Тазалықтың тұғырындағы тұлға
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:28
Түн ішінде төменнен, газет беттейтін үшінші қабаттан хабарласып жатыр. «Мына бір көңіл айтудың мәтінінде фамилия Абуғалиев деп жазылыпты, Әбуғалиев деп жіберген дұрыс шығар?». «Әрине. Айтқандай, қай Әбуғалиев? Аты кім?». «Жүніс Әбуғалиев. Балқаш қаласының…». Арғы жағын тыңдап жатпай, «Ой, ой, ой…» дей беріппін.
Жүніс аға өткен екен өмірден.
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:28
Түн ішінде төменнен, газет беттейтін үшінші қабаттан хабарласып жатыр. «Мына бір көңіл айтудың мәтінінде фамилия Абуғалиев деп жазылыпты, Әбуғалиев деп жіберген дұрыс шығар?». «Әрине. Айтқандай, қай Әбуғалиев? Аты кім?». «Жүніс Әбуғалиев. Балқаш қаласының…». Арғы жағын тыңдап жатпай, «Ой, ой, ой…» дей беріппін.
Жүніс аға өткен екен өмірден.
Осыдан жарты айдай ғана бұрын Алматыға барғанымда үйге кіріп шыққанмын. «Ағаңыз ауруханада» деп еді апай. Соңғы жылдарда жиі-жиі науқастанып жүргенін білгендіктен онша мән бере қоймаппын. От ала жүргендей сол күні Астанаға тартып кеткенмін. Енді, міне…
…1988 жыл. Тамыз айы. Алматының қақ ортасынан, сол кездегі Ленин даңғылының тау жаққа өрлеген бетінен, Орталық Комитет аппаратының қызметкерлеріне арнайы салынған сегіз қабатты сәулетті үйден ойып тұрып дегендей төрт бөлмелі пәтер алып, мәре-сәре болып жатырмыз. Анаммен, үш баламмен кішкентай екі бөлмеде тарылыңқырап жүргендегі қуанышымызға жаңа үйге көшіп келісімен тағы бір қуаныш қосылды. Жоқ, қуаныш дей салған аздық етер. Бақ десе де, бақыт десе де артықтығы жоқ еді. «Көрші хақысы – Тәңір ақысы», «Туыс – атадан, көрші – Алладан» дейтін қазақ жақсы көрші тапқанын мол олжаға батқаны деп біледі. Апамның айтуымен, көршілерімізге сүйіншілеп, шашу шашып кірген сол күннен-ақ біз мол олжаға баттық та қалдық. Көршіміз Балқаш қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен жақында ғана зейнетке шыққан Жүніс Әбуғалиев екен. Орталық комитетке ауысардың алдында газет редакциясында партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болғандықтан ол кісіні сырттай жақсы білетінмін. Мақалаларын талай басқанбыз. Ол тұстағы бірінші хатшылардың арасындағы ең бір абыройлыларының алдыңғы қатарында осы кісі тұрды десем қателесе қоймаспын. Енді қалай, бұл кісінің Балқашта еңбек еткеніне сол кездің өзінде 46 жыл болып қалса, бірінші хатшы қызметінде Балқашты басқарып тұрғанының өзіне 17 жыл толып қалса?
Алғашқы күннен-ақ аға-іні күйінде араласып, ағайын арасындағыдай қарым-қатынас орнады. Ауласы бірдің ауасы бір, реті келгенде кешке жақын ұйқы алдында үйді айнала жарты сағаттай жүріп те қаламыз, кей жексенбіде ағамен терренкур бойлап, сонау Айнабұлаққа дейін серуендеп те қайтамыз. Сондағы әңгімелерінен көп-көп тағылым алдым, талай дүниені үйрендім, көңілге түйдім.
Ғажап адам еді. Өмірі тұнып тұрған өнеге. Жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіпті. Прибалхашстрой кентіндегі мектепті бітірісімен Балқаш мыс зауытына келіп, әуелі жөндеу-механика қызметінде нормировщик, одан кейін ұсталық-қазандық пісіру жұмыстарының шебері болыпты. Балқаш кен-металлургия техникумын бітірген 1949 жылдан Қоңырат кенішінде бұрғылау-қопару жұмыстарының технигі, ауысым инженері қызметтерін атқарған. 1955 жылдан – партия қызметінде. 1962 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін «Прибалхашстрой» тресі партком хатшысының орынбасары, қалалық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен бірнеше жыл бойы қалком хатшысы болған. 1971 жылдан – бірінші хатшы. 1988 жылы зейнетке шыққанға дейін. Бұл жылдарда ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі дүркін депутаттығына, партия съездеріне төрт рет делегаттыққа сайланған, 20 жыл бойы облыстық, 24 жыл бойы қалалық кеңестің депутаты болған, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жүніс ағаның Балқаштағы еңбегі өз алдына бөлек бір эпопея деуге де болады.
«Жунус Абугалиев для Балхаша – человек-легенда», дейді Интернет. Десе дегендей. Аңызға айналғаны емей немене, егер әлемдік ашық энциклопедия Уикипедияның өзі «1965 жылдан 1988 жылға дейін 23 жыл қатарынан Балқаш қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болды» деп жазса. Уикипедияға осылай шыққан соң газет мақаласында енді «Ол кісі бірінші хатшы қызметінде 17 жыл ғана істеген, оған дейін қалкомның салалық хатшысы болған» деп анықтап жазғаныңның растығын кімге барып дәлелдейсің? Дәлелдеп керегі не? Осы алшақтықтың өзінде балқаштықтардың Жүніс Әбуғалиұлын шын мәнінде атын аңызға айналдырғандай ардақтайтыны айшықты ашылып тұрған жоқ па? 85 жасқа толуына орайластырылып өткен жылы екі тілде шығарылған «Өз дәуірінің перзенті. Сын своей эпохи» атты тамаша жинақты оқып қараған кісі бұл адамның өмірде қандайлық ізгі із қалдырғанына күмәнсіз көз жеткізіп, ақ-адал еңбектің қашанда бәсі биік боларына секемсіз сене түседі.
Жүніс ағаның жерлестерімен талай рет дастарқандас бола жүріп, Қадыр ақынның «Бақыт деген халықтың қабағында» дегенін қайта-қайта еске алатынмын. Балқаштықтар ол кісінің мыс комбинатын шын мәнінде ауқымды түрде жаңғыртуды бастап бергенін, соның нәтижесінде, Балқаштың шақпақ мысы әлемдік сапа эталоны ретінде Лондонның түсті металдар биржасында тіркелгенін, Жүніс ағаның қолға алуымен тұрғын үйлерге ауыз су келгенін, қаланың өзі сәулеттік жобалануы мен көркейтілуі жөнінен одақтағы таңдаулылар қатарына қосылғанын, осы істің басы-қасында тұрған бірінші хатшының КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атанғанын тамсана сөз етіп, ағамыздың басшы ретіндегі білігі мен маман ретіндегі білімін жыр етіп айтады. Оңашалау сөйлесе қалсаңыз Жүніс ағаның адамдығын, адалдығын, әділдігін, кісілігін, кішілігін, кіршіксіздігін сыр етіп айтады. Соның бәрін тыңдап отырып, «Шіркін, бұрынғының кісілері-ай, кешегі кеңестік кезеңдегі шын коммунистердің бітімі бөлек еді-ау өзі» дегендей ойларға дейін барып та қалатынсың, кейде.
Жүніс ағаның мұндайлық жемісті жұмысының, жиырма жылдайғы бірінші басшылық қызметтен соңынан сөз ертпей, барша ұлттың баласына бірдей сыйлы болып кетуінің басты бір себебі – Бәтима апайымыз. Біз бәріміз алғашқы күндерден «Апаня» атап кеткен бұл адамның азаматты ардақ тұтуы, айналасындағылардың бәріне тек жақсылық тілеп тұратын, тілеп қана қоймай қолынан келген көмегін көрсетіп тұратын асыл тұлғасы таңдандырмай қоймайды. Кенже ұлымыз – Әнуарымыз дүниеге келгенде қырық күн бойы өзі қолынан шомылдырғанын ойласақ әлі күнге ет жүрегіміз елжірейді. Сол күндерде қонақта отырған жерінен «Мен енді қайтайын, баламды шомылдырушы едім» деп сұранып шығатынын естігенде, біздің үйдегі келінінің көзіне жас алғаны да бар. Бәтима апай текті ортада, Арқа елінің ең бір асыл дәстүрлерімен тәрбиеленген жан. Кішкентай қыз күнінде Сәкенді көргенін, балалар қаладан ақын аға әкелген тәттіні қаужаңдасып жүргенде бөлмеге бас сұғып, «Ә, кәмпит жеп жатырсыңдар ма?» деп шыққанын айтып отыратын. Сол Апанямыздың қазір қайғы жұтып, аһ ұрып отырғанын ойласақ жан-жүрегіміз қан жылайды. Алыс-жақындағы балаларымыздың бәрі осы хабарды естіп, қамығып қалды, Апаня! Берік болыңыз.
Жүніс Әбуғалиевтің ел үшін еткен ерен еңбегін ойлағанда ол кісінің есімін соншама ардақ тұтқан, жұмыстан кеткеннен кейінгі ширек ғасыр бойында қалтқысыз құрметінен таймаған балқаштықтардың елдік қасиетіне де разылығымызды осы тұста айтып қалуды парыз санаймыз. Бүгін де бізбен бірге талай балқаштықтардың бейіт басынан табыларына, ардақты азаматтың артын қайырлы етеріне сенеміз.
Жүніс ағаның өнегелі өмірі – үйренетін үздік үлгі, елді ел ететін де, ерді ер ететін де еңбек екенінің, адалдықтың аты озарының тағы бір тамаша дәлелі.
Қош, асыл аға!
Қош, тазалықтың тұғырындағы аяулы тұлға!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.