Адалдықты ардақтамағандар ауыздықталсын!
Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:42
Мен бұрын-соңды газетке мақала жазған жан емес едім. «Егемен Қазақстанның» 24 шілдедегі санында жарияланған «Адал жолдың азабы» деген мақаладағы Елеусіз Шағырбайұлы Айтбаевтың тәлкекке түскен тағдыры мені қатты толғандырды. «Адал жолдың азабын» тартқан, сол әділдік үшін қудаланған адам туралы өз ойымды айтуды жөн көріп, қолыма қалам алдым.
Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:42
Мен бұрын-соңды газетке мақала жазған жан емес едім. «Егемен Қазақстанның» 24 шілдедегі санында жарияланған «Адал жолдың азабы» деген мақаладағы Елеусіз Шағырбайұлы Айтбаевтың тәлкекке түскен тағдыры мені қатты толғандырды. «Адал жолдың азабын» тартқан, сол әділдік үшін қудаланған адам туралы өз ойымды айтуды жөн көріп, қолыма қалам алдым.
Иә, зымырап өтіп бара жатқан уақыт! Елеусіз де 60-қа келіп қалыпты-ау. Мен 73-ке, 6 мүшел жастың өріне шықтым. 1980- жылдары мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болып істеп жүріп, облыстық партия комитетінің тапсырмасымен Мақтаарал ауданындағы «Красный луч» колхозына барғанымда, Елеусізбен танысқан едім. Мақта терімінің қызу шағы. Ол кезде мақта теріміне облыстың әр ауданынан адамдарды жәрдемге алып келетін. Оларға жағдай жасау – жатын орын, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қатаң ескерілетін.
Бір совхозда (атауы есімде қалмапты) осы мәселелерге көңіл бөлмеген екен. Елеусіз совхоз директорына: «Олар отбасын, бала-шағаларын, мал-жандарын тастап, бізге келіп, жәрдем беріп жатыр. Осы жағдайды ойлап көріңізші…», деп біраз ренішін білдірген еді. Директор қатты әбіржіп, сөз таба алмай, көп қиналды. Сол кезде Елеусіз совхоз директорына көмекке келген адамдарға немқұрайлы қарап, түлкі бұлаңға салып, әртүрлі себептер айтып жағдай жасамау – олардың адал еңбектерін бағаламау екенін айтқан еді. Ертеңіне директор Елеусізге өзі келіп, сыннан қорытынды шығарғанын айтқан. Бұл – менің өзім куә болған оқиға. Сонда: «Мына Елеусіз нағыз халықтың қамын жеген азамат екен. Көптің қамын ойлаған көпке барар, көкке көтерілер…», деп ойлаған едім.
Шынында, кейін сатылап биік лауазымдарға жетті. Республика көлемінде жұмыс істей бастады.
Міне, «Егеменнен» ол туралы мақаланы оқып отырмын. Адалдықпен жұмыс істеймін деп азаптаныпты. «…Бұрынғы бастығының тұсында ойына не келсе соны істеп, еркін жүруге үйреніп қалған» департамент қызметкерлері мен оның орынбасары Е.Исеновке қатаң талаптар қойып, тәртіпке шақырғаны үшін, жалған құжаттар жасап, 34 азаматқа облыстық көші-қон басқармасынан 26 млн. теңгеден астам ақша бөлінгенін анықтағаны, сапасыз және күмәнді құжаттарға қол қоймағаны үшін оның адалдықтың ақ жолымен жүруіне қарсы адамдар өздерінің заңды бұзып, қитұрқы, жымысқы әрекеттерге барғандарын жасырмақ ниетпен Айтбаевтың соңына шам алып түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне арызды қарша боратады. Ал комитет басшылығы барлық жағдайдан хабардар бола отырып, Айтбаевтан оралмандардың құжаттарын тексерумен көп айналыспай, ескертулерді көбейтпей департамент мамандардарының ұсынған қағаздарына қол қоя беруін сұрайды, бұрынғы бастықтың олардың айтқанымен жүргенін үлгі етіп мақтап, қарсы келетін болса, жұмыстан кетіретіндерін айтып доқ көрсетеді. Не деген бассыздық?!
Елеусіз бір сөзінде: «Мен комитет басшылары жемқорлармен жең ұшынан жалғасып, қыруар ақшаны қалталарына басты дегенді айтқалы отырған жоқпын…», – дейді. Өзі көрмеген, өзі ұстап алмаған соң адамдарға аянышпен қарайды. Ал, маған осы арада сыбайлас жемқорлықтың құлағы қылтиып тұрған сияқты.
Мен осы мақалаға тиісті орындар назар аударар, кінәсіз адамды қорқытып-үркітіп, шырғалаңға салғандарды тәртіпке шақырар деп ойлап едім. Әзірше ондай ниет байқалмайды. Газет көтерген мәселе аяқсыз қалмаса екен деймін. Кінәлілер жазаларын алуға тиіс.
Айтбаев журналиске: «…Аққа құдай жақ, бәрі орнына келгені рас, адал атым қымбат. Мұндай қиянат қайталанбауы үшін, басқалар сабақ алсын деген ниетпен қозғап отырмын…», десе, журналист: «Несі бар. Орынды сөз. Мен онымен келістім», дейді.
Иә, мен де олармен келістім. «Адал жолдың азабынан» құтылған Елеусізге халқына қызмет етуде алған бетіңнен қайтпай, әділдіктің ақ жолымен алшаң басып жүре бер!» – демекшімін.
Өмірбек КЕРІМБЕКҰЛЫ.
Шымкент.