болады, бірақ тәжірбиесі бар адаммен ақылдасып, жүйелі жоспар құрып барып кірісу керек, – дейді Гүлшарат.
АЛМАТЫ