01 Маусым, 2012

Қайырымдылық қағидасы

704 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қайырымдылық қағидасы

Жұма, 1 маусым 2012 7:45

Қайырымдылық қағидасы немесе қоғам қайраткері,

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов туралы ой-толғам

Қазақ қауымында есімі де, ісі де қалың жұршылықтың назарында жүретін санаулы азаматтар болса, Нұртай Сабильянов со­лар­дың санатында. Қандастарына қа­рым­тасыз қайырымдылықты ұдайы жа­саған қазақ қатарында танымал. «Қашан? Қалай?» деп сұрақ қою­дың өзі артық.

Жұма, 1 маусым 2012 7:45

Қайырымдылық қағидасы немесе қоғам қайраткері,

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов туралы ой-толғам

Қазақ қауымында есімі де, ісі де қалың жұршылықтың назарында жүретін санаулы азаматтар болса, Нұртай Сабильянов со­лар­дың санатында. Қандастарына қа­рым­тасыз қайырымдылықты ұдайы жа­саған қазақ қатарында танымал. «Қашан? Қалай?» деп сұрақ қою­дың өзі артық. Бұқа­ра­лық бас­пасөзде, электрондық ақпа­рат құ­ралдарында қаншама мақала, сұх­бат, хабар жариялан­ғанын санамалап шығудың өзі оңай емес. Өз ба­сым ол туралы 1996 жылдан бе­рі «Намыс найза­ғайы» атты де­рек­ті хикаят, «Өр намысты өз ұлың», «Нұр жаусын саған, Нұр­тай!», «Се­гіз қырлы Сабильянов», «Намыскер», т. б. мақалалар жазып­пын. Мен оның өмірдегі мақ­сат-мұ­ра­тын, тірші­лік­тегі таным-түсі­ні­гін біршама зерттеген сияқтымын.

Қайырымды қазақ. Басқалар­ды білмеймін, менің ұғымымда оның тұлғасын тану – қайырым­дылық қайнарынан басталады, қайырым­ды­лық қағидасына не­гіз­деледі. 1992 жылғы 13 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде «Алғашқы қаржы аударылды» де­ген шағын хабар шығыпты. Бұ­дан 20 жыл бұрын. Онда Жел­тоқ­сан құрбан­да­рына ескерткіш ор­натуға қоғам­дық қор ашылғалы жатқаны, ал соған алғашқы болып «Сарыарқа» акционерлік қоғамының бас есеп­шісі Нұртай Сабильянов өз қалта­сынан 1000 сом салғаны жазыл­ған. Бұл оның қоғамдық ой-пікірге қозғау салатын ең алғашқы қайы­рымдылық көмегі болатын. Бұл кезде Жел­тоқ­сан көтерілісінен бе­рі алты жыл өтсе, Тәуелсіздік алға­ны­мыз­ға әлі бір жыл да толған жоқ еді. Желтоқсандықтар үшін жа­ны шырқырап жасаған бұл се­німді де батыл қадамы кездей­соқ­тық еместігіне уақыт өзі көз жет­кіз­ді. Нұртайдың алғашқы қайы­рым­ды­лық көмегін желтоқ­сандық­тар­ға арнауының өзінде үйлесім­ді сәй­кестік бары бай­қа­лады. Өйт­кені, 1986 жылғы ызғар­лы Жел­тоқ­сан­да Алаңға шығып, ақырып теңдік сұрағандардың бірі – осы Нұртай Сабильянов болатын.

Оның өмірбаяны өзінің мың­даған замандастары сияқты, қа­ра­пайым ауыл тіршілігінен тамыр тартқан. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Шынқожа батыр атындағы ауылда кіндік қаны тамған, мектепте білім алған, түлеп ұшқан ұясы. Мектептен соң туған ауылында ұйымдастырылған комсомол-жас­тар шопандар бригадасында қа­лып, еңбек жолын «қазақтардың маңдайына жазылып қойылған кәсіп» – қой бағудан бастайды. Қой баға жүріп, ой да бағады. Жоғары білім алуға, оқуға талпынысы алғашқыда кедергісіз болмады. Әскерде борышын өтеп келген соң да көп қиындықтарды көре жүріп ақыры мақсатына жетеді. Алматы Халық шаруашы­лығы институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тә­мам­дайды. Еңбектен қол үзбей жүріп-ақ заңгерлік мамандықты да қоса игереді. Осылайша, ол өзінің көздеген мақсатына қалай­да жетуді, сол жолда табанды­лық­пен күресуді өмірдің қайна­ған ортасында шыңдала жүріп меңгерген. Көп балалы отбасында тәлім-тәрбие алғандықтан да болар (әкесі Салих пен шешесі Тұрсынхан 9 перзентті аяғынан тік тұрғызып, азамат қатарына қосқан), Нұртайдың қолында бар­ды қолтығының астына тық­пай, қасындағылармен бөлісуге даяр тұратынының түпкі сыры тереңде. Ол ең алдымен әке, шеше мейірімімен қоса, ағаның ала­қанын, апайларының айналып-толғанғанын көріп өссе, өзі де б­ауырлары мен қарындастарына қа­райласа жүріп ержетті. Көрші­ге көмек, ауылдасқа сәлем, ағай­ынға қайырым жасауды ол қара­пайым қазақ ауылындағы отбасында қалыптасқан дағды-дәс­түр­ден алды. Қанына сіңіріп, миына тоқыды. Ол бала жастан-ақ мына өмірде адамдар бір-біріне көмекке ұмтылып, қиындықта қолұшын беріп, тарыққанда жәр­дем жасап, қайырымдылық пен қамқорлық арқылы селебесіп, бір-біріне сүйеніп ғұмыр кешеді деп ой түйген. Есейген соң сол ойын үнемі жүзеге асырумен болды.

Ауылына жиі барып, ел ішін­дегілердің есен-саулығына құла­ғы түрік жүретін Нұртайды «қа­рапайым шаруа адамдарының тұр­мыс ахуалын қалай жақсар­туға болады?» – дейтін сауал жиі мазалайтын. Сондайда ел аманатын арқалап, биліктің жоғарғы бұтақтарының бірі – Парламентте отырып, жерлестерінің мұң-мұқтажын жеткізіп, шағын ауыл­дар­дағы, шалғай елді-мекендер­дегі қордаланып қалған проблемаларды шешуге көмегімді тигіз­сем деп армандайтын. Арманда­ған жақсы, әрине, ал ол арма­ның­ды жүзеге асырудың жолы күр­делі де бұралаң екен. Ол алдымен Жоғарғы Кеңеске, содан соң Парламент Мәжілісіне депутат­тық­­қа үміткер болып, төрт рет сайлауға түсті. Семей өңірінен – Аягөз, Жарма, Үржар аудандарынан. Он жылға (1994-2004) со­зыл­ған кү­рес ақыры жеңіспен аяқталды.

2003 жылы өзі туып-өскен Шынқожа ауылында Мәдениет үйін қалпына келтірді. Мол қар­жысын жұмсады. Араға үш жыл салып Үржар ауданындағы Елтай ауылында сәнді де салтанатты Мәдениет үйін іске қосты. Бұдан кейін де мұндай қайырымдылық көмегі жалғасып жатты. Әлі есімде, Шынқожа ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуы Нұртай Салихұлының жерлестері үшін зор қуаныш болғанын өз көзі­міз­бен көрдік. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас Алаш», т. б. газеттердің бас редакторлары, ел ішіндегі тілшілері қатысқан жиынның жаңғырығы жалпақ Қазақстанға тарап жатты. Ауылдағы Мәдениет үйінің ша­ғын кітапханасына сонау Алматыдан әкелінген қаншама жаңа, құнды кітаптар – рухани бұлақ­тың көзі ашылғанындай әсер қал­дырған. Мәдениет үйінің ішін заманауи техникалық құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етті.

Нұртай Сабильянов Семей өңіріндегі Аягөз, Үржар, Жарма аудандарындағы жүз шақты мектепке депутат болып сайланбай тұрып-ақ қолұшын беріп, әртүр­лі дәрежеде демеушілік жасаған екен. Ал халық аманатын арқа­лаған жылдарда бұл көмектің аясы тіпті кеңейе түсті. Депутаттық мандатқа үш рет қатарынан ие болған соңғы сегіз жылдың іш­інде ол сол бастапқы жұмыс дағ­дысын өзгерткен жоқ. Халықпен тығыз қарым-қатынаста боламын деп үйіп-төгіп уәде беріп, сайланып алған соң ауылға атбасын бұрмайтын депутаттар да жоқ емес. Нұртай Салихұлының Парламент Мәжілісіндегі жұмыстар­дан қолы қалт етіп босай қал­ған­да ауыл-ауылды аралап кететі­ніне бой үйреткен сайлаушылары оны тіпті қашан келеді деп асыға күтіп отыратын болған.

Нұртай Салихұлы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданынан ең үздік 33 оқушы мен 30 мұғалімді Астана қаласына өз қаражатын жұмсап шақырып, аңыз қаланың ғажап келбетімен таныстырып, Парламент үйінде шалғай түкпірдегі ауылдан келген оқушылар мен мұғалімдерді, әріптестерімен бірге қабылдады, бұл ғанибет қой. Кейін бұл шара да жалғасын тауып жатты. Ол ай санап ажарланып, жыл санап құл­пырып келе жатқан Отаны­мыз­дың жүрегі – Астанаға соғыс, еңбек ардагерлерін, теміржолшы­ларды, «Науалы» балалар үйле­­рін­де тәрбиеленіп жатқан, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларды, Шынқожадағы өзінің ұстаздарын, мұғалімдерді, т.б. арнайы шақырды. Сол оқушылар кейін білім қуып Астанаға келсе, студенттік жылдарын аңыз қала­да өткізсе, Нұртай ағаларының қайырымдылығын айта жүрер-ау. Ал мұғалімдердің жөні тіпті бө­лек. Әр шәкіртке Нұртайдай азамат болыңдар деп үлгі етер-ау. Нұртай Салихұлы бірде газет тіл­шісіне: «Мен оңай жолмен дәулет жинаған адам емеспін. Мемле­кет­тік қызметте істеп, жекеше­лен­ді­­руге қатысқан жоқпын. Сыбайлас жемқорлыққа да, көлең­ке­лі эко­но­микаға да қатысым жоқ. Биз­несте заңды аттап өтпегенімді тағы айтамын. Азды-көпті бар адам болсам, оның бәрі еңбекпен, білім­­мен, өмірге деген дұрыс көз­қа­рас­пен келген. Қазақта да болу керек қой» – деп жауап бергені бар.

Қазақ балабақшалары мен қа­зақ мектептерінің тәуелсіздік ал­ған­нан кейінгі жылдарда көптеп ашылуы көңіл қуантса да, анау министр, мынау әкім, сонау депутат баласын яки немересін қазақ мектебіне апарды дегенді ести алмай, діңкеміз құрыды. Ал Нұр­тай Салихұлының төрт баласы­ның (Әкежан, Нұрлан, Сара, Ая­гүл) үшеуі қазақ мектебінде оқи­ды, төртіншісін де қазақша оқыт­пақшы. Бұл ретте де ол сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат екенін дәлелдеген. Ол Парламент Мәжілісінің кезекті бір отырысында: «Кім де кім мемлекеттік тілге қарсы болса, сол адам мемлекетке, мемлекеттің болашағына қарсы» деп кесіп айтты. Себебі, билік бұтақтарында ана тілін – мемлекеттік тілді менсінбей­тін­дер әлі де сіресіп отыр. Нұртай күйінсе, осыған күйінеді.

Қолы ашық, жүрегі жомарт жандар үшін «Бауыржан» қоғам­дық қайырымдылық қоры ұйым­дастырған «Алтын жүрек» сый­лығы «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Нұртай Салихұлы Сабилья­новқа алғашқылардың қатарында берілгенін де әділетті шешім деп білеміз. Кейіннен өзі де «Алтын жүрек» жеңімпаздарын құттық­тап тұрып: «Жүрек қалауымен көрсе­тілген қайырымдылық – халыққа деген құрмет. Қалталы азамат халқына көмегін көрсетіп жүруі керек. Мұның өзі адалдық» – деген болатын. Ол «Алтын жү­ректі» алатын жылы (2010) 12 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, қайырымдылық іс-шара­ларын ұйымдастырған екен. Мысалы, Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы жалпы білім беретін 14 мектепке, Аягөз ауданындағы үш балабақ­шаға, Үржар ауданын­да­ғы балалар үйіне, Аягөз ауданы­ның Мә­дениет ауылындағы ме­шітке, «Семей таңы» облыстық газетіне, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы» респуб­ликалық қо­­­ғамдық бірлестігіне, сондай-ақ, студенттерге, спорт­шы­ларға, педагогтерге, теміржол­шыларға, жас­­­­тарға және жекелеген адамдарға қаржылай көмек көрсеткен. Он студентке жыл сайын берілетін шәкіртақы тағайындаған.

Абзал азамат, жомарт жанның жүрегін жаралап, аққа күйе жақ­қысы келгендер де болған. Ондай сәттерде Н. Сабильянов өзінің ұс­тамды, табанды, мақсаткер қал­пында қала береді. Ол жеке ба­сының мүддесін ғана ойлайтындардан әрдайым биік. Шын мә­нінде халықтың ортасынан шы­ғып, қарапайым қалпында елдік мұраттарға қызмет етіп келеді.

2011 жылғы 2 наурызда Ұлы­британиядағы Еуропа бизнесі қау­ымдастығының номинаци­я­лық ко­митеті Мәжіліс депутаты Нұр­тай Сабильяновқа Королева Виктория медаль-алқасын тап­сыр­ды. Бұл марапатқа халық қа­лау­лысы әлеуметтік бағдарлама­лар­ды жү­зеге асыру мен ұлттық дәс­түр­лер­ді жаңғыртудағы жо­ғары дең­гей­дегі қайырымдылық шаралары үшін ұсынылған болатын. Қазақ­стан Парламенті депутаттары ара­сында тұңғыш рет мұндай халықаралық деңгейдегі ма­ра­пат­қа ие болу да мәртебе, мерей

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.