20 Маусым, 2012

Ақшаның құлына айналмайық

2057 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақшаның құлына айналмайық

Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:35

Соңғы кезде қазақтың есін алып тұрған бір нәрсе бар. Ол – ақша. Ақшаға құнығу күннен  күнге өршіп барады. Бұл дүние­дегінің бәрі ақшамен өлшенетін болды. Ақшасы болса – дос, ақшасы бар – туыс, құданы да қалтасы қалыңдардың арасынан іздейміз… Әйтеуір, таңның атысы, күннің батысы «ақша, ақша» деп жағымыз талғанша қақсап жатырмыз. Осыдан руханияты­мыздың ақсап, ұрпағымыздың кембағалданып бара жатқанын­да жұмысымыз жоқ. Оған мысал іздеп алысқа барудың керегі жоқ. Интернетті ашып қалсаңыз, ақша бермедің деп ата-анасын сабап жатқандар, тіпті өлтіріп тастағандар туралы хабарлар өріп жүр.

Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:35

Соңғы кезде қазақтың есін алып тұрған бір нәрсе бар. Ол – ақша. Ақшаға құнығу күннен  күнге өршіп барады. Бұл дүние­дегінің бәрі ақшамен өлшенетін болды. Ақшасы болса – дос, ақшасы бар – туыс, құданы да қалтасы қалыңдардың арасынан іздейміз… Әйтеуір, таңның атысы, күннің батысы «ақша, ақша» деп жағымыз талғанша қақсап жатырмыз. Осыдан руханияты­мыздың ақсап, ұрпағымыздың кембағалданып бара жатқанын­да жұмысымыз жоқ. Оған мысал іздеп алысқа барудың керегі жоқ. Интернетті ашып қалсаңыз, ақша бермедің деп ата-анасын сабап жатқандар, тіпті өлтіріп тастағандар туралы хабарлар өріп жүр. Ақшаға бола араздасып, бірін-бірі көрместей болып кеткен ағайын жандар да аз емес. Ақша кеше ғана бірінсіз бірі тамақ іше алмайтын, нәсібін бірге іздеуге бел буып кәсібін қосып жіберген айнымас дос­тар­дың да арасына қара мысық болып кіріп жауластырып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, ақшаның жүрген жері лас, ақшаның жүр­ген жері ылаң. Бірақ оған қарап жатқан қазақ жоқ, «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деп тойдан тойға шүйгіп жүр.

Осылай жалғаса берсе, бәрі­міздің де сорымыз қайнайтын күн алыс емес-ау деген ой келеді. Ақшаның алдында бүгін бас исек, ертең тізе бүгетініміз сөзсіз. Ойымызды тұмшалап алған «бәрін ақша шешеді» деген сөздер санамызға сіңіп, «шалқайып отыр». Оған селт етпейміз, бойымыз да үйреніп барады. Мен бұл арада ақша таппа, ақша ұстама, ақшадан мүлде бас тарт деген сөздерді айтқалы отырған жоқпын. Ақша бүгін ғана пайда болған нәрсе емес. Біздің заманымызға дейін­гі 3 ғасырда хуннулар ақша орнына күміс пышақты пайдалана бастаған. Содан бері ол жүз құбылып өзгергені болмаса, айналымнан шықпай келеді. Бірақ дәл қазіргідей адамның санасын улағаны, есіл-дертін алып, құлға айналдырғаны, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық­тары­мыз­ды көмескілей баста­ғаны ойландырмай қоймайды.

Қазір үлкенді былай қойған­да, балалардың өзі бәрін ақшамен өлшейтін, ақшамен шешуге ұмтылатын болып алды. Студенттердің «өз мәселелерін» шешу үшін семестр сайын ақша жинайтынын бүкіл ел біледі. Сонда қалай, ақша біздің басты құндылығымызға айналғаны ма? Кеше ғана ол тауарлардың құ­нын көрсететін, барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұты­ну­шылар арасындағы экономи­ка­лық байланысты қамтамасыз ететін, тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуы нәтижесінде пайда болған қара­пайым құрал емес пе еді? Біз білместікпен оның қоғамдағы рөлін асқақтатып жіберген сияқ­тымыз ба, қалай? Ал мұның аяғы жоғарыдағы келеңсіздік­тер­ге әкеліп соғып жатқан жоқ па. Бұл бәленің басы десек, ертең мұнан да сорақы жағдай­ларға тап болмасымызға кім кепіл бола алады. Осыны бүгін ойламасақ, ертең кеш қалуымыз бек мүмкін.

Ойлағанда не істейміз? Бұл орайдағы қадамдарымыздың бәрі тәрбиеге келіп тірелуге тиіс. Мы­салы, өзіміз мектеп қабырға­сын­да жүргенде ақша іздеген жоқпыз. Ақшада жұмысымыз болған жоқ. Әке-шешеміз де аттаған сайын ақша жайын сөз етпейтін. Той-домалақта тілек айтқанда, қазіргі ақшаның буына пісіп жүрген рухани надандар сияқты көп ақша тап, бай бол демейтін, оқу оқы, білім ал, жақсы азамат бол, адам бол дейтін. Әр кез бақыттың кілті білімде дейтін. Не нәрсеге болсын қанағат деп, барға шүкір­шілік ететін, ұлтымыздың жау­һар құндылықтарын құлағымыз­ға құйып отыратын. Ал қазір үлкеннің де, кішінің де көкейін тесіп бара жатқан бір-ақ нәрсе, ол – ақша. Жоқ! Ағайын, ап­тығыңызды басыңыз. Ақшақұ­марлық түбі жақсылыққа апарып соқтырмайды. Ақша біз үшін басты құндылық бола алмайды. Әне, ақшақұмарлар Анасын бас-көз демей төпелеп, соққыға жығып жатыр, өлтіріп жатыр. Ана бір бұрышта ақша­құмарлар арын саудаға салып жатыр. Олар ертең Отанын да сатады. Бұл бізге шегінетін жер жоқ, жарқабаққа тірелдік деген сөз. Ендеше, ойланайық, «Ақша жүрген жерде албасты бірге жүреді», «Ақша байлығы көрін­генше, ақыл байлығы өлгенше» деген бабаларымыздан қалған сөздерге құлақ асайық, ақшаның құлына айналмайық!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».