Аталған форумға АТУ-дың әр жылдардағы түлектері – қазіргі өндірістік компаниялардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, өнер адамдары шақырылды. Түлектер форумын өткізудің негізгі идеясы – университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайта отырып, университетті әр жылдары бітірген ұрпақтардың бас қосуы.
Алғашқы сөз Алматы технологиялық университетінің ректоры, академик Талғат Құлажановқа берілді. "Оқу ордамыздың түлектері – біздің мақтанышымыз. Осы уақытқа дейін біз технологиялық мамандықтар бойынша білікті мамандар дайындадық. Олар республикамыздың экономикасын, әлеуетін жақсарту үшін өз үлестерін қосуда. АТУ-да білім алған әрбір студент білікті маман болып, кәсіби деңгейге жетіп, өз мансабын жасады. Түлектеріміз республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Біз әрбір түлегімізбен мақтанамыз!", - деп ректор АТУ түлектеріне жылы лебізін жеткізді.
Бұдан кейін АТУ түлегі, белгілі актер, продюсер Фархад Абдраимов сахнаға шықты. Ол келген қонақтарды құттықтай отырып, өзі білім алған оқу ордасына алғысын білдірді. Келесі құттықтау сөз 2017-жылғы «Қазақстан аруы», 2008-жылы «Әлем аруы», «Miss Global International - 2011» сұлулық байқауының жеңімпазы, университет түлегі Альфина Насыроваға берілді. Форумға келген қонақтар мен университет түлектеріне ризашылығын білдірген Альфина Насырова Алматы технологиялық университетінде білім алғанын мақтаныш тұтатынын айтты.
Келесі болып сахнаға АТУ Қамқоршылық Кеңесінің төрағасы, Қазақстанның тағам кәсіпорындарының вице-президенті, АТУ түлегі Марина Сабралиева, АТУ Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі, «Беккер и К» ЖШС кондитерлік өнімдер және нан пісіру өндірісінің директоры Насима Қалиева, АТУ Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі, АТУ профессоры, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының Президенті Любовь Худова шығып, форумға келген қонақтарға өз құттықтауларын жеткізді. Айта кетейік, АТУ Қамқоршылық Кеңесі білім сапасын арттыруға, сондай-ақ, университет студенттері үшін тәжірибеден өтуге өз ықпалдарын тигізіп жүр.
АТУ түлегі, әнші Ерлан Орынбасаров студенттік шақтағы қызықтарымен бөлісе отырып, жары Баян Нұрмышева екеуі әсем әндерімен шараның сәнін кіргізді.
Форум барысында жүргізушілер қонақтарға АТУ Қамқоршылық Кеңесінің бастамасы бойынша құрылған «Эндаумент АТУ» корпоративтік қорының жұмысын айтып өтті. Қордың қаржы ресурстары талантты жастарды, ғылыми зерттеулерді, әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау және басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалады. Осы уақытқа дейін қордың қалыптасуына елеулі үлес қосқан серіктестер - «KassanovInvestmentGroup (KIG)» компанияларының басшысы Зиятдин Касанов, «Эфес Казахстан» компаниясының бас директоры Омер Умит, «Бахус» АҚ-ның бас директоры Анатолий Киселев және Алматы технологиялық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ляззат Байболова. Аталған серіктестерге «Эндаумент АТУ» қорының атынан «Алтын меценат» марапаты табысталды.
Бұдан соң сахнаға «Эндаумент АТУ» корпоративтік қорының стартап-жобалары мен байқауларының жеңімпаздары ортаға шақырылды. Атап айтқанда, Эндаумент АТУ» корпоративті қоры «Кеттік Қазақстан» стартап жобасының жеңімпазы, тағам өндірістері факультетінің 2018-жылғы түлегі Нұрсұлтан Есіркепов, «ITSolutioncentre» стартап жобасының жеңімпазы, ининиринг және ақпараттық технологиялар факультетінің түлегі Нұржан Жұмахан, «Үздік студент» байқауының жеңімпаздары тағам өндірістері факультетінің студенты Ислам Габдулхали және экономика және бизнес факультетінің студенті Ислам Сейтхазин ортаға шығып, «Эндаумент АТУ» қорына ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында "Эндаумент АТУ" қоры жанындағы Түлектер қауымдастығы мен Қамқоршылық кеңесінің бастамасымен Родик Гайкович Мнацаканян атындағы мақсатты капитал ашылғандығы туралы қонақтарға хабарланды. Келесі болып сахнаға Армения Республикасының Алматы қаласындағы консулының көмекшісі Арам Навасардян шығып, қонақтарға құттықтауын жеткізді.
Шара барысында университеттің талантты студенттері ән және би өнерлерін ортаға салды. Университет студенттерінен құрылған «Тұмар» би ансамблі де мың бұралған билерімен көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, форум аясында «Өз жолыңды таңда!» атты ьүлектер жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын өтетін АТУ түлектерінің жәрмеңкесі – университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың тиімді түріне айналып келеді. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – түлектер мен жұмыс берушілерді кездестіру.
Форум АТУ студенттерінен құралған вокал үйірмесінің қатысушыларының орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды. Келген қонақтар мен түлектер форумнан көңілдері көтеріңкі күйде тарады.