«Аққуды көру бір бақыт…»
Сәрсенбі, 29 тамыз 2012 7:15
Баланы ержүректілікке, батылдыққа, патриоттық істерге, қайсарлыққа, табандылыққа тәрбиелеуге үлкен мән беретін кеңес мектептерінде «өмірде әрқашан да ерлікке орын бар» деген қағидатты көп айтатын. Жоғарғы сыныптарда оқып, өмірден өзіңше ой түйе бастаған кездерде: милицияда қызмет еткендер қауіпті қылмыскерді құрықтағанда болмаса, басқа уақытта бейбіт заманда қандай ерлік болушы еді деп іштей оған қарсылық білдіретінбіз. Ал шын мәнінде ерлік істерге өмірде әр күн сайын орын бар екенін енді біліп отырмыз.
Сәрсенбі, 29 тамыз 2012 7:15
Баланы ержүректілікке, батылдыққа, патриоттық істерге, қайсарлыққа, табандылыққа тәрбиелеуге үлкен мән беретін кеңес мектептерінде «өмірде әрқашан да ерлікке орын бар» деген қағидатты көп айтатын. Жоғарғы сыныптарда оқып, өмірден өзіңше ой түйе бастаған кездерде: милицияда қызмет еткендер қауіпті қылмыскерді құрықтағанда болмаса, басқа уақытта бейбіт заманда қандай ерлік болушы еді деп іштей оған қарсылық білдіретінбіз. Ал шын мәнінде ерлік істерге өмірде әр күн сайын орын бар екенін енді біліп отырмыз.
1984 жылы бір кеселмен Алматының ортопедия-травматологиялық орталығына жатуға тура келді. Мұнда кейбіреулердің сынықтан дұрыс салынбай, аяқтары ақсақ немесе қолдары қисық болып қалғандарын да түзейді екен. Ал емі тым қарапайым, шор боп біткен сынықты қайта сындырып, дұрыс салып, гипстеп қояды. Соның ішінде сүйегі қысқарып кеткендерге Илизаровтың аппаратын салып, бірнеше ай бойы бұрандамен «өсіреді». Айтайын дегенім, сол кезде сынған жамбасы дұрыс бітпей, қайта сындырып, түзу етіп салуға тура келген бір жігіттің қайғысы еді. Әлгі ауруханаға салғаннан зарлап кірді. Жамбасын қайта сындырады дегенді естігенде тіпті ботадай боздады. Одан гипсте 40 күн жатуға тура келеді дегенді естігендегі оның күйзелісін жан баласына бермесін… Қарғанып, өмірден түңіліп айтпаған сөзі жоқ. Арасында «осыншалық күйге салған Құдайға» да тілі тиіп кетеді. Бүкіл аурухана болып көңілін аулап, уатып жатса да уайымын ірке алмай, еңгезердей еркек қашан көрсең екі көзіне ерік беріп отырғаны. Қасында өзіндей адамдардың жатқанын көрсе де жасынан жанын өбектеп өскен боркемік неме болса керек, өзін басқалардан артық санап, әйтеуір мазасы болған жоқ. Міне, өмірде мұндайлар да аз болмайды. Шыдамсыздық пен күйгелектікке бой алғызған ондайлар өзі ғана емес, өзгенің де мазасын алып, ақыры кісілік қадірін кетіріп тынады. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Ауырғаннан аяған күштірек» деген бір әңгімесі бар. Онда аяғын сындырып алған жас бала қанша қиналса да жайраңдай күліп жатыпты. Сынығын салып жатқан дәрігер оның бұл қылығына таң қалып, аяғың ауырмай ма деп сұрағанда: ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп тұр. Бірақ мен қиналсам әжем екі есе қиналады ғой деп шыдап жатырмын деген екен. Осы тәмсіл де ұққан жанның есінде мәңгі қалары сөзсіз. Бұл да бір ересен ерліктің түрі. Ал біз мысалға алып отырған жігіт өзінен басқа ешкімді ойламай, жантыныштығын ғана күйттеген жан екені көрініп тұрды. Мұндайлардан ездік шықса шығар, бірақ ерлік ешқашан шықпайды, әрине.
Жуырда, өмірде ерекше ерлік жасап жатқан бір жанмен жолықтым. Қолыма қалам алуға себепші болған да сол кісінің тағдыры еді. Енді сол туралы әңгімелеп берейін.
Шәмәр Салжігітова апайымыз қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болатын. Ол өз мамандығын жан-тәнімен сүйген әрі нағыз ұстазға лайықты тәлімі де күшті жан. Өзі Солтүстіктің бір қиырында туса да жоғары білімді Семейден алып, ұлылар елінің ауасын жұтқан, Абай ауылының жастарымен жақын араласқан жан. Мектепті күміс медальға бітірген соң, сол кездегі жұрттың әдетімен Мәскеудің бір жоғарғы оқу орнына құжаттарын жіберіпті. Алтын, күміс медаль алғандарды ол кезде емтихансыз қабылдайтын. Шәмәрдің оқуға қабылданғаны туралы шақыртуы мектепке келген екен, бірақ сол кездегі ұлты басқа директор қараулық қылып, оны уақытында көрсетпей, тығып қойған. Сөйтіп, жаз бойы тосып, сол жылы жоғары оқу орнына баратын уақытты өткізіп алады. Ал келесі жылы Семей пединститутының қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын даярлайтын факультетіне түскен екен. Ол жылдары мұндай факультеттер терістік облыстарда мүлде жоқ, тек еліміздің 3-4 қаласында ғана болатын.
Оқуды қызыл дипломға бітірген қыз өзінен басқа қарасар адамы болмаған соң кәрі ата-анасының жағдайына қарайлап, туған ауылынан шықпай, осындағы мектепке өз мамандығы бойынша қызметке тұрады. Аудандық, тіпті облыстық білім бөлімдері үлкен мектептерге бару туралы талай ұсыныс жасаса да, ол ауылдан шықпайды. Содан бері қырық жылға жақын Шәмәр Қуандыққызы ауылдастарына қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын үйретіп, жастарға оны тереңірек білдіру жолында тер төкті. Жолдасы Серғали Сибанбаев та өмір жолын ұстаздыққа арнаған жан еді. Екеуі төрт ұл мен қыз өсіріп, оларды үлгілі азаматтар қатарына қосты. Үлкен қызы Гүлмайра мен үлкен ұлы Мұрат ҚазМУ-дің механика және қолданбалы математика факультеттерін бітірген мамандар. Қазір балаларының бәрі де үлгілі отбасы болып отыр.
Шәмәр апамыздың өз ата-анасымен қоса қайын атасы мен енесін қолында бағып, бәрінің де алғысын алып, өмірден ризашылықтарымен ұзатқанын барша ауылдастары жақсы біледі. Барлық қылығы сүйкімді, ұлағатты ұстаз, ибалы келін, инабатты ата-ана, жұғымды көрші бола білген оны бүкіл ауылдастары өздеріне үлгі етіп, қатты сыйлайды.
Сөйткен жан алпыс жастың ортасына енді ене берген 2003 жылдан бері аяғын бастырмайтын кеселге тап болып, төсек тартып қалды. Алдымен үй ішінде қабырғаға сүйеніп, ептеп қозғала алатын болса, 2007 жылы құлап, жамбас сүйегі шытынағаннан соңғы бес жылда отыра да алмай тек шалқасынан жатады. Бес жыл бойы қырына да қозғала алмай, шалқадан түсіп жату дегеннің қаншалықты азап екенін әркім өз әліне қарай салмақтар.
«Бір басу екі аяқты мұң болып тұр, Жарық күн жарқыраған түн болып тұр. Дауасы осы дерттің табылмады жігерім әбден жасып, құм болып тұр. Түсімде жүріп кеттім – құламадым, Ешкімнен тіпті көмек сұрамадым. Оянсам, түсім екен, амал қанша, Жалғасты күні бойы жылағаным», деген өлең жолдарын да шығарыпты. Таң бозарып атады, күн қызарып батады. Жұрт тіршіліктің қамымен үнемі қимыл, қозғалыс үстінде. Біреу үйге кіріп, біреу шығып жатады. Даладан да қызу тіршіліктің дабысы білінеді. Ал ол тек үйдің төбесін ғана көріп, шалқасынан жатыр… Бес жыл бойы… Таң атып келе жатқанда таңмен бірге тұрып кетер ме еді деп қиялданамын, дейді. Бірақ… Қиын, өте қиын…
Ол кісінің жанында тапжылмай, әңгімесін тыңдап 3-4 сағат отырдым. Жады жаңылмаған, кеудесі сайрап тұр, бәрін біледі, бәрінен де хабардар. Әңгімелері тұщымды, ауыл үйдің арасында айтылатын сыпсың сөздер емес, өрелі ойдың өрісті пікірлері. Үйіне келген газетті қалдырмай оқиды, қолын талдырмайтын жеңіл кітаптарды қарайды. Басқа адам болса қарғанар еді. Қарттардан алған алғыс-батам осы ма деп өмірден түңілер еді. Қандай күнәм үшін осындай күйге тап қылдың деп Құдайына да тіл тигізер еді. Ал ол: «Аллаға ризамын, жақсы, саналы балалар берді, солар күтіп жатыр деп тәубесін айтып қояды. Сенің мақалаларыңды да «Егеменнен» жібермей оқып тұрамын» деп маған да біршама салмақты сындар айтты. Сауытбек Абдрахмановтың танымдық сипаттағы мақалаларын ешқашан жібермей, қашан оқып болғанша тыным таппаймын, дейді. Шығарған өлеңдері де көп екен. Олардың біразын қызы Гүлмайра жинақ қылып, құрастыруға талпынып жатқан көрінеді. «Сәуір айы болғанда, Сай-сала суға толғанда. Аққуды көру бір бақыт – Айдынға келіп қонғанда», деп басталатын аққуларға арналған бір ұзақ өлеңінен сағыныш, даланы, табиғатты аңсау мұңы сезіледі. Оған арналған сырлы әуенді әні де бар екен.
Тағдыр тауқыметіне мойымай, өмірге құштарлықтың ерен үлгісін көрсеткен рухы мықты жандар адамзат қауымында көп емес. Соның бірі кешегі өткен Немат Келімбетов ағамыз еді. Ол кісінің ерлігін бүгінгі күні бүкіл әлем біледі. Бірақ сондай үлгіні қайталаған жандарды көп адам біле бермейді, бүгінгі күні қызылжарлық Шәмәр апайымыз да сол қаһармандардың бірі ме деп отырмыз. Алла өзіңе қуат берсін, рухы мықты жан, деп тіледік біз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».