19 Сәуір, 2019

Үкіметтік жұмыс тобының Өскемендегі сапары аяқталды

1056 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вице-Премьер арнайы барған екінші отбасы – қала шетіндегі жер үйде 12 бала өсіріп отырған Черкашиндер әулеті.

Үкіметтік жұмыс тобының Өскемендегі сапары аяқталды

 

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік еткен үкіметтік жұмыс тобы Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында Шығыс Қазақстан облысына келген еді.

Үкіметтік делегацияның жұмыс сапары кеше Семей қаласында басталып, бүгін Өскеменде жалғасты. Г. Әбдіқалықова бастаған, Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қостаған  ресми топ ең әуелі қаладағы облыстық мамандандырылған медициналық орталықта 2018 жылы ашылған еліміздегі тұңғыш роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысты. Елордадан келген мәртебелі меймандар бұдан кейін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде облыс активімен кездесіп, Елбасының  «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде жүктеген «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары жайында баяндады. Кездесуде Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлері мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қамқорлық, денсаулық, білім салаларында қолға алынып жатқан жұмыстар турасында әңгімеледі. Дөңгелек үстелде Семейдегі электротехникалық колледждің директоры Азат Сарпеков, «NIET.WOMAN» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, көп балалы ана Эльвира Аллахвердиева мен Өскемендегі №38 гимназияның директоры  Инесса Чернышева сөз алып, өңірдің әлеуметтік саласында жүзеге асырылып жатқан шаруаларды тілге тиек етті.

Үкімет басшысының орынбасары жұмыс сапары аясында шаһардағы екі көп балалы отбасының үйіне барды. Жібек жолы көшесінде тұратын Нұрлан Жетпісовтің жұбайы өмірден ерте озып, бүгінде бес балаға бір өзі бас-көз болып отырған көрінеді. Бірнеше жыл пәтер жалдаған Өскемен тұрғынына «ВК Техногрупп» ЖШС-сі өздері салған көпқабатты үйдің бірінші қабатынан екі бөлмелі пәтер сыйлапты. 

Вице-Премьер арнайы барған екінші отбасы – қала шетіндегі жер үйде 12 бала өсіріп отырған Черкашиндер әулеті. «Родничок» шаруа қожалығының басшысы А.Митин бұл отбасыға көмек қолын созып, құрылыс материалдарын сатып әперіпті. Гүлшара Әбдіқалықова екі отбасыға ризашылығын жеткізіп, 150 мың теңгенің қаржылай сертификатын табыс етті.

Үйлестіру кеңесінің мүгедектерді қорғау саласындағы көшпелі отырысы да Үкіметтік делегацияның қатысуымен Өскеменде өтті. Бейнеконференция байланысы режиміндегі жиында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сүруін жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарының қорытындылары шығарылып, 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың жобасы талқыланды.

Бұдан соң жұмыс тобы мүшелері мүмкіндігі шектелуі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатының жұмысымен танысып, балаларға арналып салынып жатқан 200 орындық аурухананың құрылысын көрді.

ӨСКЕМЕН