Аймақтар • 19 Сәуір, 2019

Жанашыр жобалар игілігі

913 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі қарсаңында Ақмола облыстық филиалының ХХХІІ конференция­сы өтті. Конференция барысында партияның негізгі төрт жалпыұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Жанашыр жобалар игілігі

Партияластар алдында сөз алған Nur Otan партия­сы Біржан сал аудандық филиа­лы­ның төрағасы, аудан әкімі Ермек Нұғыманов өз өңірінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, тарқатып айтып берді. Оның айтуына қарағанда, ауданда «Бастау-бизнес» бағыты бойынша соңғы үш жылда 88 адам 310 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Несие алушылардың басым көп­ші­лігі жер жағдайына байланыс­ты мал шаруашылығымен айналысуда. Бүгінгі заман талабына сай ауыл тұрғындары 21 өндірістік кооператив құрып, шаруашылық саласын жаңа деңгейге көтеруде. Ауылдағы әлеуметтік саланы мамандармен қамтамасыз ету барысында «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауданның елді мекендеріне 38 жас маман келіп, олардың барлығы мемлекеттік қолдауға ие болды.

Мемлекеттік маңызы бар төрт партиялық жобаның бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл жоба бойынша Шортанды ауданын­да атқарылып жатқан ауқым­ды істер жайын партия­ның аудандық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Ахме­дия Қожамсейітов баяндап бер­ді. Мақсатты әлеуметтік көмек алуға 11 отбасы өтініш білдір­ген. Оларға 1 миллион 893 мың теңге көлемінде қаражат  бөлін­ген. Партияның қоғам­дық қабылдауына әлеуметтік мәселелер бойынша 18 көп балалы анадан 23 өтініш түсіп, оның 9-ы оң шешімін тапқан.

– Партия ұйымдастырған «Наурыз Challenge» акциясы аясында облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен бір­лесіп 251 отбасына 2,3 мил­лион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, – деді өз сөзінде Ахмедия Қожамсейітов.

Ал Жақсы ауданында «Құтты мекен» партиялық жобасын жүзеге асыру мақса­тында 27 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып қойған. Бұл пәтерлер әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған отбасылары­на беріледі. Сондай-ақ 2020 жылы тағы да бірнеше тұрғын үйлердің құрылысы басталмақшы.

Жиын соңында партия ардагері, меценат, Есіл ауданы­ның құрметті азаматы Уәлихан Әріпов сөз алып, ал­дағы сайлауда әр адам өзінің аза­маттық ұстанымын көр­сетіп, маңызды науқаннан тыс қалмауға шақырды. Кон­ферен­ция қорытындысы бойынша Nur Otan партия­сының кезектен тыс өтетін съезіне делегаттар сайланды.

 

Ақмола облысы