«Журналистиканың ғана емес, бүкіл мәдениетіміздің желмаясы»
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:56
(Публицист-жазушы Камал Смайыловтың туғанына – 80 жыл)
Қазақ журналистикасының ХХ ғасырдағы шынайы бет-бейнесін сомдар болсаңыз, өткен ғасырдағы зіл батпан салмақты арқалаған рухани қайраткерлердің қатарынан, журналистикада өзіндік қолтаңба қалдырған бірегей таланттар шоғырынан Камал Смайылов есімін кездестіретініңіз хақ.
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:56
(Публицист-жазушы Камал Смайыловтың туғанына – 80 жыл)
Қазақ журналистикасының ХХ ғасырдағы шынайы бет-бейнесін сомдар болсаңыз, өткен ғасырдағы зіл батпан салмақты арқалаған рухани қайраткерлердің қатарынан, журналистикада өзіндік қолтаңба қалдырған бірегей таланттар шоғырынан Камал Смайылов есімін кездестіретініңіз хақ.
Камал Смайылов жайлы мақаламызды ағамыздың көзін көрген, өмірдің алуан кезеңдерінде иықтасып бірге жүрген жандардың ой-толғауларынан бастағанды жөн көрдік. Бір қызығы, айтылған естеліктердің барлығын бір арнаға тоғысып, барлық көзкөрген жандар кейіпкер жайлы ерекше ықыласпен, мейірімділікпен еске алып, қалам тербепті.
Камал Смайыловтың балалық шақтан тектілігін танытар азамат болуды, қалам тербеп елдің жоғын жоқтар қаламгер атануды мақсат тұтқаны жайлы академик Төрегелді Шарманов ағамыз былайша әңгімелейді: «Біз Камал екеуміз Ұлытаудың қиясындағы бір ауылдың ұясынан, бір мектептің класынан тәлім алып шыққан түлектерміз.
Камал мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ егілген елдің, қайғырған халықтың тағдырына толғаныспен ой жүгірте білетін жігіт болып қалыптасты. Оның әу бастапқы мақалалары сол кездің өзінде аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көре бастады.
Кеңес өкіметі тұсында тегіңді талдап, тектілігіңді айтып, бабаларыңның атын атасаң басыңа бұлт үйірілетін. Өз заманында белгілі болыс болған үлкен атасы Бабырдың қасиетті Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғасында жерленгенін естігенде Камал шаттануын жасыра алмаған-тын. Әлі күнге дейін ол өзінің майданнан оралмаған немере ағасы, әскери журналист, жазушы Баубек Бұлқышевтың Ұлы Отан соғысының алғы шебінен газеттерге жіберіп тұрған жалынды жазбаларынан, хаттарындағы ақыл-кеңесінен нәр алып қалыптасқанын мақтан тұтады».
Камал Смайылов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін қоғам өміріне белсене араласты. Камал ағамыз баспасөз, радио, телевизия, кино саласында ғана еңбек етпей, саясаттың да тізгінін ұстап көрді. Шығармашылық жолын «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісінен бастады, одан кейінгі жылдары «Білім және еңбек», «Парасат», «Ақиқат» журналдарын басқарды.
1962-1964 жылдары республика комсомолының идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарды. Осы жылдардағы атап өтерлік еңбегі – 1964 жылы әдебиет әлемінің табалдырығын жаңа аттаған талай жастардың қалам қарымдарын таныту мақсатында өзі алғысөз жазып, алғашқы әдеби жинақ шығартуы. Ал ол кітапқа шығармалары жарияланған жастар шын мәнінде таланттар шоғыры болатын. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің танымал өкілдері кешегі өмірден өткен Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Оспанхан Әубәкіровтен бастап, бүгінде ортамызда жүрген классик жазушыларымыз Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауин бар еді. Бұл Камал ағамыздың әдебиетке деген шынайы жанашырлығының дәлелі емес пе?!
Камал ағамыздың 60 және 70-жылдардағы өмірі қазақ киносымен тығыз байланысты. Ол бұл жылдары «Қазақфильм» киностудиясын, Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. Осы жылдары ол соғыс кезінде жазылса да талай уақыттан бері киностудия мұрағатында шаң басып жатқан Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібектің» желісімен жазылған «Гәкку» киносценарийін тауып алып, оны автордың рұқсатын алмастан Мәскеуге барып бекіттіріп әкеледі де, фильм түсіру ісіне қызу кірісіп кетеді. Бұл фильмге сценарийді жазушы Ғабит Мүсіреповке бастан-аяқ қайта жазғызып, режиссер Сұлтан Қожықов, композитор Нұрғиса Тілендиев, редактор Асқар Сүлейменов, суретші Гульфайрус Исмайылова, ақын Қадыр Мырзалиев сияқты өз ісінің білгірлері болып танылған кәсіби мамандардың басын қосып, қазақ киносын әлемге танытқан тамаша туындының өмірге келуіне басты себепкер болады. Жалғыз «Қыз Жібек» фильмі емес, «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Алты жасар Алпамыс» т.б. қазақ мәдениетінің атақ-абыройын танытқан фильмдер қазақ киносының тізгінін К.Смайылов ағамыз ұстап отырған жылдары түсірілген болатын. Камал Смайыловтың осы еңбектеріне ғана қарап, оны қазақ өнерінің шынайы қамқоршысы болды деп бағалауымыз орынды.
Тағы бір атап өтерлігі, осы кезеңде ол «Қазақфильм» деп аталған кино ордасының төңірегіне жоғарыда аталған азаматтармен қатар Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов сияқты қазақ мәдениетінің бетке ұстарларын топтастыра білді, осы арқылы ұлт мүддесі үшін бірлесе қалтқысыз қызмет етудің жемісті болатындығын көрсетіп қана қоймай, оның дайын үлгісін ұсынып та кетті.
Орта Азия елдерінің ішінде жаңа өнер саласының тұсауын алғаш кесіп, оның дамуына орасан зор үлес қосқан да ағамыз болатын, яғни қазақтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы мультфильмі де К.Смайыловтың тұсында дүниеге келген.
Бұл туралы кинорежиссер Әмен Қайдаров өз әңгімесін былайша өрбітеді: «1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясына журналист Камал Смайылов басшы болып келгенде мен Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтын енді ғана бітірген жас маман едім. Қазақ мәдениетінде жоқ өнер саласы – мультипликацияның іргетасын қалауды армандап жүргенімді жаңа басшыға айтқанымда ол мәселені табан астында шешіп, үлкен өнердің тууына бастамашы болды. Әрине, «Қазақфильм» киностудиясына ұялаған қарлығаш Камалдың талай сәтті еңбектерінің бірі ғана еді».
Жоғарыда айтқан ойларымызға Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың ағамыз туралы тұжырымды пікірі тұздық болмақ: «Ұлттық мүдде мен ресми саясат атымен қабыспайтын кереғар жағдайда мәдениет майданында басшылық еткендердің айдарларынан жел есе қоймайтындығы айтпаса да түсінікті. Алайда, соған қарамастан, ұлттық руханиятқа қалтқысыз қызмет ете алған азаматтар ол кезде аз болмады. Олар екі оттың ортасында жүріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз халқына пайда тигізіп бақты. Бұл оңай шаруа емес еді. Мен сондай жанкешті еңбектің иегерлері қатарына Камал Сейітжанұлы Смайыловты жатқызар едім.
Ресми билікпен арадағы шытырмандар әлгіндей болғанда, өнердің өз ішіндегі шырғалаңдары да оңай тимейтін. Таңқылардың таланттарды көре алмай жасап бағатын айла-шарғыларын былай қойғанда, әр таудың арқары болып қалған атақтылардың өздерінің тарттырар тауқыметі аз болмайтын. Жер бетіне өздері сыйғанымен, шаңырақтай-шаңырақтай мүйіздері сыймай, қаралай қақтығысып, шатақ салатын. Ондай ортада ұйымдастырушы болып, ортақ істі алға бастыру қиынның қиыны еді.
Бір қызығы, Камал Смайылов соның бәрін ләззат санамаса, азап санамайтын сыңайлы. Осы ғұмырында екі бірдей журнал шығарыпты. Киностудия басқарыпты. Кинематографияға бір емес, екі рет бастық болыпты. Телевизия мен радиокомитетті де екі рет басқарыпты. Үкіметтің осындай қиын саланы үйлестіретін бөліміне екі рет, Орталық Комитеттегі бөлімге үш рет барыпты.
Бұл тек мәртебе қуғандыққа ұқсамайды. Өзі сүйетін іске шексіз берілгендік шығар. Бір кезде өзі бастап берген істің ендігі тағдырына да қабырғасы қайысқандық шығар. Мыңның біреуі емес, мыңнан біреу… Жаратқанның айрықша мейірімі түскен нысаналы перзенті…»
Камал Смайылов ағамыз Телевизия мен радиокомитетті де екі рет басқарған, осылайша ол мәдениеттің кез келген саласының шығармашылық жұмыстарын үйіріп әкете алатын шеберлігімен танылды. Бұл туралы академик Т.Шарманов: «Ең бір таңдандыратыны – Смайылов қай салаға салсаң да, жаңа кәсіптің иірімдерін тез арада игеріп алып, істі жүргізіп ала жөнеледі. Өйткені, ол туабітті, табиғатынан жан-жақты публицист-жазушы. Кино өнерінің айыл-тартпасын мығымдап ретке келтіріп барып, мемлекеттік телерадиоға төраға болып келісімен-ақ, қолына тізгінді еркін ұстап иіріп әкетті. Ол кезде телевизия саласы даму үстінде болатын. Әрине, бұндай кезеңдерде іске бүкіл болмысымен білек сыбанып кірісіп кететін жаңашылдар керек. Смайылов келісімен қазақ телевизиясы «өгей шешедей болған мәскеулік телевизияның» айтқанын бұлжытпай орындайтын күйінен біртіндеп өзгере бастады».
Камал ағамыз әдебиеттің үлкен ордасының тізгінін де қолына ұстап, бұл жерде де рухани саланың ізгілікті істерінің бастамашысы болып қана қоймай, біраз істердің басын қайырып кеткен. Бұл туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Әрдайым үлкен саясаттың қан базарында жүретін Кәмекең балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен 90-жылдардың басында Қазақстан Журналистер одағының тізгінін қолына ұстады. Берекесі кеткен одақтың басын қосып, біраз игілікті шаруалардың басын қайырды. Әкесі Сейітжан 37-нің тұзағына түсіп, жазықсыз жаза шеккен буынның өкілі болғандықтан да болар, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақталған арыстар есімін ел жадында қалдыру үшін де аянбай еңбек етті. Кәмекең басқарған жылдары «Ақиқаттың» бетінде Едіге, Тәуке, Абылай, Кенесарылардан бастап, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев, С.Сәдуақасов, С.Қожанов т.б. дейінгі ұлт ұлыларын ұлықтаған көлдей-көлдей материалдар жарияланды. Ол мұнымен де шектелмей «Атамұра» корпорациясымен бірге Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков атындағы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын белгілеп, оны жыл сайын республиканың таңдаулы журналистеріне тапсыруды дәстүрге айналдырды».
Ал енді Камал ағамыздың публицистикалық шеберлігінің қыр-сырына үңіліп көрсек. Бұл орайда жазушы, профессор Шерияздан Елеукенов өзі «Қазақ публицистикасының ақбөкені» деп айдар таққан жанға былайша баға береді: «Жұмсақ тілмен сипай қамшылай отырып, қайдағы келеңсіз жайттарды тауып жазып, жағаңды ұстатады. Қазақстан өзіне керекті азық-түлікті өндіре алмай, жетпіс процентін шетелден тасымалдайды дейді. Миллиардтаған пұт астық сатып өткізетін, ондаған миллион қой баққан Қазақстанның азық-түліктен кіріптарлыққа түскені адам нанғысыз нәрсе, төбе құйқаңды шымырлатады. Сенгің келмейді, бірақ Камалдай бедел айтып тұрған соң сенбесіңе амалың жоқ.
Ол, міне, осындай жұртшылық көзінен таса фактілерді, ел дамуына кедергі кесел-кінәраттарды тапқыштығымен, көзге түсіп жүрді.
Камал сөздерінің соншама әсер ететіні, цифрларды ойната білетін. Ол құрғақ ақылды жек көретін, айтқанын жандандырып суреттеуге тырысатын».
«Ізгіліктің насихатталуы ғана идеология» деп мойындаған Камал Смайылов публицистикада «өз жан дүниесінде сезінген жақсылықты өзге жан да сезінсін дейтін пиғылды» алға ұстанады, бұл туралы Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Сен тым ақкөңіл адал едің ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшіліктерді мен ашына жазғанда, сен сол қоғамдағы зәрудей жақсылықтарды тізбелеп, маған басу айтушы едің. Заманның, қоғамның алдағы күндерінде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететінін дәлелдеп, ұдайы да үміт отын жандыратынсың» деп толғанады. Шынында да өмірдің көлеңкелі жақтарын көруден гөрі оның әр сәтінің жасудай жақсылығын ұшқынынан тану әлдеқайда қиынырақ, оны таныр көңіл қырағылығымен қоса бар жан-тәніңмен қуана білу сияқты ерекше қабілет те қажет сияқты. Бұл орайда Камал ағамыз бізге өзінің сара жолын салып кетті.
Академик Төрегелді Шарманов «Камалдың қаламы бүгінгі жас журналистердің шамадан тыс шамшылдығы мен әсіре сәншілдігіне қарсы бәс тіге алады» дей келіп, публицистің бүгінгі ұрпақ үлгі тұтар тұстарын былайша көрсетеді: «Қазіргі кездегі қаржылық мүддені көздеп, біреуді жақтап, екіншісін таптап, жік-жік болып бөлініп алып жазып жатқан журналистерден дара жазатын Камалдың дарабоздығы ойландырады. Ешкімнің сағын сындырып, тауын шақпай, бәтуасыз ақпараттық шайқастардың отына май шашпай, журналистік әдепті аяққа баспай жүретін Камалдың рухани бостандықта болғысы келетіні ойландырады. Ұшқын шашатын ойларының ауқымдылығымен, мақалаларының ішіндегі сөйлемі түгіл, үтірінен күпірлік байқалмайтын тартымдылығымен таңдандырады».
Камал Смайылов ағамыздың көзі тірісінде журналистикаға қатысты айтқан ойларын көңіл көзінен өткізе отырып, бүгінгі межеге салып салмақтар болсаңыз, олардың мәні мен мазмұнының қазіргі таңда да өз өзектілігін жоймағанына көз жеткізесіз. Мәселен, ағамыз журналист қандай болуы керек деген сұрақтың жауабын былайша түйіндейді: «Журналист өмірдің, қоғамның кез келген құбылысы болса соны қалт жібермей ұғатын, оның бағытын анықтай білетін және қаламды нық ұстап жазып, оны халыққа жеткізе алатын маман иесі болуы тиіс.
Журналистер бәрінен де аулақ, жоғары, биік тұруға тиісті. Олар үшін ең басты саясат шындық, әділдік, халықтың қамы болуға керек. Ендігі күш басқарушы, бағыттаушы орындарда емес, журналистердің қолында».
Ал: «Әлемдік интеграция, глобализация кезінде қазақ өзін қалай ұстауы керек?» деген сауалға: «Бұл өмірдің бізге алып келген үлкен ағымы, толқыны. Бұл адамзат дамуының жаңа сатысы, бұған қарсы шығып, мүлдем тоқтату мүмкін емес. Кейде бұл аз ұлттарды, әлсіз мәдениеттерді жойып жіберуі мүмкін. Бірақ, соған қарамастан, ұлтымызды, тілімізді, әдет- ғұрпымызды сақтай отырып, жаңа заман ағымына қосылуымыз керек. Ол үшін бізде соның бәрінің басын қосатындай өндіріс, еңбек, білім, рух болуы тиіс» деген тұжырым айтады.
«ХХІ ғасырдың қазағы қандай болуы тиіс?» деген сұраққа «ХХІ ғасыр қазағы ұлтын сүйетін, әлемдік деңгейде білімі бар, рухы биік тұлға болуға міндетті» деп жауап берген.
Өз әріптестерінің қалам тербестері жайлы: «Біріншіден, біздің қазақ тіліндегі басылымдарда «анау жоқ, мынау жоқ» деп жыланып, күңіреніп, қара аспанды төндіріп жазатын журналистер жоқтың қасы. Тек жылау болса, оны ешкім оқымас та, тыңдамас еді ғой. Жылау үшін де экономиканың жағдайын білдіретіндей тілге тиек деректер келтіру керек. Көбісі осыдан жасқанады, жағдайды білмейді де, білмеген соң талдай, бағалай алмайды. Дерек-дәйектер келтіре отырып, талдап, сараламаған сөзді ешкім тыңдамайды, тыңдаса да «осы рас», – деп иланбайды, «бұл қалай?», – деп ойланбайды» дей келіп, «ал енді сынап, талдап, кемшіліктерді көрсетіп жазатын, айтатындар болса, оларды жаппай айыптауға болмайды. Олар соны табалап жазып отыр ма, әлде жүрегі ауырып, жаны ашып жазып отыр ма? – алдымен осыны ажыратып алу керек» деген тәлім алар пікір айтады.
Камал ағамыз айтып отырған осы мәселенің мәні бүгінгі күнде тіптен өзекті болып отыр, өйткені қазіргі таңда қалам ұстаушы көптеген ағайындар «түймедейді түйедей қылып» көрсетуді, өздеріне ұнамаған адамды қаралауды әдетке айналдырып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, көп жағдайларда «сын түзелмей мін түзелмейді» деген қағиданы ұстанып, жанашырлықпен қалам тартып жүрген әріптестерімізге де қырғи-қабақ танытып жататындардың қатары да көбейгені шындық. Сондықтан да бізге ақ пен қараның арасын ажыратар зеректік пен қырағылық қасиеттер керек болар.
Камал Смайылов қаламының қарымы дегенде, ең алдымен, ағамыздың өткен ғасыр өткелінде жүріп, ел болашағын болжап жазған «ХХІ ғасырға саяхат» кітабы бірден еске түседі.
«ХХІ ғасырға саяхат» еңбегіне академик Ебіней Букетов: «Камал болжауларының ғылыми негізділігін, өрісінің ұлан-ғайыр көлемділігімен оқырманын таңдандырмай, тебірентпей қоймайтынын, жастарға бұдан былай да осындай еңбектерді молынан жазу қажет», – деп пікір білдіріп, жоғары бағасын берген болатын.
Шынында да, адамзат дамуының алдағы кезеңдеріне негізді болжамдар жасау журналистің білім тереңділігін, ізденгіштігін әрі әр дәйекті жан-жақты талдай отырып, нақты тұжырымдар жасай білу қабілетін танытса керек. Ағамыз болашаққа төмендегідей болжам жасайды: «Адам табиғаттың құлы емес, қожасы. Әрине, бір кезде айтқандай, табиғаттың заңымен, жағдайымен санаспайтын, мойын ұсынбайтын ұр да жық, сотқар, тентек қожасы емес, табиғаттың заңын біліп, түсіне отырып, соның ыңғайына қарай өз құдіретін жүргізіп, өз ырқын орындататын ақылды қожа». Бүгінгі таңда бұл қағидамен келіспеске амалымыз жоқ. Қазіргі күні ағамыз өзі айтып кеткендей «ғылым өсімдіктер мен дақылдарға керекті ауаны да, қоректі де, сәулені де «жасанды табиғи» ортада жасап қамтамасыз етіп», жер бетінде тіршілік етіп жатқан тұрғындардың бәріне жетерлік мөлшерде сапалы әрі құнарлы өнім өндіру үрдісін жолға қойды.
Камал Смайылов «жер бетінде өңделетін, егін себілетін қазіргі жердің көлемі дұрыс, оңтайлы пайдалана білсе, 10 миллиард адамды асырай алады», – дей келіп, елімізде бұл бағытта қыруар шаруалар атқару қажеттігін әрі бос жатқан жерлерді кәдеге жарату жайлы ұсыныстарын айтады. Мәселен, суландыруға оңтайлы да пайдалы аймақтар қатарына Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия далаларын жатқыза келіп, «ғалымдардың айтуынша, күннің сәулесі мен жылуының молдығы, топырақтың құнарлылығы, жерінің суаруға, егін егуге қолайлылығы жағынан бұл аймақ басқа суармалы аудандарға қарағанда, әлдеқайда қолайлы әрі биологиялық өнімділігі 50-70 процент артық та, жоғары екен» – десе, сонымен қатар Арал теңізі аймағында суландыруға жарайтын, мол өнім алуға болатын 50 миллион гектар шұрайлы да құнарлы жер бар екенін, қазіргі күнде оның оннан бір бөлігі ғана игерілгенін баса айтады.
Аталған еңбекті оқи отырып, автордың бір қарағанда миға қонымсыз, бірақ мәніне тереңдей үңілсеңіз қисынды ойларын бас шайқай отырып оқисыз, бір сөзінде «Мұнайдан белок, белоктан ет алармыз сонау алыс болашақта. Бірақ көп уақытқа дейін өте қажет ет пен сүтті біз малдан ғана алатын боламыз. Бұлар барған сайын барынша қажет болатын тағамдар.
Биологияның кереметі мен химияның құдіреті бара-бара мұнайдан май, көмірден ет, ағаштан нан жасайтын да болады!» – десе, енді бірде «Қазірдің өзінде әдетте мал өнімдерінен алынатын көптеген тағамдар қолдан жасалады. Мысалы, өсімдік майынан кәдімгі «қаймақ» шығады. Сояның бұршақтарын үгітіп, жұмыртқа ұнтағын алуға болады. Сондай-ақ, сол соядан кәдімгі малдың етінен түрі де, дәмі де еш аумайтын, жасанды ет алынады» деген нанымды мәліметтер айтады. Болашақта адам баласының ағзасына қажет белоктар «теңіздер мен мұхиттар суынан көптеп алына бастайды, қазірдің өзінде теңізден 52 миллион тонна белоктық өнім өндіріледі, осынша белок алу үшін жылына 200 миллион бас ірі қара малды союға тура келер еді», – деген болжамдар жасайды.
Журналист осылайша адамзаттың алдағы өмірі, тіршілік ету бағыты туралы толғана келіп, қисынды тұжырымдар жасайды, осылайша оқырманын таң қалдырып, бас шайқатады.
Ел мүддесіне адалдықпен қызмет етуді ойлаған азамат өз ұлтының өткені жайлы да ет жүрегі елжірей отырып қалам тербеп, тарихтың сабақ алар тұстарын санамалап көрсетіп, халықтың жадынан өшірмеу бағытында да өнімді еңбек етуі керек деген ойды Камал Смайылов ағамыздың «ХХ ғасыр қазаққа не әкелді?» деген мақаласын оқи отырып жадымызға түйгендей болдық.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі ел еңсесін көтерудің қарапайым қағидасын былайша көрсетеді: «Кеудесін соққан пысықтар өмірдің тіршіліктен, тіршіліктің тұрмыстан, тұрмыстың экономикадан, шаруашылықтан басталатынын ұмытады, ұмытады емес білмейді, білмейді емес, түсінбейді. Кеуде ұрып, ұран салғанға шебер. Тәуелсіздік үшін шаруашылық істеу керек». Осы айтылған пікірді оқығанда, осы қағиданы қоғам мүшелері бүгінде ұмытпай, жадымызда ұстасақ ұтар едік ау деген ой келеді.
Публицист ХХ ғасырдың драмалық көрінісі деп даладан, ауылдан қоныс аударған қазаққа қалада жұмыс пен пәтердің берілмеу саясаты деп көрсете келіп, бұл жайлы былайша ой түйеді: «өндіріс ошақтарын сырттан келген адамдар салды да, сонда тұрақтап қалды. Құрылысшы, жұмысшыға айналып, өз астанасының өзінде орын тимей, азшылық болып қалған қазақ, сол қаптаған қалалардың төріне еркін шыға алмай, босағасында отырып қалып жүрді».
Өткен ғасырдың бізге тартқан тағы бір «сыйы» жайлы журналист былайша ой толғайды: «Заманымыздың екі ұлы оқиғасы – космосты игеру мен тыңды көтеру Қазақстан еншісіне тиді, Қазақстан жерінде болды деп мақтандық, масаттандық. Бірақ, Қазақстан жері дедік, «қазақ жері, қазақ елі» дей алмадық».
Ал Семей даласындағы ядролық полигон жайлы публицист былайша тұжырым жасайды: «Екі ғана бомбаның зардабын көрген, осы уақытқа дейін қасіреттен арылмаған жапондықтардан басқа атом алапатының отына, өртіне әбден шарпылған осы әлемдегі жалғыз халық қазақтар ғана… Бүкіл адамзатты қорғау үшін құрбан болып шалынған қазақ халқы. Бұл да ХХ ғасырдың қазақтарға тартқан сыбағасы».
«Осы заманғы техникасы бар қорғаныс зауыттарында қазақ кадрлары болған жоқ. Бұл саясатта да қазақтардың сондай жауапты күрделі салаларда істеуге қабілет, білімдері жете ме деген күдік әрі осындай елдің тағдыры үшін маңызы бар аса құпия істерді тапсыруға деген сенімсіздік байқалған. Кемсітушілік осы салада айқын көрінді. Дүниежүзілік мәні, мән-маңызы бар әлемдік деңгейге шығуда талап қажет ететін жұмыстарда өзінің дарынын көрсететін, дербес әрекет жасай алатын шешуші салаларда қазақтар аз болды. Оның орнына ұлттық кәсіп, психологиясына жақын деп, қазақ жастарын өне бойы шопан болып қой бағуға, сауыншы болып, сиыр саууға шақырумен болған. Талай дарынды жастар сондай жұмыстарға кеткен.
Шамалап есептегенде, 50 – 60-жылдар аралығында Қазақстанның халқы 1939 жылға қарағанда 5 миллион адамға көбейді. 1959 жылы 10 миллионға жетті. Бірақ мұның қазақтар үшін қуанышы болмады. Қазақтар үлесі 58,7%-дан 29,8%-ға дейін кеміді. Сөйтіп, Республикаға атын берген, осы жердің түпкілікті иесі, қазақ ұлты аз халыққа айналып, үштен біріне (2,9 млн.) жетпей қалды. Бұл тек демографиялық ұғым ғана болмады. Саяси мән берілді бұған. «Егер қазақтар бар халықтың үштен бірі ғана болса, онда ол халық осындағы байлық, игіліктердің де үштен біріне ғана ие болуы, қол созуы тиіс. Одан көпке қақысы жоқ» деген ұран шықты. Оның қосқан үлесі үштен бірі болса, сіңірген еңбегіне, атқарған жұмысына қарай әлеуметтік үлес – сыбағасын да сонша алатын болсын. Содан өрбіп «саяси басшы кадрлар, студенттер мен ғалымдар құрамында да қазақтар үштің бірінен аспауға тиіс» деген шарт, талап, міндет қойылды». Ұлт тарихындағы осынау әділетсіздіктерді оқи келе әрі сана талқысынан өткізе отырып, «Тәуелсіздік алмағанда қазақтың тағдыры не болар еді?», «Құдай өзі қолдаған екен!» демеске шараң қалмайды екен.
«Соншама қазына байлықтың иесі қазақ елі соның не екенін, қайда кетіп жатқанын көрген де, білген де жоқ. Тазарған күмісі мен мысы, алтыны мен қалайысы басқа жаққа кетті де, шаңы мен түтіні бізде қалып жатты. Орталық министрліктер қазына қарымына біраз қаржы бөлетін, қайтарымы сол болатын. Бар зардап зиянын жер мен ел көрді ғой. Егер өз қажеті үшін ғана алса, соншама жер қопарылып, астан-кестен болар ма еді? Қазір Қазақстанда алты миллиард тонна қоқыс қалдықтар жатыр. Бұрынғы табиғи қазақ даласының түр мен тұрпатын өзгерткен, көлін шөлге, топырағын құмға айналдырған осы ғасыр».
Камал ағамыз жаны шырқырай қазақтың жоғын жоқтап, шындықтың бетін ашқанымен, зардабы жергілікті халық үшін зіл батпан мәселелердің шешімі бүгінгі күнде табылды ма, әлде «баяғы жартас бір жартас» күйінде қалып отыр ма деген сауал тіл ұшына орала береді.
Өз ұлтының өткені мен бүгіні жайлы ет жүрегі елжірей отырып қалам тербеп, «жұмсақ тілмен сипай қамшылай отырып», «ешкімнің сағын сындырып, тауын шақпай, бәтуасыз ақпараттық шайқастардың отына май шашпай, журналистік әдепті аяққа баспай жүрген, ұшқын шашатын ойларының ауқымдылығымен, мақалаларының ішіндегі сөйлемі түгіл, үтірінен күпірлік байқалмайтын тартымдылығымен таңдандырған» Камал Смайыловтың шығармашылық өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
Орынтай ОШАНОВА.
Алматы.