29 Қыркүйек, 2012

Аға тағылымы

423 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аға тағылымы

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:25

Біздің дана халқымызда ежелден келе жатқан «жаңбар жауса жер ырысы, жақсы туса ел тынысы» деген тамаша бір мақал бар. Осындай аталы сөздер бүкіл саналы ғұмырын елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған, әлеуетін көтеруге күш-жігерін аямаған, жаса­ған істері мен айтқандары өнеге, өмір­лік іздері сайын далада, қоңыр жоталарда сайрап жатқан халықтың ұлына, ел баласына айтылатыны анық. Біздер кеше ғана ортамыздан озған, халқымыздың асыл перзенті Мақтай Сағдиевті осы тұрғыдан білеміз.

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:25

Біздің дана халқымызда ежелден келе жатқан «жаңбар жауса жер ырысы, жақсы туса ел тынысы» деген тамаша бір мақал бар. Осындай аталы сөздер бүкіл саналы ғұмырын елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған, әлеуетін көтеруге күш-жігерін аямаған, жаса­ған істері мен айтқандары өнеге, өмір­лік іздері сайын далада, қоңыр жоталарда сайрап жатқан халықтың ұлына, ел баласына айтылатыны анық. Біздер кеше ғана ортамыздан озған, халқымыздың асыл перзенті Мақтай Сағдиевті осы тұрғыдан білеміз.

Тағдыр Мақтай ағамен қызметтес болуға, жанында жақын жүруге жазбаса да, осы бір абзал жанмен бірнеше дүркін кездесіп, айтқандарын тыңда­ған­ның өзінен-ақ оның парасат пен ізгілікке толы аяулы бейнесін жады­мыз­да мәңгілікке қалдырдық. Сол сияқ­ты ағаның да, менің де бір инс­титуттың, бір факультеттің түлегі бо­луымыз әуел бастан-ақ бұл кісімен арамыздағы рухани жақындықты ту­ғызды.
Мақтай Рамазанұлының туып-өскен жері еліміздің қасиетті бір пұш­пағы Қызылжар өңірі болса да, Семей жері, қасиетті де киелі Семей қаласы ол кісінің терең мағыналы өмірінде ерекше орын алатынын біреу білсе, біреу білмес. Елбасының өзі «Семей еліміздің – рухани орта­лы­ғы», деп айтқан Семей жерін отан­дастарымыз шынында да ежелден ғы­лым мен білімнің, үлкен мәдениеттің ұя тепкен мекені ретінде айтады. Оған негіз де жоқ емес. Бұл өңірдің бүкіл қазаққа және адамзатқа ортақ ұлыларды бергенін айтпағанның өзін­де, оның елімізге қажетті маман­дар­ды дайындайтын ірі білім ошағының болғаны жұрттың есінде және ол бүгінде солай.
Қазақстанның шығысындағы жо­ға­ры оқу орындары шоғыры ішінен Семей мемлекеттік педагогикалық институтын ерекше айтуға болады. Осы жоғары оқу орны ашылған 1934 жылдан бергі кезеңнің ішінде білім саласына үздіксіз білікті педагог мамандар дайындап келе жатқан, аса бай тарихы мен дәстүрі бар еліміздегі ежелгі жоғары оқу орны болып табылады. Өзі құрылғаннан бергі 80 жылға жуық жылдардың ішінде 55 мыңға жуық маман дайындаған инс­титуттың қабырғасынан ерен еңбек­терімен халықтың ықыласына бөлен­ген, үлкен жетістіктерге жеткен, бүгіндері біздер мақтан тұтатын небір түлектер шыққан.
Біздер ұстаздардың ұстазы болған, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шәй­жүнісовтің, физика-математика ғы­лым­дарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының кор­­респондент-мүшесі Төлеубай Аманов­­тың, Қазақ КСР оқу-ағарту ми­нистрі, Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңе­сінің үш шақырылымының депутаты болған Қожахмет Балахметовтің, белгілі алаштанушы Қайым Мұхамед­хановтың, Кеңес Одағы­ның Батыры Махмет Қайыр­баевтың, бүгіндері жасампаз еңбектің бел ор­тасында жүр­ген философия ғылым­дарының док­торы, профессор, Қазақ­стан Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, Пар­­ламент Се­натының депутаты Ғарифолла Есімнің, белгілі қоғам қайраткері, композитор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Төлеген Мұха­мед­жановтың, мемлекеттік деңгей­де­гі іс басында жүрген азаматтар Сайлаухан Райымбековтің, белгілі ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы Әмірхан Рахымжановтың есімдерін мақтанышпен атаймыз. Міне осы тү­лектердің алдыңғы қатарында Мақ­тай Сағдиев тұр.
Мақтай Рамазанұлымен алғаш рет Астанадағы жиындардың бірінде та­ныстым. Бұл 2008 жылдың күзі бо­латын. Менің Семейден, оның ішінде Семей мемлекеттік педагогикалық институтынан келгенімді білгенде, Мақтай аға елең етіп: «Өзімнің бауы­рым, жерлесім екенсің ғой. Семей мен үшін ерекше ыстық, жастық шағымның қызықты кезеңі өткен жер, реті келсе, әңгімелесейік», дегені. Сол жолы ағамен кең отырып әңгімелесудің сәті түспеді. Бірақ мен сол кездесуде: «Аға қолыңыз тигенде біздің Семей өңіріне де атыңыздың басын бұрыңыз, Семей жұртшылығы, оның ішінде біздің ұжым сізді жақсы біледі, үлкен ризашылықпен қарсы аламыз», деп айтып қалдым. «Аман болсақ, көрерміз, қарағым», деп ағаның жымиғаны есімде.
Одан кейін қиындығы мен қызы­ғы қатар жүретін институттағы қар­балас күндер өтіп жатты. Ұмытпасам, келесі 2009 жылдың мамырының ортасы болатын, түс ауа бере маған телефон шалынды. Телефонның арғы жағындағы қыз бала менімен Мақтай Рамазанұлының сөйлескісі келетінін айтты. Менің бойымды бір жылы сезім шарпып өтті. Мақтай ағаның өзінің телефон шалуы біз үшін үлкен құрмет еді. Телефонның арғы жағы­нан Мақтай ағаның байыпты, нық қоңыр дауысын естідім. Аға өзінің денсаулығына байланысты сырт жерлерге көп жүре алмайтынына өкініш білдіріп, бірақ туған институтына, Семей жеріне бір келудің өзі үшін аса қажеттігін айтты. Ағаны өзіне қолай­лы кез келген күні қарсы алуға дайын екенімізді білдірдім. Мен Мақтай ағаны семейліктермен қауышуға асық­қанын сезіндім.
Кездесудің сәті сол 2009 жылдың маусым айының ортасына келді. Мақтай Рамазанұлы келе жатыр деп алдын-ала құлақтанған жұртшылық сол күні институттың үлкен акт за­лына сыймай кетті. Тіпті кездесу­шілердің ішінде ол кісіні көреміз деп келген қала жұртшылығының өкіл­дері де аз болған жоқ. Кездесу өте әсерлі өтті. Мақтай ағаның шар­шаң­қы, бірақ бірқалыпты қоңыр дауыс­пен айтылған сөздері, сыры кетсе де, сыны кетпеген дегендей еңселі ерге тән тұлғасы кімді болса да баурап алғандай еді. Кездесуден, әсіресе, жастар ерекше әсер алды. Тыңдаған адам ағаның бай өмір жолынан мол хабардар болды. Оның қиындығы мен қуанышы қатар жүрген ұзақ өмірінде адамға қажетті өнегенің мол болғандығын көресің. Бір жарым сағатқа созылған осы кездесу қас-қағым уақытта өте шықты.
Мақтай Рамазанұлын тыңдай оты­ра, белгілі бір жетістіктерге жету, биіктерді алу, елге елеулі болу адамның өз қолында екенін сезінесің. Ол кісінің ата-тегінің дүйім қазаққа белгілі атақты Зілғараға (Жылғара) тірелетінін айтпағанның өзінде, Мақтай аға тұлға ретінде өзін өзі қалыптас­тыр­ғандар сапының алдында тұрған­дар­дан еді. Маған белгілі орыс жазу­шысы айналымға енгізген «нағыз адам» деген ұғым Мақтай аға сияқты біртуар тұлғаларға айтылатындай кө­рінеді де тұрады.
Кездесуге келгендер Мақтай аға­ның алғаш, сонау 1947 жылы Семейге келуінің мүлде кездейсоқтықтан бол­ғанын естігенде таңғалғандарын жа­сыра алмады. 1947 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтына тү­су­ге аттанған қызылжарлық төрт ауыл баласы өздерінің болашақ тағ­дырларының күрт өзгеретінінен қа­пер­сіз еді. Ол кездерде жұрт Қызыл­жардан Алматыға пойызбен Құлынды даласын және Алтай өлкесін басып, Семей арқылы жететін. Соғыстан кейінгі сол бір қауіп-қатері мол болған жылы, бүгінде Ауыл деп аталатын стансаның маңына келгенде, қатыгез жандар қаршадай төрт баланың бар­лы-жоғын тонап алып, пойыздан тү­сіріп кетеді. Қаражатсыз қалған төрт бала шпалды бойлап, таң ата Семейге жетеді. Бұлар, бізге Алматыға жетіп алуға бір көмек болса, Семейдің пединститутынан болып қалар деген үмітпен сонда келеді. Мұнда оларды қазақтың тамаша бір азаматы, түбі шымкенттік, сол кездегі ректор Ра­қым Барлыбаев қабылдайды. Осы жерде ректор оларды мына қиын уақытта Алматыға бармай-ақ Семей педагогикалық институтына оқуға түсуге көндіреді. Мақтай аға осы институттың тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1950 жылы үз­дік бітіріп шығады. Сөйтіп, тағ­дыр­дың жазуымен еліміздің аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің Семейден бастау алатын үлкен өмір жолы басталады.
2009 жылдың күзінде институт­тың құрылғанына 75 жыл толуы жан-жақты атап өтілді. Осы бір тамаша мерейтойлық мерекеге оқу орнын әр кезеңдерде бітірген көзі тірі түлек­тердің барлығы шақырылды. Инсти­тут­тың мерейтойының құрметті қо­нағы болуға Мақтай аға да шақы­рылды. Оған арналған шақыруды жолым түсіп Астанаға барғанда өзім апарып бердім. Мені жылы қабақпен қарсы алған Мақтай аға, жұмысының көптігіне қарамай, уақыт тауып ел туралы, бүгінгі Семей туралы сұрап жатты. Ол кісінің тағы да ерекше сұрағаны бір кездерде өзін үлкен өмірге түлетіп ұшырған алтын ұясы – Семей пединституты болды. Өкініш­ке қарай, ол кісі сол жолы бізге ден­саулығына байланысты келе алмады. Оның есесіне Мақтай ағаның үлкен сезімге толы, жүрекжарды құттық­тауын алдық.
Тұла бойынан үлкен парасат пен ізгілік төгілген, өмірде аяғын нық басып, әділеттің ақ жолымен жүрген аяулы ағаның тағылымға толы өмір жолы бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі болып, Отанымызға қажет нағыз азаматтарды қалыптастыруға оң ықпалын тигізе бермек.
Мейір ЕСКЕНДІРОВ, 
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, 
профессор.
Өскемен.