Заманың түлкі болса тазы боп шал…
Сәрсенбі, 26 желтоқсан 2012 7:27
Қазір соғым уақыты. Қазақ басқадан қалса да еттен қалмайды, соғым алмақ болып базарға барасың. Астананың төңірегінен немесе сәл алыс жерлерден 150-160 мың теңгеге алып келген тай, жабағыларды жастар тұтасымен 180-200 мың теңгеге сатып жатыр. Дұрыс олардікі. Әкелгені, жүрген-тұрғаны – бәрі еңбек. Сондықтан да, баяғыдай «алыпсатарсың» деп оларды ешкім кінәламайды, керісінше, еңбек етіп, отбасын асырап жатқанына қуанасың.
Сәрсенбі, 26 желтоқсан 2012 7:27
Қазір соғым уақыты. Қазақ басқадан қалса да еттен қалмайды, соғым алмақ болып базарға барасың. Астананың төңірегінен немесе сәл алыс жерлерден 150-160 мың теңгеге алып келген тай, жабағыларды жастар тұтасымен 180-200 мың теңгеге сатып жатыр. Дұрыс олардікі. Әкелгені, жүрген-тұрғаны – бәрі еңбек. Сондықтан да, баяғыдай «алыпсатарсың» деп оларды ешкім кінәламайды, керісінше, еңбек етіп, отбасын асырап жатқанына қуанасың.
Менің айтпағым, осы арада туған бір кәсіп туралы еді. Делдалдық деген бұл тәсіл ежелден бар. Біз сияқты қалам қамшылаған немесе кеңседе отырып қалған шенеунік, ғылым жолына түсіп кеткен зиялы қауым өкілдерінің негізгі бөлігі, жасыратыны жоқ, мал танымаймыз. Сонымен бірге, саудаласуға да жоқпыз. Бізге мәшиненің қорабында жатқан мал етінің бәрі бірдей секілді. Тек қайсысы арзандатар екен деп аралап жүресің. Ал делдалға бір мың теңге берсең, ол жақсы малды таңдап береді, сен үшін саудаласып, сатушының осал жерінен ұстап, бағасын да түсіртеді. Мәселен, қабырғаның арасына қолды салып жіберіп, «ойбу, іш майдан түк те жоқ қой» деп айтуды біз білеміз бе? Ал делдал соны немесе тағы бірдеңені сылтау қылып, бағаны 10 мың теңгеге дейін түсірте алады. Ендеше, манағы берген 1 мың теңгеңіз 9 мың теңге пайдамен қайтты деген сөз емес пе?
Сондықтан, делдалдың қызметінен қашуға болмайды. Ал кеңестің тек «қоқиып», жаныңа ешкімді жолатпай, «таза жүру» деген қағидасын бойымызға сіңірген біздер оларды алаяққа санап, аса жақындата қоймаймыз. Сол делдалдарыңыз ет сатумен енді айналысып жүрген жастарға да мөлшерлі бағаға базардың қыр-сырын үйретіп, тауарын қалай өткізудің әдісін көрсетеді екен. Ақылды бала әкелген етін өздігінен өткізе алмай күні бойы тұрғанша делдалға 1 мың теңге беріп, алушымен қалай сөйлесуді үйреніп алады. Ал делдал алушының да осал тұсын дәл ұстайды. «Сізге сыйлы қонақтар көп келетін сияқты», деп қиялап келіп өзіңе де көпшік қойып кететін олар «табақтың сәні дұрыс болу үшін мына еттен алсаңыз» деп әрі қарай ауыздан бал тамызып әңгімелеп кеткенде, расында, солай екен-ау, алсам дұрысын алайыншы деп қалтаңызды сипалай бастағаныңызды өзіңіз де сезбей қаласыз… Сайып келгенде, осы әдіспен делдалдар базар атаулының негізгі қожайындары болып алған. Өйткені, олар алушыға да, сатушыға да ақылшы. Екі жаққа да сөзін өткізіп, екі жақты да разы қылып жатады. Базарға көп баратын ағайындар келген бойда оларды көзбен іздей бастайды немесе телефонмен хабарласып алып, кездесіп жатады.
Бұл делдалдықтың өте қарапайым түрі. Ал осы кәсіпті әбден, ең жоғарғы шектегі шеберлігіне жеткізген еврей қауымының өкілдері бүкіл әлемді ұстап отырғанын білеміз бе? Ай, біле қоймаймыз ғой. Ендеше тыңдаңыз.
Еврейлер әлемдегі ең күшті мемлекет – Американы құлағынан ұстамаса да, қолтығынан ұстап тұрғаны шындық. Сондықтан да, Америка Израильдің сөзін сөйлеп, Таяу Шығыста соның сойылын соғып отыр. Ал олар Американы қандай жолмен ұстап отыр дегенге айтатын жалғыз себебіміз, «байлықтың арқасында» дегенге ғана саяды. Кейбіреулер, тіпті Америка ұлттық байлығының 80 пайызы еврейлердің қолында екен дегенді де айтады. Жоқ, тіпті де олай емес. Америка халқының 1 пайызы миллионерлер (миллиардері де соның ішінде), олар жеке меншіктегі ұлттық байлықтың 25 пайызына иелік етеді. Ал америкалық миллионерлердің 20 пайызы еврейлер. Ендеше, өте байлардың қолындағы ұлттық байлықтың 5 пайызы ғана оларға тиесілі. Ал америкалық орта тап ұлттық байлықтың 60 пайызына иелік етеді. Бұлар дәрігер, адвокат, орта және ұсақ кәсіпкерлер және т.б. Америка халқының 2,5 пайызы еврей болғанда осы таптағы еврейлердің үлесі 5 пайыздай. Демек, олар осындағы байлықтың 5 пайызына да иелік ететін көрінеді. Сөйтіп, барлығын қосқанда ұлы мемлекеттің ұлттық байлығының 10 пайызы ғана еврей ұлты өкілдерінің қолында. Бұл «Американың барлық байлығы еврейлердің қолында» деген түсінікті теріске шығарады. Ендеше, олар Америка экономикасын қалай билеп отыр?
Сөйтсе, олар Американың барлық инвестициялық бизнесіне иелік етіп отыр екен. Соның ішінде, атағы жер жаратын Нью-Йорктің қор биржасы да тұтасымен солардың қолында. Инвестициялық бизнес деген біздің елде жаңа ғана бой көтере бастады. Оның негізгі мақсаты – халықтың қолындағы байлықты жинастырып, өнеркәсіпке құю дегенге саяды. Халықтық ІРО дегеніміз, сол. Қазір біздегі үлкен компаниялардың акциялары халыққа сатылатын болды, ал түскен ақша сол компанияны дамытуға салынады. Бұл әдіс Америка экономикасында ХІХ ғасырдан бері дамып, жақсы жолға қойылған. Инвестициялық қорларды қарапайым тілмен айтқанда, делдалдар деуге болады. Олар халыққа өздерінің акцияларын сатады, ал түскен қаражатқа өздері ірі корпорациялардың акцияларын сатып алады. Қымбаттаған кезде оларды қайта сатып, өздері арзандаған акциялар іздеп отырады. Қысқасы, осындай алыпсатарлықтың арқасында инвестициялық қорлар барлық акциялардың сатушысы немесе сатып алушысы бола отырып, оларға иелік ететін шын қожайынға айналған. Сол операциялардың нәтижесінде түскен миллиардтаған табыс осы қожайындардың қалтасында. Бұл бизнесті халық нағыз «еврейлік бизнес» дейтін көрінеді. Шын мәнінде, дүниеге ебі күшті осы халықтың өкілдері ғана өздерінде ақша болмаса да басқаның қаражатын қалтасына шоғырландыра отырып, біреудің меншігін иелене алған. Осында аккумуляцияланған ұлан-ғайыр байлықтың арқасында олар Америка экономикасына да өзінің ықпалын жүргізіп отыр. Бұл байлық, әрине, толығымен қорлардікі емес, бірақ, оны басқаратын солар.
Осы жерде халық корпорациялардың акцияларын делдалдарсыз-ақ тура өздерінен неге сатып алмайды, деген бір заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұл орынды сұрақ. Аса ірі өнеркәсіп корпорациялары жай да солай етеді. Бірақ орта табысты сатып алушы қор биржасындағы бағаның тұрақсыздығынан қорқады. Ал инвестициялық қорлар олардың қаражаттарының жойылып кетпеуіне және жақсы түсім алуына кепілдік береді, сонымен бірге, сақтандыру қызметін де жасап отырады. Сондықтан, халық акцияны қор биржасынан ғана алуға құштар.
Міне, делдалдық деген кәсіптің ең жоғарғы шыңға жетілдірілген түрі осы. Сондықтан, делдалдыққа кеңестік кертартпа көзқарасты тастап, перспективасы өте жоғары кәсіп деп қарау қажет. Ол адамның менеджерлік ыңғайын ұштап, адамдармен тіл табысу, оларды өз пайдасына көндіру секілді ебін арттырады. Жалпы, қазаққа «сауданың тегін» еврей халқы өкілдерінен үйреніп, олардың осы саладағы өнерін зерттеген дұрыс.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.