Айта кетер жайт, аталмыш шара 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шараның ұйымдастырушысы – «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ITECA компаниясы.
«Almaty Travel Fest 2019» қонақтары қызықты әңгімелер мен презентациялар түрінде тылсым сырға толы алыс жолдарға «саяхатқа» аттанды. QazaqGeography-дің экспедициялары мен Қазақстанның туристерге арналған тарихи мекендері, қорықтары жайлы Нұржан Алғашов сөз бастады. Шараға қатысушыларды жыл сайын Арал мәселесіне қатысты өткізілетін ғылыми экспедиция қызықтырды. Одан бөлек, Қазақстандағы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қатысты жасалып жастқан жұмыстар жайлы әңгіме өрбіді. Осы орайда, туризмді дамытудың басты жолдарының бірі – келген қонақтарға жасалатын жағдай мен жылы шырай танытудың қаншалықты маңызды екені талқыланды.
Көршілес Қырғызстанның таң қалдырар табиғатын Бішкекетен келген қонақ Азамат Акматов баяндады. Марокконың құпиялары жайлы Динара Калимова айтып берсе, Ресей саяхатшысы Евгений Андросов Жаңа Зеландияға сапары жайлы сөз қозғады. Танымал блогер Александр Цой «солтүстік жарықтарын» іздеудегі өз хикаясын баяндап, көпшілік назарын қызықты оқиғаларымен баурады. Лайфстайл блогер Сәуле Сергазиевна Оңтүстік Африкаға сапары жайлы және сол аймаққа жолға шыққысы келген жандардың қандай нәрселерге назар аудару керек екенін тілге тиек етті.
Форумның аяқталуына орай, жиналғандар арасында «НСК» сақтандыру компаниясы, «SCAT» авиакомпаниясы мен Марокко елшілігі ұсынған бағалы сыйлықтар ойнатылды. Айта кетер жайт, «Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлан-Баторға» дейінгі әуе билетін Алматы қаласы тұрғыны жеңіп алды.